20 Мамыр, 2015

ЖІБЕКТЕЙ ЕСІЛМЕГЕН ЖОЛ

280 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

(Сергей Плехановтың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітабынан үзінділер)

egemen (15)

Тағайындалғаннан кейін небәрі біржарым жыл ғана өтті, ал Бірінші мен премьердің қарым-қатынасы мейлінше өзгерді. Қонаев көз алдына елестеткен айтқанынан шықпайтын үкімет басшысының орнына, оның жанында іштегі кикілжіңді сыртқа шығаруға қабілетті адам пайда болды. Ал кикілжіңдер едәуір жиналып қалған болатын. Тіректерінің бірі бүкіл Кеңес Одағындағы сияқты Қазақстанда да Брежневтің адал әріптесі болған тоқырау жылдарында елеулі өзгерістердің болғаны сондай, оларды тек соқыр адамның ғана байқамауы және мойындамауы мүмкін еді. Қонаев соқыр болған жоқ, керісінше, республикалық номенклатурадағы есімдері көбірек немесе азырақ белгілі қайраткерлердің әрқайсысының ішкі сырларын жақсы білді. Бірақ біртіндеп бойға сіңген кремльдік шалдардың мүддесіне орай, бәрінен де бұрын «қымбатты Леонид Ильич жолдасты» алаңдатудан қорқып, шындықты әсірелеп көрсету дағдысы өзін өсіріп шығарған жүйеге адал қызмет еткен Қонаевтың өзінің екінші болмысына айналды. Сталин өлгеннен кейінгі жылдары қалыптасқан билік табиғаты осындай болатын. Билеуші топ бәрінен бұрын тыныштықты қалады, ал кез келген әділет іздеуші жүйе тұрақсыздығының себепкері ретінде танылды. «Не, саған басқалардан көп керек пе?» дейтін еді жұмысшылар қарапайым түрде өздерінің шамадан тыс пысықай жолдасына. Неғұрлым тісқаққан бюрократтар қызмет бабындағы әріптесіне де, бір-біріне де ешқашан мұндайды айтпас еді, оның есесіне қауіп-қатерді аңға тән иісшілдікпен сезінді, бүлікшілді жолатпайтын ынтымақтастық өрісін бір ғана биотокпен жасап отырды. «Жұмыс істеуге кедергі келтірмеңдер» – осынау кеңестік бюрократтық қалтарыстардың тар әлемінде қалыптасқан тылсым тіркес демократия кезеңіне дейін жетті. Бірақ ендігі жерде оны корпоративтік жайма-шуақ тірлікті бұзғысы келгендерге қарсы қалқан ретінде қолданатын болды.

Қонаевтың «ерте жетілген жасты» өзінің тезге салу ниетін ашық түрде білдіргеніне қарамастан, Назарбаевта өз қарсыласына деген жеккөрушілік болған жоқ. Ол тіпті өзінің кей кезде қарт жауынгерге таңқалатынын аңғарды. Шынында да, қайраткердің таңғажайып үлгісі тазартулармен және жаппай қуғын-сүргінмен қыздырылған саяси ретортада өсіп шыққан болатын. Тіпті олар тоқтағаннан кейін де, БКП (б)-нің қайнатуынан шыққан тұқым партиялық билеушілердің одан кейінгі буынында да өздігінен өсіп-өнуді жалғастыра берді.

Назарбаев егер жауласпай, ынтымақты қызмет істейтін болса, республика басшылығында екі дербес ойыншының тұруы әбден мүмкін екенін өзінің барлық іс-қимылдарымен дәлелдеді. Бұл прагматиктің ой қисыны болатын. Бірақ ол өз өмірінің үлкен бөлігін биліктің өзіне сай пирамидасын қалыптастыруға арнаған адам үшін үйлеспейтін дүние болып шықты. Бұл фигурада екі шыңның болуы мүмкін емес! Қалыпты пікірсайысты ол өз беделіне жасалған қастандық ретінде қабылдады. Оның іс-әрекеттеріне тартыс қисыны басшылық етті. Оған сәйкес қарсыластардың тек біреуі ғана қалуы тиіс болатын...

