06 Наурыз, 2015

Барымызды түгендеп, жоғымызды тапқызған

348 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
?????.p65«Мәдени мұра» бағдарламасы руханият қазынасына не қосты? Тәуелсіздік жылдарының бедерінде біткен үлкен істің бірі – «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алу болғаны ақиқат. Осы он жылдың аясында не атқарылды? Үш бағытта тынымсыз жұмыс істеген, әлемнің әр шалғайындағы мұрағаттардан ата-бабаларымыздың ізін шарлаған ғалымдар тарихымызға қандай тың мұраларды қосты, әдебиетіміз бен мәдениетімізді байыта алды ма? Ауқымды бағдарлама алғаш қолға алынған кезде бітпестей болып көрінген қыруар межелер не болды? Араға жылдар салғанда, түркі әлеміндегі ағайындар аталмыш бағдарламаға неге қызығушылық таныта бастады? Тізе берсең, сұрақ көп... Тәубе, талай іс атқарылған екен! Он жыл көп сияқты көрінбесе де, басында осы істі бір кісідей жұмылып қолға алған ұлт жанашырларының бірқатары қазір арамызда жоқ екендігін ойласаң, он жыл аз еместігін түйсінесің. Дәтке қуат дейтініміз, зулап өтіп жатқан өмірде бір­лі­­­гімізді бүтіндеп, тарихымызды түгендеуге атсалысқан абзал ағалардың тындырып кеткен тірліктері көз алдымызда. Қарап отырсақ, өзіміз де «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің тұңғыш жиындарына қатысқан кезде, аса ауқымды, көп қаражатты, тіпті, ұлт зиялыларының жанкешті жұмысын талап ететін осынау бастаманың қиындығы қиямет-қайым сияқты көрінгені де есте. Онан кейін де Қоғамдық кеңес араға уақыт салып, елге де, Елбасына да не атқарылып жатқандығынан есеп беріп тұрды. Жұмыстар жүріп жатқаны белгілі еді. Енді, міне, сол істердің бас-аяғын бір түгендеп алудың да реті келген екен. Өткен апта соңында Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының 10 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Бұл ауқымды шараға қара шаңырақ кітапханадан бас­тап, Халықаралық Түркі академиясы, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы мен «Мирас» қоғамдық қоры ұйытқы болды. SAM_9244 Алдымен халықаралық конференция аясында «Мәдени мұра» бағдарламасының қол жеткен жетістіктері: тарихи-мәдени нысандар макеттерінің, сирек құжаттар мен жәдігерлер көшірмелерінің көрмелері және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан кітаптар мен кітап дестелерінің көрмесі ұйымдастырылғанын айта кетелік. Сонымен, мемлекеттік бағдарламаның орындаушылары, секция жетекшілері, еліміздің ғылыми-зерттеу институттары, музейлері мен архивтерінің өкілдері, сондай-ақ танымал ғалымдар, жазушы-қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, түркі әлемі мен ТМД елдерінен жетекші ға­лымдар қатысқан конференцияда Халық­аралық Түркі академиясының пре­зиденті Дархан Қыдырәлі Елбасымыз­­­­­дың ұйытқы болуымен басталған «Мәдени мұра» бағдарламасы тек қазақ жұрт­­шылығы ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін аса маңызды бағдарлама болғанын айтты. – Мағжан ақын айтқандай, көп түрік енші алып тарасқанда, қара шаңыраққа ие болып қалған Қазақ елі түбі бір жұрттың мәдени, рухани мұрасына да шырақшы болып отыр. Сондықтан, аса ауқымды бағдарлама арқылы тарихы ортақ, құндылықтары жақын жұрттардың да мұралары түгенделіп қалды. Мәселен, жүз томдық «Бабалар сөзі» жинағына қазір барлық түркі халықтары үлкен қызығушылық танытуда, сондықтан оны өзге бауырлас елдердің тілдеріне де аударуға әбден болады. Мемлекет басшысы 2006 жылы Анталия қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кезекті Саммитінде Түркі елдеріне ортақ мәдени мұра бағдарламасын жүргізу туралы бастама көтерген болатын. Сондықтан Елбасының бастамасымен дүниеге келген Халықаралық Түркі академиясы осы бағытта жұмыстарын бастап кетті. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының да түркі елдерінің мәдени мұраларын бі­ріге зерттеу, оларды тізімге алу және ЮНЕСКО-ға бірге ұсыну туралы жұмыс­тары бар. Сондықтан Түркі кеңесі шеңбе­рінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Осыған байланысты біз он жыл толып, бір белесті аяқтаған «Мәдени мұра» бағдарламасы екінші кезеңге, Түркі әлеміне ортақ жүретін бағдарлама деңге­йіне жетті деп ойлаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанда бүгінге дейін жа­салған ауқымды жұмыстар мен жинақтал­ған мол тәжірибе өзге бауырлас елдерге үлгі болары анық, – деді Дархан Қыдырәлі. Жиында негізгі баяндаманы «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Әлібек Асқаров жасады. Ел экономикасының ең қиын кезеңдерінде, ғылым да, ғалымдар да тоқырап тұрғанда бағдар берген бағдарлама туралы Әлібек Асылбайұлы мына жайларды айтты. – Мұндай бағдарлама жасау бұрын-соңды қолға алынбаған қиын шаруа болып шықты. Әлі есімізде, бағдарламаның іс-шарасын әзірлеудің өзі бақандай жарты жылға созылды. Жұмыс барысында Нұрсұлтан Әбішұлы өзі екі рет қарады, ақыл-кеңесін берді, көп өзгерістер енгізіп, ұсыныстар жасады. Бағдарлама Ұлттық кеңестің алқалы отырысында мемлекеттік деңгейде талқыға салынып, қабылданды. Негiзгі атқарушы орган етіп сол кездегі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлiгi белгіленді, – деді ол. Бағдарлама мақсаты белгілі. Баян­­дамашы бағдарлама 3 бағытта жүргізілгенін – реставрация, археологиялық қазбалар, мәдени мұраны зерделеудің тұтастай жүйесін құру, ұлттық, әлемдік ой-сананың кітап серияларын шығаруды көздегенін айтты. Сонымен, бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін арнайы Қоғамдық кеңес құрылып, 16 секция жасақталып, оларға елімізге аты белгілі ғалымдар мен білікті мамандар жетекшілік жасаған. Қазақ халқының мәдениеті мен тарихына қатысы бар қолжазбаларды, кітаптар мен мұрағаттық құжаттарды табу және сатып алу үшін алыс және таяу шет­ел қалаларының архивтері мен кіта­п­ханаларына ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, Қытайға, Моңғолияға, Ресей мен Өзбек­станға, Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-іздестіру топтары жіберілген. Шығыстану институты Қытай мен Моңғолияға археографиялық экспедиция ұйымдастырып, нәтижесінде Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөнінде зерттелмеген тың дереккөздер алып келді. Қытай архивтерінен шағатай, манчжур, ойрат, моңғол және қытай тілдерінде жазылған Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты маңызы бар 5 мыңның үстінде құжаттар табылды. Ежелгі түркі жазбаларын тауып, зерттеу мақсатында, этнограф-ғалымдар Моңғолияға бірнеше рет ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. ЮНЕСКО-ның алдын ала тізімінде тұрған Әлемдік мұраның (Всемирное наследие) әлеуетті нысандарының дерекқорын жасау жұмыстары аяқталды. Бұған дейін ол тізімге Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі мен Тамғалы петроглифтері енгені белгілі. Бүгінгі таңда Әлемдік мұра тізіміне Қазақстан территориясынан Ұлы Жібек жолы бойындағы 8 нысан: Жетісу бөлігінен – Талғар, Қаялық, Қарамерген; Жамбыл облысы бөлігінен – Ақтөбе, Өрнек, Құлан, Қостөбе, Ақыртас ескерткіштері қосылып отыр. Бұдан бұрын, кеңес дәуірінде жасалған Қазақстанның тарихи және мәдениет ескерткіштерінің тізімі моральдық тұрғыда ескірген еді. Оған ол заманда мемлекет тарапынан қорғалатын 25 мың ескерткіш енгізіліпті. Оның ішінде қалалар ғана емес, алыстағы ауылдарда орнатылған Ленин ескерткіштері, революционерлер бюстері, азамат соғысына арналған обелискілер, әйгілі большевиктер тұрған үйлер мен тағы басқасы бар екен, – дейді «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің ­жауапты