20 Мамыр, 2015

Орта бизнестен озып шыққандар

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

 

Осыдан біраз бұрын Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Орта бизнестің жетекші компанияларына қолдау көрсету үшін біз «Ұлттық чемпион» белсенділігін іске қосу жөнінде көптен бері айтып келеміз. Бұл жөніндегі жұмыс қалай алға басуда? Қазір маған тым құрығанда бір компанияны атап беріңіздерші» деген болатын.

Елбасының осы сұрағына берген жауабында «Бәйтерек» ҰБК» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев қазірдің өзінде машина жасау, тағам өнеркәсібі, көлік пен логистика саласында жұмыс істеп жатқан 30 көшбасшы компанияның айқындалғандығын мәлімдеген еді. Кеше Астанада болып өткен «Бәсекеге қабілетті көшбас­шылар – ұлттық чемпиондар» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі басқарушы комитеттің отырысында осы айтылған жұмыстың алғашқы қадамдары түйінделді. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқар­масының төрағасы Қуандық Бишімбаев жетекшілік еткен бұл шараға Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев қатысып, жиналғандарға арнап құттықтау сөз сөйледі. Қазіргі күні бағдарламаға қатысушыларға көрсетілетін қолдау құралдары мен тетіктерінің нақты айқындалу үстінде екендігін атап өтті. Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының төралқа төрағасы Ти­мур Құлыбаев отандық орта бизнесті дамыту мәселесінде бұл бағ­дарламаның пайдасы мол екендігін жеткізді. Қуандық Бишімбаев бағдар­ламаны іске асыру аясында соңғы екі айда McKinsey&Company ха­лықаралық компаниясы­мен бірлесе отырып, оған қаты­сушылар арасында іріктеу жұмыс­тарының жүр­гізілгендігін, бүгінгі күні бұл жұмыс аяқталып, 300-ден астам кәсіпорындар арасынан 32 компанияның таңдап алынғандығын, олардың 20-сы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы, 7-еуі машина жасау, 5-еуі құрылыс материалдары өндірісі саласындағы компаниялар екендігін хабарлады. Бүгінгі күні қатысушы ком­панияларға диагности­ка жүр­гізілуде. Оның қорытынды­сында әр компанияға лайықты жеке жоспар әзірленіп, әрі қарай дамуына қатысты тиісті ұсыныстар беріледі. Іріктелген компаниялар бас­қару саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибемен танысып, басқару консалтингі саласында қызмет көрсететін жетек­ші халықаралық компаниялардан өздеріне қажетті нақты прак­тикалық нұсқаулықтарды ала алатын болады. Бағдарламаға қатысушыларға көрсетілетін қолдау құралының тағы бір түрі – мемлекеттік орган­дардың жалпы салаға тән әкім­шілік кедергілерді жою бөлігінде олардың қызметтерін үйлестіруі болып табылады. «Біздің бұл жаңа бағдар­ламамыз шикізаттық емес экспортты дамыту, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру, жоғары жалақы алатын жаңа жұмыс орындарын құру және импорттық өнімдерді отан­дық өнімдермен алмастыру секілді күрделі міндеттерді шешуге бағытталып отыр. Орта бизнесті қолдаудың бұл бағдарламасы сәтті жүзеге асқан жағдайда, біз оған іріктеп алынған компаниялар өздеріндегі еңбек өнімділігін орта есеппен жылына 10 пайызға өсіріп, экспорттық өнімдерінің көлемін қазіргіден 30 пайызға дейін арт­тырады деп күтеміз. Бұлар еліміздің ішкі жалпы өнімінің көлемін өсіруге, экономиканы әртараптандыруға, қазақстандық экспорт көлемін арттыруға, өнімділік пен рентабельділікті нығайтуға үлес қоса алатын және жаңа рыноктарға шыға алатын бәсекелестік қабілеті мығым компанияларға айналуы тиіс. Біздің еліміздің бизнесі үшін айтылған мақсаттарға қол жеткізу өте өзекті болып отыр», деді отырыс барысындағы сөзінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаев. Отырысқа қатысқан компаниялар өкілдері сөз алып, бағдарламаны қолдайтындықтарын жеткізді. – Біз Елбасының бастамасы­мен бұл бағдарламаның қабыл­данғанына қуаныштымыз. Біздің компания осы істе белсенділік танытқандардың бірі болды. Бағ­дарлама орта бизнес саласында бәсекелестік қабілеті мол көшбасшылардың шығуына үлкен ықпал ететін болады, – деді бізбен әңгімесінде «Алагеум груп» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов. – Бағдарламадағы «Бәйтерек» хол­дингінің рөлін қалай баға­лайсыз? – Мұндағы «Бәйтеректің» рөлі өте зор. Өйткені, бұл басқарушы компания өзінің қаржы институттары және агенттіктерімен бізге көмекке келіп, бағдарламаға мем­лекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ететін болады. Қолдау шараларының «Бәйтерек» арқылы бір терезе қағидатымен жүзеге асырылатындығы біздің жұмысымызды жеңілдете түсіп, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін де арттыра түсетіндігі анық. Ал еліміздегі құс еті өндірісінің 20 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отырған «Алель Агро» АҚ қаржы директоры Наим Тұрдиев қазіргі күні өздерінің компаниясы еліміздің ішкі рыногында бәсекелестік қабілетке ие болғанымен сыртқы рынокқа шығудың қиындықтары бар екендігін, міне, осы проблеманы еңсеруде бұл бағдарлама өздеріне үлкен жәрдемші бола алатындығын, себебі, онда көр­сетілген қолдау шаралары мен құралдары компанияларының мүддесіне сәйкес келетіндігін жеткізді. Шара аяқталғаннан кейін жур­налистерге берген шағын сұх­батында «Бәйтеректің» басшысы Қуандық Бишімбаев Елбасының берген тапсырмасына сәйкес бү­гінгі күні ауыл шаруашылығы мен тағам өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салалары бойын­ша болашақта халықаралық нарықтарға белсенді шыға алатын 32 компанияның анықталғандығын, олар шығаратын өнімдердің жалпы көлемі 340 миллиард теңгені құрайтындығын, экспорттық ай­налым көрсеткіші 40 миллиард теңгеге жуық екендігін және олар­дың 23 мың адамды жұмыспен қам­тып отырғандығын жеткізді. – Бұл компаниялар қазірдің өзінде экспорт бағытында жұмыс істеп келеді. Олардың экспорттық өнімдерінің көлемі жылына орта есеппен 12,2 пайызға артуда. Бұл – еліміздің жалпы экономикалық өсімінен жоғары. Міне, осындай себептермен бұл компаниялар таңдауға ілігіп отыр. Ендігі кезекте біз Инвестициялар және даму министрлігі, кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен біріге отырып, оларды неғұрлым жылдам дамытуға лайықталған бағдар­ламалық қолдау шараларын жүзеге асыра бастаймыз, – деді. Егер өзіміздің қазақы тү­сінігімізге лайықтап, мысалмен айтатын болсақ, бүгінгі өткен бұл шара отандық орта бизнестің ұлы бәйгесіне түсетін жүйріктерді анықтағанмен бірдей. Күні ертең олар бабы келіскен жарау аттай сайланып, сол бәйгеге түсетін болады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей сол кезде олардың арасындағы нағыз тұлпарлар – отандық бизнестің чемпиондары анықталады. Бұл – өмірдің бәйгесі, тіршіліктің тұтқасы саналатын экономиканың нағыз бәйгесі. Халықаралық деңгейде шабуға лайықталып отырған оларға іске сәт демекпіз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».