* * *

Ол есікті ашып, ішке енді. Біріншінің қою көк костюмді көмекшісі терезеден жалт бұрылды, бейне-бір кінәсі ашылып қалғандай, жүзінде аздаған ыңғайсызданғандық бар.

– Геннадий Васильевич сізді Камалиденовтің кабинетінде күтіп отыр, – деді де кешірім сұрағандай жымиыспен: – Бұл жерден алаң көрінбейді, ал ана жерден – алақанға салғандай... Бюро мүшелері де онымен бірге, дегенді қосып қойды.

Көмекші жүгіре басып ізеттілікпен дәлізге шығатын есікті ашты. Назарбаев екі жарым жыл бұрын өзі отырған кабинетке қарай дәлізбен асықпай адымдай жөнелді. Ол совминге ауысқаннан кейін алаңға қарайтын қолайлы орын-жайды «идеолог» Камалиденов иеленген болатын.

Колбин қуатты келген быртық саусақтарын тіреп, кеңес өткізетін үстелдің жанында тұр. Бойшаң, беті домбаздау біткен түксиген еркек. Түрі кәдімгі обком хатшысының түрі. Бірақ республикалық компартияның бірінші хатшысының түріне келе қоймайды. Еңсегей бойлы Димаш Ахмедұлынан кейін... Ол алып тұлғалы болатын, әр қимылы билеушіге тән және сонымен бірге, ақсүйектіктік қарапайымдылық бар еді. Қалай дегенде де ұзақ уақыт бірінші тұлға болу – ол әншейін айта салар нәрсе емес.

Назарбаев кіріп келгенде үс­тел басында отырған Қазақстан компар­тиясы Бюросының бірнеше мүшесі біреу әмір еткендей бастарын есік жаққа бұрды. Сөйтіп, идеология жөніндегі хат­шы­ның кең кабинетімен жүріп бара жат­қанда оны көздерімен шығарып салды.

Колбин қолын үстелден алып, мей­манға ұсынды.

– Барлығы дерлік жиналды, сізді күтіп отырмыз, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, – терезе жақты қолымен нұс­қа­ды. – Мына спектакль туралы не айта­сыз? Ыңғайсыз. Менің түсінгім келе­тіні, оларға ым жасаған кімдер, олар рес­пуб­ликалық ОК-дағы кадрлар орна­ласуын қайдан біледі...

Бұл сөзге не айтарсың? Онсыз да бәрі түсінікті болатын. Кремлдік арманшылдар құлаштарын сермеген бетімен лай суға былш етті. «Ыңғайсыз» – сірә, Горбачевті төсегінен тұрғызған болар. Қайдан ыңғайлы бола қойсын!..

Шеру басталғаннан кейінгі алғашқы минуттарда болған осынау қысқа әңгімені Назарбаев кейін талай рет еске алды. Дәл сол жолы, Колбиннен шығып, Орталық Комитеттің дағдыдан тыс бос дәлізінде өзді-өзімен жеке қалған ол өзін алғаш рет тік жартастың жиегінде тұрғандай сезінді. Бұған дейін басынан өткендердің бірде-бірінің 1986 жылдың 17 желтоқсанындағы түнеріңкі салқын таңда оның көз алдында болған оқиғалармен салыстыруға да келмейтінін сезінді.

* * *

Қазақстан тәуелсіздік табалдыры­ғында тұрған уақытта Ли Куан Ю үкімет басшысы лауазымынан кеткен болатын. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын қуана қабыл алды және 1991 жылдың мамырында Алматыға келді. Республикадағы ахуалмен танысқан Сингапур саясатының патриархы Ми­нистрлер кеңесінде жұмыс істейтін жас экономистердің алдында лекция оқуға өз келісімін берді. 69 жастағы саясаткер өзінің қуатымен және ой-пайымдарының айқындығымен ауди­торияны таңқалдырды.

