25 Тамыз, 2015

«Мектепке жол» акциясы: Бесағаштағы жаңа білім ордасы

483 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
AH1Z9750 Алматы облысының Талғар ауданындағы Бесағаш ауылында 600 орындық жаңа мектеп биылғы оқу жылында шәкірттерге есігін айқара ашты. Бұл білім ұясының ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп, алды халық игілігіне ұсынылып жатқан мектептердің ел келешегіне қосар үлесі орасан екендігін жеткізген облыс әкімі Амандық Баталов аудан халқына жаңа білім ғимаратының игілігін татып, тәрбиелі ұрпақтың қызықшылығын көрулерін, білім беру ісінде еңбек етуші ұстаздар қауымына атқарар қызметтері жемісті болуын тіледі. – Алматы облысы демо­гра­фия­лық өсім жөнінен қарқынды нәтиже көрсетіп келе жатқан аймақ. Өйткені, мұнда өзге өңір­лерден көшіп келушілер саны өте көп. Биыл осы өңірдің өзінде 18 жаңа мектеп ашылып, облыс аумағындағы халқы ең тығыз орналасқан елді мекендердегі жастарымыздың білім алуына көптеген жеңілдіктер жаса­лынбақ. Осындай жаңа мектептер ашу арқылы біз үш ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы білім ордаларының мәселесін түбегейлі шешетін боламыз, – деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. AH1Z9932 Бесағаштықтардың қуаны­шын бөлі­суге келген Парламент Мә­жі­лісі­нің депутаты Әлихан Той­баев, Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова жаңа мектептен түлеп ұшатын жас буын өкілдері оқуда озат болатындарына сенім білдірісті. Бесағаш ауылындағы №45 мек­теп гимназиясының құрылыс жұмысы 2014 жылы басталып, республикалық және жергілікті бюджеттен 1 миллиард 187 миллион теңге қаржылай қолдауға ие болған еді. «Альтаир» ЖШС бас мердігер болып, діттеген уа­қы­тында тапсырылған құры­лыстың жалпы көлемі 3060 шаршы метр. Жаңа мектепте 45 оқу ка­би­неті, 3 шеберхана, 1 мульти­медиялық кабинет, жаңа үлгідегі химия, физика, биология және информатика кабинеттері, 575 шаршы метрлік спорт залы, 200 орындық асхана және меди­циналық бөлмесі бар. Бұдан өзге, кітап қорында 3000 әдеби және 6000 оқулықпен қамтылған кітапхана мен оқу залы, оқушы қыздар үшін тігін, ал ұлдар үшін ағаш пен металл өңдейтін цехтар бар. Еңбек сабағын өткізу үшін барлық құрал-сайман мен керекті жабдықтар толық жетерлік. Әзірге 60 мұғалім қыз­мет ат­­қарғалы отырған жаңа мектеп­тің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары ерекше көңіл-күймен қатысып, ақсақалдар жастарға бата беріп, жаңа білім жолында үлгілі болуларына тілек қосты. Қалықтаған шаттықтың қана­тында ән, Қуаныштың жырынан дала тұнған. Мектебіміз жарандар құтты болсын, Бесағаштың төрінен жаңа ашылған! – деп Арман Әділғазы есімді шә­кірт жыр арнап, өнерпаз оқу­шы­лар ән-биден шашу шашты. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы. Суреттерді түсірген  Жұмабай МҰСАБЕКОВ.
Соңғы жаңалықтар