20 Мамыр, 2015

Рухани жаңғыру жолында

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, елордадағы Ұлттық мұражайда Парламент Мәжілісінің депутаты, «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың басшылығымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы аталған кеңестің көшпелі отырысы өтті. Іс-шара барысында жұртшылық назарына тарихи жәдігерлер қойылған көрме ұсынылды.

Бұдан кейін «Елі­міз­дегі тарихи-мәдени мұра ескерт­кіш­терінің қазіргі жай-күйі» тақы­рыбында жиын ұйымдасты­рылып, оның аясында мәдени ескерт­кіштерді реставрациялау, консервациялау, қайтадан қалпына келтіру жұмыстарының саласы, қорық-мұражайларының мәдени туризмді дамытуға қосқан үлесі, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамалардың орындалу мәселелері қаралды.

«Мирас» кеңесі – 2010 жыл­дың 15 қазанында «Нұр Отан» пар­тиясы жанынан құрылған консуль­тативтік-кеңесу органы. Қоғам­дық кеңес құрамында Қазақстан­ның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері бар. Кеңес­тің алдында бірқатар міндет­тер тұр. Олар: «Нұр Отан» партия­сының мәдениет пен өнер саласындағы басым бағыттары мен оларды жүзеге асыру бойынша шараларды айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу, Қазақстанның және шетелдің мәдениет пен өнер саласындағы жай-күйі туралы жүйелі түрде ақпараттандыру, шығармашылық бірлестіктермен, мәдениет және өнер ұйым­дары­мен, шығармашыл зиялы қауым өкілдері­мен өзара қарым-қатынас мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, «Нұр Отан» партиясының мәдениет саласындағы бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға қатысу принциптері мен тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ, мәдениет пен өнер саласына қатысты және қоғам үшін маңызы бар басқа да мәселелерді талқы таразысына салу. Демек, бұл кеңестің алдында қыруар міндеттер тұрғанын аңғартса керек.

«Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасында «Мәдениет пен руханият қоғамды біріктіреді. Мәдениет – өмірдің өнерде, тарихи мұрадан, дәстүр мен тілден нәр алатын аса маңызды саласы. Біз қоғамымыздың бірегейлігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайта түсуді жақтаймыз» делінген. Осы орайда, партия мәдениет пен өнерге айрықша мән беріп, осы салада уәкілетті органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы жүргізілуін бақылауда ұстап, қадағалауды қолға алған екен. Кешегі жиында, әңгіме өзегі, міне, осыған сайды.

Жиынды ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Мәулен Әшім­баев тарихи-мәдени мұра ескерт­кіштерінің сақталуы әрдайым Елбасының назарында тұрған мәселе екенін атап өтті. Мәселен, 2007 жылы өткен «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы тарихи жәдігерлерге қатысты өз алаңдаушылығын білдіріп, бұл тұрғыда тапсырма берген болатын. Сол жиында Елбасы: «Әсіресе, реставрациялық жөндеу жұмыстарының сапасына мұқият болған жөн. Баяғыдай, биыл қыруар қаржы жұмсап жөндеп, жылға жетпей сылағы түсіп, кірпіші құлап, жәдігер-мұраларымыз қотыр тайға ұқсап қалып жүрмесін. Археология жұмысында да бейберекет қаза бермей, қазылған сол тарихи орындарды сақтау жағын да ойластырғандарыңыз жөн. Ұлттық мұраларымыз қарлы боран, жауын-шашынның астында шайылып кетіп жүрмесін. Ертеңгі күні орнын да таба алмай қалып жүрерміз», – деген еді. Президенттің осы ойын ортаға салған Мәулен Әшімбаев былай деді: «Содан бері 8 жыл уақыт өтті. Осы және басқа да тапсырмалар орындалып жатыр ма? Қолданыстағы заңнамалар қаншалықты дәрежеде ықпалды? Тиісті атқарушы органдар осы жағын жіті қадағалап отыр ма? Себебі, бұл сөз әлі де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Біз тарихи нысандарды қорғау жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеруіміз керек».

Жиында Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай, Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев, Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов сөз алып, тарихи-мәдени мұралар, олардың сақталуын қадағалау бағытында атқарылған жұмыстар төңірегінде өз ойларын ортаға салды.

Жиында, сондай-ақ, тарихи-мәдени мұра нысандарында атқарылған ғылыми зерттеулер мен олардың есептілігі, ұлттық құндылықтарды сақтау, зерттеу және насихаттау, оның ішінде қайта қалпына келтіру секілді күрделі тұстарға да қатысты бірқатар сыни пікірлер айтылды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда нарықтық жағдайға орай, реставрация саласында лицензия алған мекеме көп. Өкінішке қарай, қажетті ғылыми тәжірибелік деңгейді талап ететін бұл салада әзірге тек қана олқылықтарды тізбелеуге болады. Бұған «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне» енген бірегей тарихи құрылыс – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы дәлел.

Отырыс соңында мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру мекемелерін лицензиялауды пысықтау, қажетті мамандар даярлау, азаматтарды ескерткіштерге қамқор болуға ынталандыру және бұл үрдістерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мен табиғи апаттардан құтқару шараларын қарастыру бойынша ұсыныстар айтылды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

 
Соңғы жаңалықтар