«Ескі когортадан шыққан біздің көптеген кадрларымыз болып жатқан оқиғалардың енді беті қайтпайтынын түсінген жоқ. Соншама жылдар бойы бүкіл әлемнен жабық бола оты­рып, біз жаһандану қатерін толық мөлшерде сезіне алған жоқпыз. Оның мүмкіндіктерін де түсіне алмадық. Бізде өзіне тән «ашық әлемде өмір сүру тәжірибесі» болған жоқ. Сингапур премьер-министрінің 1991 жылғы лекциясы біз үшін ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияларды әзірлеуде бағдарға айналды. Бізге өзіміздің даму жолымызды табу үшін қандай мақсатқа қол жеткізгіміз келетінін анықтап алу қажет болды». Назарбаевтың бұл ретте сингапурлық мейманның саяси институттар алмасу туралы салиқалы пікірін айрықша атап өтуі назар аударарлық. Әлі де өзі жаңадан ие болған кезекті қасаң қағидасына жармасып жүрген Горбачевқа қарағанда ол оның демократияның өзіндік құндылығы туралы пайымдауымен келіскен жоқ, бірақ оған ең алдымен тиімді мемлекет құру тетіктерінің бірі ретінде қарады. «Саяси тұрақтылық бәрінен де маңызды. Азиялық қоғамда тәртіп пен реттілік біртіндеп дамуы тиіс демократиядан гөрі маңыздырақ». Бұл Ли Куан Юдің саяси кредосы болатын. Мен мұндай көзқарастың өзімнің жаныма жағатынын ешқашан жасырған емеспін. Мен әрқашанда «Алдымен экономика, одан кейін саясат» дегенді айтып отырдым. Ол үшін мені сынады да. Бірақ саясатты адамдардың әл-ауқаты мен тыныштығынан маңызды санаған КСРО-ның ыдырау көрінісі менің көз алдымда тұрды». «Ол мұнда аптадан астам уақыт болды, лекциялар оқыды, оның айтқандарын біреулер түсінді, біреулер түсінген жоқ. Менің өзім де ол кезде оның айтқандарының талайын түсіне алған жоқпын. «Ой, саған ұзақ жұмыс істеуге тура келеді, қаншама онжылдық керек болатынын білмеймін», деді ол біздің елден кетіп бара жатып. Бірақ кейін, жұмысымыздың нәтижелерін көргенде барып: «Сен жарадың, мен қателесіппін» деді.

* * *

Таңқаларлығы сол дәл осы бет­бұрысты жыл Назарбаевты бүкілодақтық ауқымдағы саясаткер ретінде ашты. Оның ұлттық проблемаларға деген сындарлы көзқарасы «халықтар достығы» туралы жұртты мезі еткен әнді ыңырси созған коммунистік консерваторлардың ұстанымдарынан және ұлт үшін ұрандауға шыққан неше түрлі экстремистердің (армян, Балтық бойы, украин) үндеулерінен әлдеқайда өзгеше болды. Мұндай жағдайда ұлттық картаны ойнату арбауына берілу өте оңай еді, бірақ табиғи сарабдал ойшылдығы, саяси тәжірибесі мен жеке басының парасаттылығы Нұрсұлтан Назарбаевтың зиянды ұлтшылдықтан бас тартуына кепілдік берді. Осы жолға түскен тәжірибесі аз саясаткерлер билікті, ал кейде өмірлерін де жоғалтты – Әзербайжанда Елшібай, Грузияда Гамсахурдиа, Украинада Кравчук. Айтқандай, ұлтшылдық толқынында көтерілген осынау қайраткерлерінің бірде-бірі Кеңес Одағы ауқымында елеулі тұлғаға айналған жоқ. Оның есесіне тек 1990 жылдың басында ғана шындап танымал болған Назарбаев теледидарлар экраны мен баспасөзде күндіз-түні жалт-жұлт етіп көзге түскен көптеген саясаткерлердің танымалдығын артқа тастады. Сол кезде социологтар Кеңес Одағының азаматтарына «Кімді 1990 жылдың адамы деп атауға болады?» деген сұрақ қойғанда, жауаптар мынадай түрде бөлінді:

Ельцин – 41% ,

Горбачев – 22%,

Тэтчер – 18%,

Буш – 9%,

Коль – 6%,

Назарбаев – 3%,

Саддам Хусейн – 1%.

