Кеше Астанада Қазақстан-Литва кәсіпкерлерінің бизнес-форумы болып өтті. Форумның ашылуына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Литва Республикасының Премьер-министрі Альгирдас Буткявичюс қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен «KAZNEX INVEST» АҚ ұйымдастырды.
Екі елдің арасындағы инвестициялық-өнеркәсіптік ынтымақтастық бағдарламасын талқылау жөніндегі келіссөздердің кезекті кезеңінде өтіп отырған бұл бизнес-форумға Қазақстан мен Литваның мемлекеттік басқару органдарының, кәсіпорындары мен ұйымдарының, даму институттары мен бизнес құрылымдарының 200-ден астам өкілдері қатысты. Форумның ашылуына орай сөйлеген сөзінде Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов біздің еліміздің Еуропалық одаққа шығар жолындағы Литваның көліктік инфрақұрылымдарын пайдалануға мүдделі екендігін жеткізді. Көлік дәлізі ретіндегі оның бізге беретін мүмкіндіктерін атап көрсетті. «Қазақстан үшін Литваның өзіне, оның көліктік инфрақұрылымдарына инвестициялар салу, бұл елдің порттарымен жұмыс істеу маңызды болып табылады. Сондай-ақ, біз Еуропалық одаққа өз өнімдерімізді экспорттау үшін Литва аумағынан кәсіпорындар құрудың мүмкіндігін пайдаланғымыз келеді», деді өзінің сөзінде Қазақстан Премьер-Министрі. Кәрім Мәсімов литвалық бизнесмендерді қазақстандық кәсіпорындарды инвестициялауға шақырды. «Қазақстанда инвестиция салғысы келетін іскерлерге үлкен мүмкіндіктер мен салық жеңілдіктерін беретін арнаулы заң қабылданған. Экономикамыз болса қарыштап, өсіп келеді. Сондықтан мен литвалық компаниялар осы мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылыс танытады, оларда Қазақстан экономикасын инвестициялауға қызығушылық туындайды деп үміттенемін. Мен сіздің және сіз бастаған делегацияның біздің елімізге жасаған бұл сапарларыңыз біздің елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты кеңейту мен тереңдету үшін үлкен мүмкіндіктер береді деп есептеймін», деп атап өтті Кәрім Мәсімов. Литва Премьер-министрі Альгирдас Буткявичюс өз сөзінде Литва үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес болып табылатындығын атап көрсетті. «Бізді өте жақсы саяси-экономикалық мәдени қарым-қатынастар байланыстырып тұр. Мен сізбен осының алдында екіжақты пішім аясында жақсы әңгіме өткізген едім. Бүгін Астанада кездескенімізге қуаныштымын», дей келе, бұл шараға өзінің үлкен делегацияны бастап келгендігін, осының өзі Литваның Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарын нығайтуға барынша мүдделі екендігін білдіретіндігін айтып өтті. «Соңғы уақыттардың өзінде Литва президенті Қазақстанға екі рет келді. Бізде қазақстандық жастар жоғары оқу орындарында білім алуда. Екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуда арада құрылған ведомствоаралық комиссия жақсы жұмыс істеуде», дей келе, соңғы алты жылдан бері Қазақстан мен Литва арасындағы сауда айналымының тұрақты түрде өсіп келе жатқандығын, бүгінгі күні Литваның Орталық Азиямен сауда айналым көлемі жылына 1 миллиард доллардан асып түссе, мұнда Қазақстанмен арадағы қарым-қатынастың үлесі мол екендігін жеткізді. Дегенмен, соған қарамастан, біздің арамыздағы экономикалық ынтымақтастықты жақсартудың әлі толық әлеуеті іске аспай отыр. Мәселен, біз ақпараттық технология, медицина, туризм салаларында бірлесіп жұмыс істеп, жақсы табыстарға жеткен болар едік. Биылғы жылдың соңына таман Швеция мен Польша арасындағы қуатты электр желісі іске қосылатын болады. Еліміздің порттары ірілендірілуде. Біз Азия мен Еуропаны байланыстыратын Жаңа Жібек жолы жобасына қатысуға ұмтылыс танытып отырмыз. Міне, осылардың барлығы біздің арамыздағы қарым-қатынастарды нығайтуға септестігін тигізетіні анық, деді литвалық мейман. Бизнес-форумда 2005-2014 жылдар аралығында Литвадан Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 9,5 миллион АҚШ долларын құрағандығын, ал осы уақыт аралығында Қазақстаннан Литваға салынған инвестициялар көлемі 9,9 миллион АҚШ доллары болғандығы айтылды. Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы 2014 жылы 436,5 миллион АҚШ долларына жетті. Бұл – 2013 жылғы көрсеткіштен 37 пайызға артық. Яғни, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық барынша дами түсуде деп айтуға болады. Бұл жолғы форум да нәтижелі болды. Форум соңында бірқатар ынтымақтастық жөніндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Солардың қатарында «Kaznex Invest» АҚ-тың Литваның «Дурпета» ЖАҚ, «Eurofire» ЖАҚ компанияларымен жасасқан өзара түсіністік туралы меморандумдары және Астана кәсіпкерлер палатасы мен Вильнюстің сауда-өнеркәсіптік және қолөнер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер бар. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».Жаңа Конституция және ұлт саулығы: сарапшы көзқарасы
Ата заң • Бүгін, 21:53
Білім сапасын арттырудың жаңа мүмкіндігі
Білім • Бүгін, 21:21
Жалпыұлттық коалиция белсенділері ақпараттық науқанды аудандарда жалғастырып жатыр
Ата заң • Бүгін, 21:00
Рамазан айы азаматтардың тұтыну шығындарына қандай өзгеріс әкеледі?
Қоғам • Бүгін, 20:40
Айзат Жұманованың ісі: Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды
Қоғам • Бүгін, 20:03
Петропавл электротехникалық зауытының ұжымы конституциялық реформаны қолдады
Ата заң • Бүгін, 19:38
«Зеленый Север» ұжымымен кездесуде Конституция жобасының негізгі ережелері талқыланды
Ата заң • Бүгін, 19:30
Сарапшылар конституцияның жаңа жобасына бірауыздан қолдау білдірді
Ата заң • Бүгін, 19:18
Астанада демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді
Елорда • Бүгін, 18:45
Алдағы күндері ел аумағында аяз күшейеді
Ауа райы • Бүгін, 18:33
«Boran–Буран»: жады мен кеңістікті тоғыстырған көрме
Қоғам • Бүгін, 18:18
Жылдық инфляцияның баяулауы баға төмендеуіне әсерін тигізе алды ма?
Қаржы • Бүгін, 18:03
Жеке деректер мен гаджеттерді алаяқтардан қалай қорғауға болады?
Қоғам • Бүгін, 17:50
Еріксіз неке мен ерте өлім: Неліктен қазақ қыздарының құқығы қорғалмай жатыр?
Қоғам • Бүгін, 17:40
Педагогтерге арналған байқау жарияланды: Өтінім қабылдау қашан басталады?
Білім • Бүгін, 17:25