хатшысы. Қысқасы, бағдарлама аясында бұл тізім қайта қаралып, нақтыланып, рес­­публикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдері жаңадан түзіл­ген. Сөйтіп, 218 нысан енгізілген Респуб­ликалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің Мемлекеттік тізімі Үкімет қаулысымен бекітілген. Осы жылдар ішінде 93 тарихи-мәдени нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Солардың ішінде – оңтүстік өңірдегі Арыстанбаб, Есімхан, Айша-Бибі, Абат-Байтақ, мешіт-медресе Аққойлы, Ақтас, Қараман Ата, Қарашаш Ана, Жүсіп Ата, Қара Қожа, Ақкесене, Мірәлі Баб, Асанас кесенелері, БабаАта, Қалжан Ахун мешіт-медреселері, Орал қаласындағы Бірінші әскери училищесі (XIX ғ.), Алматы қаласындағы көпес Филипповтің үйі, Қапшағай түбіндегі Таңбалытас петроглифтері, Ақтөбе облысындағы Қарағұл кесенесі бар. Айта кететін жайт, бұлардың көбі магистралдық жолдардың бойында немесе елді мекенді жерлерде орналасқан. Сол себепті, оларды республикалық және халықаралық туристік маршруттарға енгізуге мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар, Дамаск қаласындағы Бейбарыс сұлтанның кесенесін қалпына келтіру жұмыстары 2010 жылы аяқта­лып, Қазақстан мен Сирия жағынан құрыл­ған арнайы комиссия атқарылған жаңғыр­ту жұмыстарын қабылдап алды. Осы қа­ладағы әл-Фарабидің тарихи-мәдени орта­лығы мен кесенесін салу және орталық­тың экспозициясын құру 2011 жылы толығымен аяқталып, екі жақты актіге қол қойылады. Алайда, бұл кесенелерді ресми ашу, тұсаукесер өткізу жағы Сириядағы азамат соғысына байланысты кейінге қалдырылып отыр, деді баяндамашы. Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтан­ның мешітіне келсек, Қазақстан тарапынан тиесілі қаражат бөлініп, ол толығымен жү­зеге асырылды. Египет тарапынан да қоз­ға­лыстар басталып еді. Бірақ бұл елде етек алған тұрақсыздық жағдай салдары­нан мешіт құрылысы аяқталмай, жарым-жар­тылай жөнделген күйінде тоқтап қалған. Сонымен бірге, өз еліміздегі 40-қа жуық қорған мен қалашықтарда архео­логиялық зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, Ақмола облысындағы Бозоқ, Алматы облысындағы Есік, Қойлық, Талғар, Оңтүстік Қазақстандағы Сауран, Сидақ, Отырар, Жуантөбе, Қараспан-төбе, Шымкент, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстандағы Қырық-оба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талдысай және тағы басқа қоныстар мен қалашықтарда қазба жұмыстары сәтті жүзеге асырылған. Осы жылдары Қазақстан археологтары бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Еске салсақ, бұдан 8-9 жыл бұрын Атырау облысының Аралтөбе қорғанында алтын киімді сармат сарбазы табылған болатын. Дәл сол жылдары Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті қорымынан біздің жыл санауымызға дейінгі V-VІ ғасырлардағы жауынгер киімі қазылып алынды. Ал, кейінгі жылдардағы жаңалық – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Талды қорымынан табылған б.д.д. VI-V ғасырларға жататын адамның мүрдесі. Қорымнан сақ-сібірлік аң мәне­рінде жасалған 200-ге жуық алтын бұйымдар, 21 000-нан аса алтын моншақ­тар (бисерлер) табылды. Осыған байланыс­ты, табылған археологиялық ескерткішті 4-ші «Алтын адам» деп айтып жүрміз, деді Әлібек Асқаров. Бұл материалдар ежелгі Қазақстан тарихының жаңа беттерін толықтыра түскені даусыз. Қазақ жерінің төрт құбыласынан ұқсас мұндай алтын бұйымдардың табылуы – батыр бабалардың даңқты тарихын, байтақ көсілген еліміз бен жеріміздің тұтастығын айғақтайды. Сондай-ақ, Моңғолия аумағындағы көне түркі руникалық жазбалары бар То­ныкөк пен Теркін тастарының көшірмелері жасалып, елімізге жеткізілді. Мәдени туризмді дамыту, еліміздің тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысында «Берел», Алматы облысында «Есік» мемлекетттік тарихи-мәдени қорық-мұражайлары құрылды. Қазақстанның тарих және мәдениет мәселелері бойынша 600-дің үстінде аталым кітап жарық көрді, олардың жалпы таралымы 2 миллион данаға жуықтады. Бұл кітап сериялары философия, социо­логия, психология, педагогика, экономика, саясаттану, салт-дәстүр, т.