Саясаттың авансценасына енді ғана шыққан адам үшін бұл өте тамаша нәтиже. Өйткені, осы тізімдегі Назарбаевтың «қарсыластары» үлкен саясатта жылдар, кейде тіпті ондаған жылдар бойы жүрген адамдар. Ал отандық ауыр салмақтылар арасында оның алдына тек Ельцин мен Горбачев қана түсе алды.

* * *

Халқының негізгі бөлігі түркітілді Қазақстан үшін кемалшылар үлгісі тағылым аларлықтай болатын. «Мен Ататүрік туралы бәрін де, ресейлік және батыстық тарихи жазбаларда жазылғандардың бәрін де оқыдым. Оның әр күнін – қалай жұмыс істегенін және нені жасағанын білетін шығармын» деп ойлаймын», дейді президент Назарбаев. Ол әлі кеңестік республиканың басшысы болып жүргенде Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шақыруымен (Мәскеумен келіспестен) Алматыға келген алғашқы шетелдік көшбасшы түрік президенті Тұрғыт Өзал болды. Қазақстанның тәуелсіздігін алдымен таныған Түркия түркі халықтарының бауырластығы мен мәдени біртектілігін бүкіл жан-жүрегімен жақтады, әрине, тарих тауқыметімен Ресей империясының, одан кейін Кеңес Одағының құрамында болған былайғы түркі тілдес ұлттардың идеологиялық, ал реті келіп жатса, саяси шамшырағы болу сияқты ішкі ниет те жоқ емес-тін. Бірақ Қазақстан президенті түрік ынтымақтастығы ішіндегі қарым-қатынастарды иерархиялық қағидат бойынша құруға деген талпыныстың жолын бірден кесті. Жас мемлекеттің анағұрлым ауқаттырақ ағайындарының көмегіне өте мұқтаж болып тұрғанына қарамастан, ол тепе-теңдік қағидатын таңдайтынын кесімді түрде мәлімдеді. Бұл жайт Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан басшыларының Анкарада 1992 жылы өткен саммитінде орын алды. Кездесу қорытындысы бойынша Түркітілдес мемлекеттер достастығын құру туралы хаттама өзара келісудің аз-ақ алдында тұрды, ол бойынша Түркия көшбасшы рөл атқаруға тиіс еді. Бірақ «Бізде бұған дейін бір үлкен аға болған. Ендігі жерде Қазақстан ешқашан ешкімнің кіші інісі болмайды. Сондықтан мұндай декларацияға біз қол қоймаймыз» деген Назарбаевтың сөзінен кейін ол ниеттен бас тартуға тура келді. «Пантюркизм бізге қолайлы келмейді. Біздің тіліміздің ортақ екенін, ортақ түркілік мәдениетті есімізге түсірейік және бір-бірімізге қол созып сауда-саттық жасайық, жақын және ізгілікті елдер, достар болайық. Қарым-қатынасымызды осылай қалыптастырайық», деуге тура келді», деп еске алады ол сәтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл табанды ұстаным жаттық пиғыл туындатқан жоқ, керісінше, президенттің бауырластар арасындағы беделін нығайта түсті. Түркиямен байланыстарға еш нұқсан келген жоқ, қайта, өзара тиімді әріптестік сипатына ие болды. Қазақстанға жұмыс істеуге келген түрік компаниялары қаншама! Соның арқасында қаншама қазақстандық азаматтар бизнесті жүргізудің қазіргі заманғы тәсілдері мен құрылыстың өздеріне таңсық технологияларын үйренді десеңізші! Өзі де экономикалық қиыншылықты бастан кешіп отырған Түркия, соған қарамастан Қазақстанға бауырлас ел үшін өте қажетті 300 миллион доллар несие бөлді.

