21 Шілде, 2010

АУҒАНСТАН АХУАЛЫНА ӘЛЕМ АЛАҢДАЙДЫ

580 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Ауғанстан астанасы Кабул қаласында осы елдегі жағдайға байланысты өткізілген халықаралық конференцияға қатысып қайтты.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ – Кабулдан.

Ұшақтың үстінен жерге қарай көз жібереміз. Төменде сұрғылт тартып, сұстанған таулар тізбегі тау­сылар емес. Көгі, жасыл желегі жоқ, жалаңаш таулар ерекше сұр­қайланып, бір сес танытады. Әне-мі­не дегенше ұшақ Кабул әуе­жайына да келіп қонды. Траптан түсе жан-жағымыз әскерилерге толып кетті. Сөйтсек, конференция жұмысының қауіпсіздігі үшін 13 мың полиция мен 3 мың ауған әс­кері тартылған екен. Журналис­тер­ге жол бастаушы Хади орыс тіліне қамшы салдырмайды, сайрап тұр. Шағын автобусқа отырып, еліміз делегациясының соңынан жүріп келеміз. Әрбір 100-200 метр сайын ұлттық киім киінген бір салт атты жол жиегінде тұр. “Бұл кімдер?” деген сауалымызға Хади: “Бұл қо­нақ­тарға жасалынған құрмет, сіз­дер­де де көкпар бар емес пе, бізде де сондай ұлттық ойын бар. Соны­мен шұғылданатын жігіттер ғой”, дейді әзілдеп. Кабул көшесімен жылжып келеміз. Аспаннан көрген сұрқай түс тағы да алдыдан шықты. Әзірге көріп келе жатқанымыз жатаған үйлер, әскери техниканың түр-түрі, көшеде әскерилерден өзге қыбыр еткен бір жан болсайшы. Әлемнің 70 елінен делегация жи­налған конференцияның қауіпсіз­дігі үшін Кабулда екі күн демалыс жарияланып, адамдарға көшеге шығуға тыйым салыныпты. Жым-жырт, тым-тырыс көше сұсы да ерекше болады екен. “КТК” кана­лы­ның операторы көліктің алдың­ғы орнына жайғасып, бос көшені бейнетаспаға түсіріп келе жатқан. Бір кезде біз отырған көлікті әске­рилер тоқтатып, ешқандай бейне­жаз­баға, фотосуретке түсіруге бол­майтынын қатаң ескертіп барып, жүруімізге рұқсат еткен. Әупірім­деп, конференция өткізілетін жайға келсек, нағыз тексерістің көкесі басталды. Әскерилер сөмкелерді мұқият ақтарып, ноутбуктерді қо­сып, одан әрқайсымыздың бой-бой­ымызды тексерген. Ерлерді ер­лер қараса, әйелдер қауымын шы­мыл­дықтың артында әйелдер әбден тексерді. Әзер дегенде конферен­ция өтетін ғимаратқа ендік-ау, әйтеуір. Бейбіт тіршілігіңді кешіп, күнделікті қалыпты еңбегіңді жасап, отбасыңды асыраған өз күніңнің қаншалықты қымбат екендігін осындайда тіптен ұғынып, бейбіт өмір қадірінің қаншалықты екенін бағалай түсесің. Жаратқанға шүкіршілігіңді айтып, тәубе, еліміздің тыныштығына селкеу түспесін дейсің. Тәубе! Қауіптенсе қауіптенгендей екен, залға кірісімен шетелдік журна­лис­тер­ден біз келердің алдында жары­лыс болып, екі адамның қаза тап­қа­нын естідік. Анықтап білмек бо­лып, жалма-жан ноутбукті іске қо­сып, Интернеттен жағдайдың анық-қанығына жетпекшіміз. Ға­лам­торға кіріп, Ауғанстандағы кон­ференция мен жаңа ғана естіген жағдай туралы онда не жазылғанын көріп-білуге асықтық. Конферен­ция жайында РИА, Интерфакс сынды агенттіктерден бірді-екілі хабарлармен қоса жарылыс туралы да материал қойылыпты. Әлгіні ша­қы­рып, түймені басқанымыз сол еді Интернет желісіне кіретін мүм­кіндік жоқ деген хабарлама түсті. Бұл конференция 1974 жылдан кейін Ауғанстанда бірінші рет өткізіліп отырған халықаралық ірі шара көрінеді. Әлемнің 70-тен ас­там мемлекет пен халықаралық және аумақтық ұйымдардың өкіл­дері бас қосқан конференцияда ауған үкіметінің елдің алдағы да­муы мен тұрақтылығына қол жет­кізуге бағытталған арнайы іс-жос­парын қарау көзделген екен. Әри­не, экономикасы әбден тұралаған елдің егер сырттан қаржылық кө­мек көрсетілмесе, өздігінен көш­те­рін түзеп кетулері неғайбыл екен­ді­гі белгілі. Сол себептен де конференция жұмысына әлемдік қаржы институттарының өкілдері