б. салаларға қатысты болды. Қазақ тарихына байланысты қытай, моңғол, орыс, батыс, араб, түрік, армян, парсы дереккөздеріндегі құжаттар жинақталды. Кітаптардың дені қазақ тіліне аударылып шыққандықтан, мемлекеттік тіліміздің өрісін кеңейтуге, қазақ тіліндегі терминдер қорын байытуға зор септігін тигізуде. Қазір бұл материалдар мектеп бағдарламаларына, оқу орындарының пәндеріне енгізіліп, төл тарихымызды түгендеуге пайдаланыла бастады. «Бабалар сөзі» – 100 том, қазақ тілін­дегі «Әлем әдебиеті» – 100 том, «Әдеби жәдігерлер» 22 том болып жарық көрді. «Қазақ әдебиетінің кітапханасы» серия­сымен орыс тілінде 100 томдық кітап сериясы әлі күнге дейін жалғасын тауып, шығып жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасы – тарихи-мәдени мұраны қайта қалпына келтірумен ғана шектелген жоқ. Оның басты мақсаты – қоғамдық санада оң игі қадамдарға жету, осы ретте оның зор идеологиялық, жалпымемлекеттік мәні болды. Біріншіден, «Мәдени мұра» бағдар­ла­масы ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы және нығаюымен байланысты сұрақтарға жауап берді. Ғалымдарымызға жұмыс тауып берді, зерттеу жұмыстарына тыңнан жол ашты. Екіншіден, қоғам, бүкіләлемдік тарих ағымындағы ірі оқиғалар аясында өзін сенімді сезіне алатындай тың ақпарат алды. Аталған бағдарламаның іске асырылуы елдің жаңа тарихи-мәдени ландшафтының қалыптасуына игі әсерін тигізді. Қазақтың тарихы көптеген жаңа деректермен толықты. Біз барымызды түгендеп, жоғымызды таптық. Үшіншіден, «Мәдени мұра» бағдар­ламасының іске асырылуы қазақстан­дық­тардың өз тарихына және мәдениетіне қы­зығу­шылықтарын арттыра түсті. Жас­тар­­дың патриоттық сезімін оятуға үлес қосты. Төртіншіден, елдегі этносаралық өзара түсіністіктің артуы мен ұлтаралық қатынастардың үйлесімділігі тұрғысынан бағдарламаның тигізген әсері өлшеусіз еді. Сөйтіп, бұл бағдарлама тарихи-ғылыми, рухани-мәдени ғана емес, ел өміріндегі бетбұрысты ірі саяси жоба болды, деп сөзін қорытты Әлібек Асқаров. Осыдан кейін конференцияда тарих ғылымдарының докторы, академик Карл Байпақов сөз алып, Жетісу өңірінде жүргізілген археологиялық қазбалардың нәтижесін, кепкен Арал өзені түбінен және көне Сауран қалаларынан табылған тарихи жәдігерлерді слайд-шоумен көрсетіп, ғылыми тұрғыда сипаттап, қалалардың Қазақ хандығындағы маңызды рөліне тоқталды. Бұл деректер алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдардың қызығушылығын оятқанын байқадық. Карл Байпақов Отырар аумағында қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын, сондықтан алда әлі де бізді таңдандыра түсетін ғылыми олжалар табыла беретіндігін мәлімдеді. «Мәдени мұраны» жүзеге асыруға бір кісідей атсалысқан белгілі ғалым Меруерт Әбусейітова Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Түркия, Армения, Венгрия, Швейцария елдерінде шығыстану археографиялық жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. – Мұндай экспедициялардың нақты нәтижелері осы бағдарлама аясында жарық көрген кітаптарға кірді. Бұлар ұлтымыздың ежелгі және орта ғасырлардағы тарихын зерделеуге тамаша база жасап берді. Осы экспедициялардың нәтижесінде 26 томдық кітап құрастырылды. Оның ішінде «Қазақстан тарихы араб, парсы, түрік, қытай, моңғол, армян дереккөздерінде», «Қазақстан тарихы Шығыс миниатюраларында» кітаптары да бар, – деді ол. Мәселен, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері Қытайдан шағатай, ойрат тіліндегі 300, мәнжүр және қытай тіліндегі 3 мыңнан астам ғажайып мұрағаттық құжаттарды тапқан. Бұлар – қазақ хандары мен сұлтандарының көрші мемлекеттермен ресми хаттасулары, қазақ-қытай сауда-саттығы, дипломатиялық байланыстар жайлы мәліметтер. Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатынан табылған осынау архивтік құжаттар Қазақ хандарының кеңсесі және дипломатиялық хаттасулары болғанын және елші алмастырып отырғанын тарихи тұрғыда дәйектейді. Қазақ ғалымдарынан кейін Халық­аралық Қазақ-түрік университетінің вице-президенті, тарих ғылымдарының докторы Мехмет Куталмыш Қашғар мен Үрімшіден бастап, Каспийге дейін салтанат құрған түркі бабаларымыздың тарихы мен мәдениетінің ортақтастығын, оған қоса Ислам мәдениеті басқа да іргелі діндермен бір деңгейде тұрғанын ғылыми тұрғыда дәйектеп, салиқалы сөз қозғады. Біз Қазақстанның алда болғанына, дамығанына тілекші халықпыз. Мәдениеті мен экономикасы, білімі мен ғылымы мұнан да қарыштағанын көргіміз келеді,  деді Мехмет Куталмыш. Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі ағамыздың сөзі де әсерлі, шынайы шықты. – Әлі есімде, осыдан он жыл бұрын Ташкентте жүргенде 100 томдық «Бабалар сөзі» шығады екен дегенді естігенде біздің ғалымдар ондай жүз томдық мұра бар ма деп, күмән келтірген еді. Қажырлы жұмыстардың арқасында осының бәрі мемлекеттің қолдауымен жүзеге асқанына да куә болдық, – деді ғалым. Әбсаттар Дербісәлі тек бір өзінің ғана мұрындық болуымен, мемлекеттен қаражат алмай, демеушілердің көмегімен шыққан кітаптарды мысалға келтірді. «Мәдени мұра» бағдарламасын «Қазақстан ғылымының ренессансы» деп атаған Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай бұл бастама Кеңес өкіметі тұсында тек жәдігерлерді сақтап, дәріптеумен келген музейлердің де міндетін өзгерткенін айтты. Аталмыш музей қызметкерлері осы жылдар ішінде 5 томдық энциклопедия, архивтерде күн-түн демей іздене отырып, түрлі кітаптар, сан алуан ғылыми артефактілерден тұратын 16 каталогты үш тілде жарыққа шығарған. Музей директоры «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға түскен, мәлім болған, әлі де Қазақстанға әкелінуі тиісті тарихи жәдігерлер жайлы көкейкесті әңгімелерді қозғады. Тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов аталмыш бағдар­лама­ның тарихи маңыздылығына тоқ­та­лып, бұл бастама ғалымдардың, мамандардың басын біріктіріп, кешен­ді жұмыс істеуге жұмылдырғанын атап көрсетті. Ғалымдар уақыт өте келе «Мәдени мұра» бағдарламасының әлеуметтік, сая­си қыры бары екенін де түсіне бастаған. Әрине, атқарылған жұмыстардың баға жетпес сапалылары, сапасыздары да бар. Ең бастысы, өте ауқымды жұмыс атқарылды. Қолға талай дүние түсті, бірақ, әлі де түгел емес... Қырғызстан тарихшылар қауым­дастығының төрағасы Тнычтыкбек Чоротегин 2012 жылы қырғыз ағай­ындар да «Мұра» деген бағдарлама жасап, біздегі бағытты ұстанып отырғандарын, жасалынған жұмыстардың ауқымына аса риза екендігін білдірді. – Бүгін Алматыда Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты үлкен шараға қатысып, сол жерде де көп істеріңізге разы болып отырдық. «Мәдени мұра» аясында бір ғана Шығыстану институты 26 кітап шығарғанын білдік. Сіздерден үлгі алатын тұстар көп екен, – деді ол. Ақиқатында, қырғыз бен түрік ағайын­дарды келтіріп отырған осынау бағдарлама алда ауқымды тірліктерді жалғастыруды талап ететіндігін айқындап отыр. Ендігі жерде таза ғылыми деңгейде жасалынған жұмыстардың ғылыми ай­налысқа түсіп, мектептер мен ЖОО бағ­д­ар­ламаларына кіріктірудің жайы не болады? Міне, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының ұрпақ алдындағы аманаты да әлі таусылмақ емес. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.