* * *

Ол кезде ешкімге мәлім емес, жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы жоқ, мұнай туралы заңы да жоқ елге әлеуетті инвесторларды миллиардтар салуға көндіру оңай емес болатын. Іс жүзінде ол кезде салымдар салу сенімділігінің бірден-бір кепілі жас мемлекеттің көшбасшысы ғана бола алатын еді. Назарбаев «Шеврон» компаниясының басшылығына сондай әсер ете білді, сондықтан да келіссөздер үдерісі жылдам әрі тиімді өтті.

Бірлескен кеңестік-америкалық кәсіпорын туралы бұрынғы жос­пар­ланған құжаттар жобасымен танысып шыққан Қазақстан президенті батыс­тық әріптестерге мөлшерден тыс үлкен табыс нормасын алуға жағ­дай жасайтын көптеген ұтылысты тұс­тарды байқады. Сол сияқты Каспий қай­раңының алып ауқымын концессияға беру ниеті де таңқалдырды. Назарбаев америкалықтарды неғұрлым қатаң шең­берлермен шектеуге бекінді. Бірінші кезекте ол «Шевронның» қыз­мет аумағын екі мың шаршы кило­метрмен шектеуді ұсынды. Бұған қат­ты көңіл толмаушылық білдірілді. Ұзаққа созылған келісімдерден кейін бұрғылау өндірісі мен одан кейінгі өндірудің лицензиялық учаскесі үшін екі жарым мың шаршы километр алаң бөлу жөнінде мәмілелік шешім табылды. Қазақстанға аударылатын қаржы нормасын одақтық министрлік келісімінде қарастырылғанмен салыс­тырғанда айтарлықтай арттыру қажеттігі де ескерілді.

Америкалық тарап қазақстандық президенттің айтқанынан қайтпайтын және қатаң әріптес екенін бірден сезінді. Тіпті, Вашингтонның билік құрылымдарындағы жақсы байланыстар да «Шевронға» келіссөздер үстелінде артықшылықтар бере алған жоқ. Назарбаев америкалық үкімет пен президент жанындағы жоғары лауазымды қайраткерлер тарапынан болған қысымға көнбестен әр пункт үшін тартысуға дайын болды. Ол кезде елді басқарған Джордж Буш пен оның қорғаныс министрі Ричард Чейни және президенттің көмекшісі Кондолиза Райс сияқты көптеген жақын қызметкерлері ірі мұнай компанияларымен тығыз байланыста болып, осы бизнесте қомақты дәулетке қол жеткізген болатын. 1992 жылы Вашингтонға өзінің алғашқы сапарында Назарбаев Ақ үйде Теңіз кен орны бойынша мұнай мәмілесіне деген етене мүдделілікті сезінді. Онымен ұзақ әңгімелескен президент Буш қазақстандық мейманның терең білімін дәл бағалады, оны «Сіз мамандығыңыз бойынша мұнайшысыз ба?» деген сұрағынан білуге болатын. «Жоқ, металлургпін», – деп жауап берді Назарбаев.

* * *

ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесуінің 1 желтоқсанда ашылуының да нышандық мәні бар; дәл осы күні алғашқы бүкілхалықтық Қазақстан президенті сайлауы өтті. Онда, 1991-де, Назарбаевқа сенім мандаты берілді, енді республика азаматтарында салтанат сезімі пайда болды. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерден және ын­тымақтастық жөніндегі әріптестерден 38 мемлекет және үкімет басшылары, бір вице-президент, жеті үкімет төра­ға­ларының орынбасарлары, он төрт министр, сондай-ақ, бірқатар халық­аралық және өңірлік ұйымдардың өкіл­дері келді. Олардың арасында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бри­шамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бар.

