Кеше Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Кролмен кездесті.
Сұхбат барысында кең ауқымды екіжақты құқықтық ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, киберқылмысқа, терроризм мен экстремизмге, есірткі сату, қылмыстық жолмен келген қаражаттың ізін жасыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Бас прокурор елшіні Қазақстанда Бас прокуратура жанынан Құқық қорғау органдарының академиясы құрылғандығы туралы хабардар етіп, АҚШ-тың Құқық қорғау органдары академиясымен ынтымақтастық орнату жөнінде ұсыныс білдірді.
Астана қаласында өтетін зорлық пен экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі саммитке әзірлік мәселелері әңгімелесудің жеке тақырыбы болды, бұл іс-шара ақпанда өткен Вашингтон саммитінің жалғасы болып табылады.
Сұхбаттасушылар трансұлттық қылмыстылықпен күрес бойынша екіжақты қатынастарды жандандырудың қажеттілігін атап көрсетіп, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.