Осындай мақсатты сапарларының сәтіне балаған неміс-бизнес делегациясы өндірісті өңірге келіп кетті. Осы елдің ТМД елдерімен сыртқы экономикалық байланыс департаментінің өкілі, атап айтқанда Франк Вайзинг бастап келген бұл делегация арнайы басқосуда қыруар өндіріс орындары шоғырланған біздің өңірдің өздерін қызықтырмай қоймайтындығын жеткізді. Сондықтан алдағы жылдары екі жақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты барынша дамытып, әріптестік байланыстарды нығайтуды қолға алмақшы. Бұл елмен тек қана экономикалық, есеп-қисап бағытында ғана емес, рухани-әдеби-мәдени байланыстар да өрістетіледі. Облыс орталығында Ассамблеяның бір бұтағы тәрізді немістердің “Возрождение” қоғамы деп аталатын неміс мәдени орталығы жұмыс жасап келеді. Бұрыннан белгілі ауыл-аудан орталықтарында, Успен, Ертіс, Майқайың, Железинка аудандарында, жалпы облыс өңірінде неміс ұлтының өкілдері көп тұрды. Олардың дені кезінде этно елдеріне қарай көшіп кетті. Бүгінде де облыс орталығында, қалаларда, аудан-ауылдарда немістер басқарып отырған, елге үлгі-өнеге боларлық ірілі-ұсақты өндіріс орындары, шаруа қожалықтары, оқу орны, басқа да орындар баршылық. Павлодарлықтар үшін облыс орталығындағы “Квазар”, “Артур” деп аталатын сауда кешендерінің иесі, кәсіпкер Шпейзер есімінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартқандай. Ал, “Возрождение” қоғамының аясында екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланысты нығайту үшін кәсіпкерлер биржасы да құрылды. Еуроодақтың құрамындағы Германия жай жатқан ел емес, жаңа заманға лайық технологиялық бағыты өркендеген, аты елге танымал елдердің санатында. Сөйтіп, немістер келген бетте-ақ, облыс орталығында орналасқан бірқатар кәсіпорындарда, атап айтқанда, мұнай-химия зауыты акционерлік қоғамында, “Кастинг”, “KSP SteeІ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болып, өндіріс орындарының даму қарқынымен, ондағы жұмыс үрдістерімен танысты. Ал, тараптар бас қосқан жиын барысында немістер өздері алып келген кәсіпорындарының жұмыс жобаларымен таныстырды. Бұл екі ел кәсіпорындарының энергетика, металлургия, және мәшине жасау салалары бойынша ортақ өндірістік бағытта жұмыс жасауларына жақсы жол ашады деген сөз. Осындай байланыстардың жалпы еліміз үшін маңызы барын, оның өзектілігін, ел экономикасын өркендетуде қосар үлесі болатынын осы жиынға қатысқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та айтып өтті. Яғни, өткен жылы өндірісті өңірдің Германия елімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі — 139 миллион АҚШ долларын құраған көрінеді.
Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Қанат Шәбеновтің айтуынша, биылғы жылдың алты айында жүргізілген есеп бойынша Германия елі мен өндірісті өңірдің арасындағы сауда-саттық айналымы 34 миллион АҚШ долларын құраған екен. Жалпы, алғанда, неміс кәсіпорындарымен өндірісті өңір кәсіпорындарының байланыстары жақсы жолға қойылғаны байқалады. Оған дәлел, бір ғана өткен жылы “Еуразиа энергетикалық корпорациясы”, “Қазақ алюминийі”, “Қазақстан электролиз” зауыттары АҚ, “Екібастұздағы “Богатырь Көмір” АҚ, Ақсудағы “Казхром” АҚ, трансұлттық компаниясы, облыс орталығындағы мұнай-химия зауыты, “Ромат” фармацевтикалық компаниялары алыс-жақын демей екіжақты әріптестік экономикалық байланысты нығайтқан. Сапар соңында неміс-бизнес делегациясының өкілдері өндіріс орындарын аралап, жоғары оқу орындарында кездесулер өткізді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.