Еуро-Атлантикалық және Еура­зиялық кеңістіктегі тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстан проблемасы, Приднестровье мен Таулы Қарабақ сияқты «қимылсыз қалған» дау-жан­жалдарды шешу саммиттің негіз­гі тақырыптары болды. Жоғары деңгейдегі кездесу аяқталған соң Астана декларациясы қабылданды. Онда саммитке қатысушылар Хель­синки актісі мен Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясында, ұйымның басқа да құжаттарында бекітілген ЕҚЫҰ-ның міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын растады. Қатысушы елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі (әскери-саяси, экономикалық, адами) бойынша жұмысты жалғастыруға, жауапкершілік кеңістігінде орын алған дау-жанжалдарды реттеу үшін күш-жігерді ұлғайтуға, адам құқын қорғауға, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, қауіпсіздіктің жаңа сын-қатерлеріне тиісінше жауап қайтару мүддесіне сай ұйымға жаңаша тыныс беруге міндеттенді. Қатысушылардың пікірлері бойынша, олардың арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту, «Хельсинки Рухын» жаңа тарихи жағдайларда қайта өркендету саммиттің басты қорытындысы болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кездесуді «Астана рухы» айрықша белгісіне айналған «бүкіл ЕҚЫҰ қоғамдастығы үшін тарихи оқиға» ретінде сипаттады. Ол сірә, ізгі ниеттілік ахуалын, ұйымның бұрынғы беделін қалпына келтіруге деген ортақ ұмтылысты меңзеген болуы керек. Жас елорда бастан өткеріп жатқан өзгерістер рухына меймандарды ортақтастыру да бұл ретте ең соңғы кезектегі мәселе емес еді. Астана көз алдымызда шетқақпай қалған қалашықтан қазіргі заманғы мегаполиске айналып түлеуде. Ол жаңа демократияның таңдаулылар үстелінен орын алуға деген ниетін бейнелейді. Желтоқсанның аязды күндерінде жиналған әлемдік саясат жұлдыздарына Нұрсұлтан Назарбаев паш еткен осындай үлкен де әртекті жиналысты басқару өнері үлкен әсер қалдырды. Бейнелеп айтқанда, салқын тартушылық пен өзара сын-талаптардың ондаған жылдық кезеңінен кейін «саяси үстел басына» қатысушылар тәжірибелі «асабаның» талпынысымен жасалған достық ахуалында емін-еркін күй кешті.

Қазақстанның астанасында өткен «қайта жүктеу» айыптаушылық сөзуарлықтан бас тартып, ұйымды нақты міндеттерді шешу үшін жұмылдыруға жағдай жасады, ол Украинаның шығыс жағында орын алған қарулы қақтығыстар барысында мейлінше көкейкесті болып шықты.

* * *

Президент Назарбаевтың беделі халықаралық істердегі қауіпті дау-жанжалдарды шешу кезінде салмақты факторға айналып отырады. 2014 жылдың жазы мен күзінде Украинаның шығысындағы дау-жанжалға ара­ағай­ындық жасау президенттік дипло­матияның маңызды парағына айналды. Киев билігі мен Донбасс қарулы жасақтарының тіресуіне әкеліп соқ­тырған ұзақ қантөгістен кейін тарап­тардың бітімге келуі одан бетер қиындай түскендей еді. Жанжалға жанама түрде тартылған Ресей бітімгерші рөліне мүлде жарай қоймайтын. Осындай жағдайда беделді өңірлік күш ретіндегі Қазақстанның рөлі күрт өсе түсті. Елдің Киевпен және Мәскеумен бірдей достық байланыстары бар, сондай-ақ, Еуроодақпен және АҚШ-пен арадағы сенімді қарым-қатынастар да бұрыннан қалыптасқан. Астанаға әлемдік жетекші державалар өкілдері жиі-жиі келе бастады. Президент АҚШ президентімен, Германия канцлерімен, Ұлыбритания премьер-министрімен және әлемдік саяси сахнаның басқа да жетекші ойыншыларымен телефон арқылы сөйлесті. Одан Владимир Путинмен қалай жұмыс жүргізу керек­тігі, ресейлік көшбасшыдан нені күтуге болатындығы жөнінде ақыл-кеңестер сұрады. Екіжақты қарсылықтардың дами түсуіне байланысты Украинадағы дағдарысты реттеудегі Қазақстанның шешуші рөлі барған сайын айқын бола түсті».

