25 Тамыз, 2015

Әлемдік нарыққа жаңа қадам

332 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
  ЦСК Өткен сенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде Еуразиялық интеграция институты экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Владимир Тельнов пен «Саясаттанушылары конгресі» ҚБ басқармасы төрағасының орынбасары Арман Ешмұратов баспасөз мәслихатын өткізді. Олар теңгенің еркін бағамға көшуі ұлттық валютаның жұмысқа қабілеттілігін арттыратынын және әлемдік нарыққа жасаған жаңа қадам болып табылатынын айтты. Бірінші болып сөз алған В.Тель­новтың пікіріне жүгінсек, мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмен түспейді. Ол жөнінде кейінірек тоқталармыз. Ол әуелі мұнай бағасының төмендейтіндігі туралы әңгіме соңғы екі жыл бойы айтылып келіп, құнының нақты арзандауы өткен жылдың жаз айында басталғанын тәптіштеді. «Ол уақытта біз фьючерстік баға жайында айтқан болатынбыз. Яғни, мұнай жеткізу ертеректе жасалған келісімшарттар негізінде жүзеге асырылып келген еді. Сол кезеңде еліміздің экономикасы мұны сезіне қойған жоқ. Ал қазір, 2015 жылы өткен жылдың екінші жартысында жасалған фьючерстерді орындайтын уақыт жетіп отыр. Нәтижесінде, осы төмендеудің салдарынан экспорт қысқарды. Мұны одан әрі таратар болсақ, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында экс­порт көлемі 42,3 млрд. долларды құраса, биылдың дәл сол кезеңінде еліміз  тек 24,4 млрд. дол­лардың ғана «қара алтынын» сыртқы саудаға шығарды. Әрине, мұндай жағдай бюджетке, компаниялардың табысына ауыр соққы болды. Сөйтіп, олардың оңтайландыру мүмкіншіліктерін барынша қысқартуға мәжбүрледі», деді интеграция институтының өкілі. Спикер АҚШ доллары жөнін­де айтылып жүрген кейбір жаң­­сақ пікірлерге де өз ойын білдіріп өтті. «Доллар  ештеңемен қамтамасыз етілмеген қағаз дейді ол валютаның маңызын ұқпайтын кейбіреулер. Бұл пікір онша дұрыс емес. Әрине, қазіргі уақытта ол «алтын стандартынан» алшақтады. Бірақ, доллар құны мұнай құнымен тығыз байланыста тұр. Сол себептен мұнай арзандаған сайын доллардың құны арта бермек. Бүгінгі қолданыстағы әлемдік қаржылық жүйе де долларды нығайта түсуге қызмет етіп жатыр.  Осының салдарынан әлемдік қаржы жүйесінің барлық күші мұнайды төмен бағада ұстап тұ­руға бағытталуда. Міне, осы жағ­дайға қарап, долларға қатысты барлық ұлттық валюталардың әлсіреуін түсіндіруге болады», деді В.Тельнов. Мұнай бағасының қымбаттауы мен арзандауы 30 жылда қайта­ланып тұратын көрінеді. Ал қымбаттаудың шырқау шегі 2014 жылдың маусым айына тура келіпті. Ал ендігіде төмендеу үрдісі жалғаса беруі ықтимал. Сондықтан сарапшылар мұнайдың төмен бағасы таяу 5-15 жыл бойы сақталады деген болжам жасап жатқанын жеткізді. «Бірқатар сарапшылар мұнай дәуірі аяқталып келеді деп санайды. Анығы, мұнай­дың 80 пайызы жанармай ретінде пайдаланылады. Қазіргі уақытта жаңаратын энергия көздері қатты дамып барады. Астананың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі дәл осы энергия көздерінің дамуына ықпал ететіні тағы мәлім. Сала мамандары 5 жылдан кейін әлемде қозғалтқыштардың 10 пайызы осы энергия көзімен жұмыс істейтін болады дейді. Мұнымен бірге, ОПЕК мұнайдың баррелін 30 доллардан да сата алатынын айтып отыр. Иранның санкциялар бұғауынан босауы тағы бар. Осы себептер мұнай нарығындағы хал-ахуалды қиындатып, металдың құнсыздануына әкеліп соғуда. Өйткені, оның өндірісінің басты қозғаушы күші жанармай ғой», деді маман. Осы келеңсіз жағдайлар жө­нінде әңгімелеген сарапшы, мұнай бағасының тұрақтануынан да үміт жоқ емес екенін айтты.  Оның сөзіне қарағанда, соңғы уақытта АҚШ  тақта тас мұнайын өндіруді еселетіп жіберген болатын. Ал оның өндіру кезіндегі өзіндік құны 60 долларды құрайды екен. Демек, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қолданыстағы шекті деңгейден төмендеп кетер болса, онда АҚШ-қа тақта тас мұнайын өндіру және оған демеуқаржы бөлу тиімсіз болады. «Қара алтынның бағасы үздіксіз құлдырай беруі мүмкін емес. Нақты мысал, бір баррелдің бағасы 60 доллардан төмендей бастағанда көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Себебі, ешкім де пайдасыз, шығынға жұмыс істегісі келмейді. Бір кездері мұнай бағасы 30, тіпті 20 доллардан төмен болды дейтіндер бар. Бірақ, 10-20 жыл бұрын доллардың құны қазіргідей қымбат болмады. Сондықтан, мұнай бағасы 40 доллардан түспеуі тиіс деп ойлаймыз. Мұнан әрі төмендету мүмкін емес. Осы орайда ойыма бір экономистің мәнді сөзі түсіп тұр. Ол тас дәуірі тастың таусылуымен емес, жаңа өндірістік жүйенің келуімен аяқталды, деген еді», деп сөзін қорытты В.Тельнов. Теңгені еркін айналымға жіберуде Үкімет бірқатар амал-шаралар қарастырғанын тілге тиек еткен «Саясаттанушылар конгресі» ҚБ басқарма төрағасының орынбасары А.Ешмұратов жаңа жағдайға тезірек бейімделген абзал екенін айтты. Сөйте тұрып, қаржы нарығындағы айырбас бағамын еркін ұстау – әлемдік нарыққа жаңа қадам болып табылатынын да жеткізді. «Еліміздегі теңгенің айырбас бағамы еркін дәліз нарығына жіберілуін әлемдік нарыққа жаңа қадам басқанымыздың белгісі ретінде қабылдағанымыз жөн. Ол енді ел экономикасы мен отандық кәсіпкерлерге түрлі жағдайда өз әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені, әлемдік нарықта бәсеке күшті. Ал бәсеке бізді шыңдай түседі», деді. Сондай-ақ, мұндай жағдайда мем­лекет мүмкіндігінше отан­дық кәсіпорындарға қол ұшын созатындығын атап өтті. «Елба­сының жетекшілік етуімен өт­кен кеңейтілген отырыста Пре­зидентіміз қандай жағдай болса да әркез табандылықпен төтеп беру керектігін ескертті. Әрине, орайын келтіріп, мемлекет отан­дас­тарымызға көмек қолын созатындығы сөзсіз. Әсіресе, тұр­ғын үй мәселесіне қатысты банк салымшыларының мәселесі үкіметтік деңгейде шешілуі керектігін айрықша тапсырғаны мәлім», деген А.Ешмұратов өтпелі кезеңге халықты төзіммен төтеп беруге шақырды. Бұған қоса отандастарымызды ақша операцияларын үнемі ұлттық валюта – теңгемен жүргізуге шақырды. Себебі Еуроодақ еуромен, Ресей тұрғындары рубльмен жүргізеді екен. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».