Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты.
Баспасөз мәслихатында әңгіме өзегі теңге бағамының төмендеуі төңірегінде өрбіді. Әрине, қазіргі жағдай кім-кімге де оңай тиіп отырған жоқ. Доллар бағасының құбылмалы жағдайы қарапайым халықты былай қойғанда, кәсіпкер қауымды біраз күпті көңілге салғаны шындық. Себебі, Үкіметпен қатар жеке кәсіпкерлердің алдында да дәл осындай қиындау шақта зор жауапкершілік жүгі тұрғаны анық. Өйткені, теңге бағамын төмендетудегі түрткі болған бір себеп осы кәсіпкерлерге таянған тығырықтан шығудың жолы болатын. Әрине, уақыт талабынан туған мәжбүрлі шешім осы. Иә, Абылай Мырзахметов теңге бағамының төмендеуі отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, қосымша түсім алуға, ең бастысы, жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік беретіні туралы бұған дейін де айтқан болатын. ҰКП басқарма төрағасы бұл теңге құнын төмендету қажеттігінің ұзақ талдаудан өтіп, талқыға түскенін айтқан. «Экспортшылар қолдады, ал шағын және орта бизнесте кейбір салалардың кей дүниелерден айырылып қалуы мүмкін деген қауіп болды. Себебі, біреуде валюталық кредит бар, валюталық түсімі жоқ дегендей. Бұл жағдайды да талдаудан өткіздік, жүгінуіне болатын жедел штаб құрдық. Апта сайын дерлік Үкімет басшылығымен, барлық министрлермен байланыста болдық, бұл ақпаратты жеткізіп, бірге талқыладық. Осы жартыжылдықта жағдай нашарлай бастады. ШОБ бағам түзетілу қажеттігіне тап болды. Сондықтан, теңге бағамына қатысты шешімді бизнес өкілдері қолдайтынын жеткізді, деді ол.
Брифинг барысында Абылай Мырзахметов теңге бағамының өзгерісі сәтінде кәсіпкерлерге қатысты қандай шаралар қабылданатынын әңгімеледі. Сондай-ақ, тауар бағасын тұрақты ұстап тұруға қатысты мысалдар айтылды. Сонымен қатар, А.Мырзахметов халыққа қажетті әлеуметтік тауарлар құнын нарықтық жолмен қадағалау қажеттігін атап өтті. Ресеймен ортақ нарықта болғаннан кейін, әсіресе, тамақ өнеркәсібі салаларындағы бәсекелестік шаралары бірдей болуы тиіс. Мәселен, теңге бағамы еркін айналымға жіберілгенге дейін ресейлік тауардың қазақстандық тауардан орташа құны 30 пайызға қымбат болған. Бірақ қазіргі уақытта біздің тауарлардың бағасын олармен бірден теңестіруге болмайды.
«Оны бірден 100 пайыз ресейлік тауар құнымен бірдей қылайық деген саясат жоқ. Ол меніңше, дұрыс емес. Одан кейін Елбасымыз ешкімге де отандық тауар құнын көтермеу керек деген мақсат жүктеген жоқ. Мемлекет басшысының жалпы айтқаны, отандық кәсіпкерлердің тұтынушылардың, қоғамның алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі. Яғни, бағаны күрт өсірмеу. Егер тауарыңыз импорт болса, онда көтеруге болады. Бірақ импорт әкелетін сауда ұйымдарының, не болмаса компанияның өз қоймасында бір айлық ескі бағамен әкелген тауары болады. Сондықтан бірден тауар бағасын көтеру бизнестің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіне жатпайды», деді ол.
Әрине, мемлекет өз тарапынан негізгі халыққа қажетті әлеуметтік тауарларға қадағалау жасайды. Бірақ оның да нарықтық және әкімшілік жолы бар. «Біздіңше, нарықтың жолын таңдаған жөн. Біз жыл сайын осындай жағдай болғанда әкімшілік жолды іске қосамыз. Әкімдіктер базарларды, дүкендерді аралап, бағаны көтерме деп айтады. Меніңше, бұл нарықтық саясатқа жатпайды», деді басқарма төрағасы. Сондықтан халыққа қажетті әлеуметтік тауарлар құнын нарықтық жолмен қадағалау қажет.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».