«Жаңа бастаманы алға бастыру үшін президент Назарбаев бірнеше сапар жасады, олардың алғашқысы Украинаға жасалды. «Қазақстан Ресейге де, Ук­раинаға да бірдей көзқараста, бізде мүд­делер қақтығысы жоқ. Мен – еш тарапқа қолдау көрсетпейтін, бейтарап, қандай да бір үлес қоса алатын адал менеджермін», деп мәлімдеді ол 2014 жылдың желтоқсанында Киевке сапары алдында.

22 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Киевке келді. Президент Порошенкомен және үкімет басшысы Яценюкпен ұзақ сағаттарға созылған келіссөздер жүрді. Қазақстан көшбасшысы өзімен әңгімелесушілердің дағдарыс ахуалын шешуге қалай қарайтынын өз ауыздарынан естіп білгісі келді. Мәміле мүмкіндігін талқылау үшін ол Киевтен бірден Мәскеуге келді. Одан соң германиялық канцлер Меркельмен және француз президенті Олландпен телефон арқылы сөйлесті. Осылайша Қазақстан астанасында төрт ел көшбасшыларының жоғары деңгейдегі кездесуін өткізу идеясы туындады.

Жарты айдан соң, Ресейдің, Украинаның және Францияның көшбасшыларының Астанада кездесу туралы қағидатты келісімдеріне қол жеткізе отырып, Қазақстан президенті Германия канцлерімен келіссөздер жүргізу үшін Берлинге аттанды. Ангела Меркель де жанжалдасушы тараптардың Минск келісімін нақтылы сақтауы жағдайында Назарбаев бастамасын қолдайтынын білдірді.

Бірақ осыдан соң көп ұзамай Донбасста шиеленіс жаңаша қарқын алып, ұрыс қимылдары үдей түсті. Соның алдында қол жеткізілгендердің бәріне қатер төнді. Осы сәтте (21 қаңтарда) АҚШ президенті Обама Астанаға телефон шалды. Ол Назарбаевқа оның дағдарысты реттеудегі сындарлы рөлі үшін, татуластыру үдерісіне неғұрлым ықпалды саясаткерлерді тарта білгені үшін алғыс айтты. Оған жауап ретінде Қазақстан президенті Обамаға украин мәселесі бойынша бітім іздеу ісіне неғұрлым белсенді араласу жөнінде өтініш білдірді. Әңгімелесуші жақ қайғылы оқиғаны дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынына, Минск келісімдерін орындаудың оның кілті болып табылатындығына Назарбаевты сендірді. Ол халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі Қазақстанның күш-жі­герін жоғары бағалады және Назар­баевтың өзінің жанжалды бейбіт жолмен шешу жолын іздеуге белсенді атсалысуын одан әрі жалғастыратынына сенім білдірді.

Қазақстан президенті ұсынған «норманд пішінінде» (Украина мен Ресей басшыларының бетпе-бет емес, жетекші еуропалық елдер көш­бас­шыларының араға жүруімен кездесуі) келіссөздер өткізу идеясы ақыр соңында 2015 жылдың 11-12 ақпанында жүзеге асты. Минскіде өткен ұзаққа созылған келіссөздерден кейін қол жеткізілген уағдаластықтар берік бейбітшілік орнатуға жол ашу мақсатын көздеді. Егер, әрине, жауапты көзқарас басым түсіп, егер атысты тоқтатуды тараптар күш көрсету арқылы шешуге деген жаңа талпыныс алдындағы тыныс алу ретінде ғана қабылдамаса.

Соңғы жаңалықтар