25 Тамыз, 2015

Бүгін «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымын бастайды

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
25-08-2015-hc barys 01АСТАНА. 25 тамыз. Бүгін Астананың «Барыс» хоккей командасы Құрлықтық хоккей лигасының биылғы маусымындағы алғашқы ойынын өткізеді. Маусымды өз айдынында бастайтын «Барыс» Магнитогорскінің «Металлург» клубын қабылдайды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Кездесу елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтеді. Жергілікті уақытпен сағат 19:30-да басталатын ойынды KazSport телеарнасы тікелей эфирде көрсетуді көздеп отыр. Араға екі күн салып Ерлан Сағымбаев жаттықтыратын команда Уфаның «Салават Юлаев» командасымен күш сынасады. Ол кездесуді де астаналықтар өз айдынында өткізеді. Осы ретте айта кетер жайт, биыл Астанада көп функционалды жаңа мұз сарайының пайдалануға берілгені белгілі. 12 мың орындық спорт кешенінде «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде өз айдынындағы кездесулерін өткізеді. Алайда, 11 қыркүйекте Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты аталған жаңа ғимаратта театрландырылған қойылым ұйымдастырылады. Соған дайындық жұмыстарының жүргізілуіне байланысты «Барыс» маусымды бұрынғы айдынында бастайтын болды. Атап айтқанда, «Металлург» пен «Салават Юлаевтан» бөлек, «Локомотив» (6 қыркүйек), «Лада» (8 қыркүйек), «Ак Барс» (10 қыркүйек) және «Сочи» (10 қыркүйек) командаларын «Қазақстан» спорт кешенінде қабылдайды. Ал одан кейінгі матчтар жаңа айдында өтеді. «Барыс» үшін бұл осы лигадағы 8-маусым. Алғаш рет турнирге 2008-2009 жылғы маусымда қатысқан команданың ең жоғары нәтижесі 2013-2014 жылғы маусымда тіркелді. Сол кезде «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы плей-офф бәсекесінің екінші раундына дейін жеткен болатын. Ал қалған маусымдардың барлығында плей-офф сатысының бірінші айналымынан аса алмай келеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vk.com.