Елімізде тұңғыш рет «Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» атты бірлестік құрылды. Қоғамдық негізде қызмет атқаратын бірлестікті Нұрлан Ерімбетов басқарады. Бүгінде аталған ұйымның филиалдары жер-жерлерде құрылып, жұмысын бастады. Кеше осындай өкілдіктің Қызылорда облысында құрылғаны да мәлім болды. Аймақтық филиалдың төрайымдығына Мария Жомартқызы бекітілген.
Комиссияның міндеті қандай? Жұмыс жоспары қалай түзілмек? Нақты қандай істер атқарады? Осы және басқа да сұрақтарға Мария Жомартқызы мен оның орынбасары Бауыржан Мастеков журналистер алдында жауап берді.
Қоғамдық бірлестік өкілдері сайлау барысының заңға сәйкес, барлық талаптардың сақталып өтуін қадағалайды. Сонымен қатар, үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілу тәртібі мен ережелерінің сақталуына да мән береді. Бүгінде облыс бойынша 345 сайлау учаскесі тіркелген. Қоғамдық комиссия өкілдері өңірдегі әрбір учаскеде жұмыс істейді. Ол үшін ерікті-байқаушылардан құралған 345 адам жұмысқа тартылған. Байқаушылардың барлығы нақты оқудан өтіп, белгіленген семинар-тренингтерге қатысып, білім-білігі жетілдіріліп барып қана жұмысқа жіберіледі.
Байқаушылар сайлау комиссияларының отырыстарына қатысып, сайлаушылар саны туралы нақты ақпарат алып, дауыс беру кезінде учаске басында жұмыс істеп, дауыстардың әділ саналауына атсалысып, жан-жақты жұмыс істейтін болады.
Байқаушылардың жұмысы нәтижелі болуы үшін арнайы рейд ұйымдастырылады. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстары туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып отырады.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл бір сайлаудың шеңберіндегі науқандық жұмыс емес. Қоғамдық комиссия алдағы уақытта тұрақты жұмыс істеуге ниетті. Мысалы, келер жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде де өз міндеттерін атқармақ. Сондай-ақ, ТМД шеңберіндегі сайлауларға да байқаушыларын жіберіп, тәжірибе алмасуды көздеп отыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.