де шақырылыпты. Жалпы алғанда, аталған шараның өткі­зілуін үстіміздегі жылы Лондон кон­ференциясында көтерілген мәселелердің, сол жолы ауған жағы мойындарына алған міндетте­мелердің жүзеге асуына әлем тарапынан жасалынған көмек деп бағаласа да болады. Өйткені, Тұманды Альбиондағы басқосуда Ауғанстанды қайта құру мен барлық жағдайды қалыпқа кел­ті­ру­ге, күштілер үшін жылдар бойына көкпарға тартылған лақтың күйін кешіп, талмаусыраған елдің эко­но­ми­калық ахуалын жөндеуге қажетті нақты қадамдар сөз болып, елдің бейбіт қалыпта дамуы үшін керекті жағдайлар кеңінен тал­қыланған болатын. Жел шайқаса тіреуі жоқ шатырдай бір жағына қисая сала­тын ауған экономикасы үшін шетелдің қаржы инсти­туттарының сүйеуі тым қажет екені өз-өзінен түсінікті. Енді, міне, Кабулда келелі мәжіліс өтіп, ауған жұрты әлемдік қауымдастықпен қарым-қаты­настың жаңа бір деңгейіне кө­терілгендей. Мұның, әрине, Ауғанстан үшін айтулы оқиға екеніне еш дау жоқ. Конференцияда ендігі бір сөз болған маңызды мәселе – қауіп­сіздік. Бұл орайда халықаралық қауымдастық ауған жағына ел ішіндегі қауіпсіздік мәселесінде өзге емес, өздерінің жауап­кершілікті мойындарына алуының маңыздылығын, сонымен бірге ауған ұлттық әскері мен поли­циясының діттеген мақсаттарына жетуіне қолұшын беруге пейілді екендіктерін білдірген. Ауған үкіметі ұлттық қауіпсіздік стра­тегиясын жүзеге асыру жайында халықаралық қауымдас­тыққа айтар ойы мен сұрар көмектері де бар екенін білдірді. Хамит Карзай өз сөзінде 2014 жылға дейін коалиция әскері ауған территориясынан кезең-кезеңімен шығып болып, елдің қауіпсіздігін өз қолдарына алатындарын айтты. Бүгінгі күнге дейін үкімет түрлі топ жетекшілерімен кездесіп, олар да осы пікірге ойысады деген ойын жеткізіп, ауған халқына ел экономикасын көтеру үшін әлемдік қауымдастықтың қаржылай көмегі өте қажет екеніне екпін түсірді. Президент Х.Карзайдан кейін конференцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ауғанстанның Сыртқы істер министрі З.Расул және БҰҰ-ның Ауғанстан мәселелері бойынша арнайы өкілі С. де Мистура, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Х. Клинтон сөз алды. Сөз кезегі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасына келген. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ауғанстан басшысы Хамит Карзай ұсынып отырған халықты бейбіт тіршілікке, еңбекке тартуда, елдегі қантөгісті жою бағытында Ауғанстан үкіметі мен ауған халқы арасындағы ұлттық келісімге келу жоспарының оң бағаланып, халықаралық қауым­дастық тарапынан ұзақ мерзімге қолдау көрсетуінің маңызына тоқталды. Сонымен бірге біздің еліміздің Лондон конферен­циясында көтерілген Ауған­стандағы жағдайдың қалыпқа келуіне қажетті гуманитарлық салада қолдау көрсету мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды жиналғандардың қаперіне салып өтті. Ауған жастарын Қазақстан жоо-ларында оқыту үшін 50 млн. АҚШ доллары бөлінгенін, биылғы жылдың өзінде алғашқы 200 жастың оқуға келетінін хабарлады. Сонымен бірге ауған шекара­шылары мен полиция қызметкер­лерін еліміздегі жаттығу орта­лықтарында даярлаудан өткізуге осы елдің үкіметіне нақты ұсыныс жасалғанын айтты. Ал Кабулда сауда-өнеркәсіп палатасы ашы­луының өзі Қазақстанның Ауған­станмен арада сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға деген оң ниетін танытады. Сонымен қатар біз бұл елге гумантитарлық көмекті де көрсететін боламыз. Ал ЕҚЫҰ төрағасы ретінде еліміз мүше мемлекеттердің Ауғанстанға ЕҚЫҰ-ның үш себеті бойынша көмек беруін ұйымдастыру жұмы­сын бірізділікпен жалғастырып отыр. Өткен демалыс күндері ғана Алматыда өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер ми­нистрлерінің бейресми кезде­суінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: “ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қажет екендігіне еш күмән жоқ”, деген болатын деп біздің елдің бұл мәселедегі ұстанымын жеткізді. Жалпы, еліміз ауғандықтарға көмек қолын созып, 2,5 млн. долларды ішкі жолдарды жөндеуге бөлсе, оның сыртында мектептер мен ауруханалар да салып беріп, олар қиындықтан тұралаған елге біраз көмек болуда. Іс басындағы төраға осы жолы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хил­лари Клинтонмен және Ауғанстан Президенті Хамит Кар­займен екіжақты кездесулер өткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстанның Қырғыз­стандағы оқиғалар кезінде сараб­далдық танытқанына ризашылығын айтып, Астанада мемлекет басшы­ларының саммиті өткізілу жайын­дағы ұйғарымның да көңілден шыққандығын білдірді. Бас хатшы біздің еліміздің бастамасымен БҰҰ-ның аясында жер жүзінде 29 тамыздың Ядролық қарудан бас тартудың бүкіл дүниежүзілік күні болып белгіленуіне де өзінің ризашылығын жеткізді. Тараптар кездесу уақытында аймақта және әлемде орын алатын кейбір оқиғалар бойынша тұрақты түрде консультациялар алмасып тұруға уағдаласты. Қанат Саудабаевпен кездесу барысында Хамит Карзай ЕҚЫҰ Саммитін өткізуді әуелден-ақ қолдағандықтарын, себебі онда Ауғанстандағы тұрақтылық мә­селесі сөз болатындығын, оның өз елінің мүддесімен сәйкес келетінін айтып, Астана Саммитіне ша­қыруды ықыласпен қабылдай­тын­дығын жеткізді. Кездесуде Хамит Карзай біздің еліміздің Ауғанстанға көрсетіп жүрген түрлі жәрдеміне алғысын білдірді. АҚШ-тың Мемлекеттік хат­шысы Хиллари Клинтон Іс ба­сындағы төраға Қанат Сауда­баев­пен кездесуінде еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде Қырғыз­стандағы жағдайға қатысты іс-қимылына жоғары баға берді. Сонымен бірге Мемхатшы Ауған­станға Қазақстан территориясы арқылы транзитті жүк өткізу жайында шілде айында қабылданған құжат жайына тоқталып, бұл халықаралық коалицияның осы елдегі жағдайды қалыпқа келтіруіне жәрдемдесетін үлкен үлес болды деп атап өтті. Х.Клинтон сондай-ақ екіжақты байланыстармен қатар, ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Саммитін Астанада өткізу өте маңызды деп мәлімдеді. Тараптар кездесу уақытында Саммит өткізілуінің практикалық жағын сөз етті. Осы жолы Іс басындағы төрағамен кездескен қай саясат­кердің де Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын атқарудағы іс-әрекетіне жоғары баға беріп, 56 мемлекеттің бірауыздан Астанада Саммит өткізу туралы ұйғарымға келуімен құттықтағанын айта кеткен жөн. Кабулдағы аз ғана уақыт ішінде Іс басындағы төраға бірқатар елдердің сыртқы істер министр­лерімен келіссөздер жүргізді. Атап айтар болсақ, Ресей, Түркия, Норвегия, Литва, Жапония сыртқы істер министрлерімен және Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсано­глумен кездесті. Ауғанстан астанасы Кабулда өткізген бірнеше сағат ішінде бұл ел жағдайының қаншалықты күрделі екендігін ұғына түсесің. Біздің еліміздің аймақтық қауіп­сіздік мәселелеріне жіті қарауының соншалықты маңызды екендігін де бар болмысыңмен қабылдайсың. Сол себептен де күні кеше ғана Алматы кездесуінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер минис­тр­лерінің бірауыздан жыл аяғында Астанада жоғары дең­гейдегі Саммит өткізуді ұйғаруы­ның орын­дылығына да еш шек келтірмейсің. Шынында да, қайраңда қалған кемедей малтығып жатқан Ауған­станның бұл күйден өздігінен шыға алмасы анық. Оған әлем қолын созбаса, ол тіптен де мүмкін емес. Және оған 56 мем­лекет басшы­ла­рының тегіс илан­ғаны қажет. Сон­дықтан, Астана Саммитін  асыға кү­тетін елдің бірі Ауғанстан болмақ.