Қайшылық құрсауындағы құрлықтар
[caption id="attachment_74111" align="aligncenter" width="503"] Confused man and question marks. 3d rendered illustration.[/caption] Әлемде қалыптасқан бүгінгі экономикалық, саяси және әлеуметтік тәуекелдерді ескере келіп, Economist Intelligence Unit (EIU) ұйымы «таяу арадағы екі жыл ішінде әлемдік экономика және бизнес ахуалын елеулі өзгеріске ұшыратуы мүмкін» бес басты қатердің тізімін жариялады. Бұл қатерлердің әрқайсысы ең жоғарғы – 25 балл бағамен белгіленді. Сөйтіп, EIU болжамы бойынша әлемдік экономикаға басты қатер мыналар болып белгіленді: – 5. Әлемдік экономиканы тұрақсыздандыратын лаңкестік қатері. Бұл қатердің деңгейі: 12 Сирия және Ирак аумағында құрылған «Ислам мемлекеті» бүкіл әлем бойынша адамдарды лаңкестік оқиғаларға тартуда. «Егер лаңкестік шабуылдар одан әрі күшейетін болса, ол тұтынушыларға және бизнеске ерекше ықпал етіп, америкалық және еуропалық рыноктарды елеулі күйзеліске ұрындыруы мүмкін» деп атап көрсетілген EIU есебінде. – 4. Халықаралық қаржы саясатындағы әртектілік валюта рыногының тұрақсыздығына әкеліп соғады. Бұл қатердің деңгейі: 16. Федералдық қор жүйесі биылғы жылы негізгі ставканы көтермек. Осының салдарынан қаржылық жағдайы әлсіз елдер жоғары бюджет тапшылығын көретін болады. Сонымен бірге, олардың қатарына бюджеті шикізат тауарларының экспортына тікелей байланысты елдер де қосылады. Оған Түркия, ОАР, Ресей және Венесуэла мемлекеттері кіреді. – 3. Ресей және Украина арасындағы ахуалдың шиеленісуі, «қырғиқабақ соғыс» әлегінің күшеюі. Бұл қатердің деңгейі: 16. Қазіргі Батыс елдері мен Ресей арасындағы жағдай «қырғиқабақ соғыс» кезеңін еске түсіреді. Жақында Еуропалық одақ шілде айында аяқталуға тиіс санкцияны одан әрі ұзартты. Оған қарсы Ресей экономикалық жауап шараларын қолданған жоқ. Ал мұндай шаралардың болатындығы сөзсіз. «Оның үстіне сауда санкциясы жасалмаған күннің өзінде, сауда қарым-қатынасының әлсіреуі Ресей экономикасына кері әсер етеді. Ал бұл өз кезегінде Орталық және Шығыс Еуропаның өнеркәсіп өндірісінің құлдырауына әкеп соғады» делінген EIU есебінде. – 2. Шикізат бағасының күрт құлдырауы және Қытай рыногының құлауы дамушы рыноктардың өсімінің төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл қатердің деңгейі: 20. Қазір әлем экономикасы Қытай экономикасы өсімінің төмендеуіне, сондай-ақ, жақын арада болған Қытай рыногының күйреуіне және юаньнің құнсыздануына өте алаңдаушылық танытуда. «Дамушы әлемнің сұранысына тәуелді батыстық өнім өндірушілер мен ритейлерді ескергенде, дамушы рынок өсімі қарқынының ұзақ уақыт төмендеуі Еуропалық одақ және АҚШ елдері үшін елеулі түрде кері әсер етеді» деп атап көрсетілген есепте. – 1. Грекиядағы қалыптасқан ахуал еуроаймақтың ыдырауына әкеп соғуы мүмкін. Бұл қатердің деңгейі: 20. «Біздің ойымызша, мұндай қауіп 2016 жылы одан әрі күшейе түспек. СИРИЗА партиясы тап болған күрделі жағдайды ескере келгенде, несие берушілермен жасалатын жаңа келісімдердің де үлкен қиындыққа тап болатындығы сөзсіз» деп атап көрсетілген есепте. Егер Грекия шын мәнінде еуроаймақтан шығатын болса, онда Еуропалық одақ құрамындағы елдердің арасында үлкен қобалжушылық туындайды. Бірқатар мемлекеттер Грекияның жолын қууы мүмкін. Еуропалық одақта мұндай келеңсіз жағдай орын алатын болса, оның әлемдік экономикаға тигізетін кесірі зор болмақ. «Әлемдік қаржы жүйесі тығырыққа тіреліп, әлемдік экономика терең рецессияға ұрынады» дейді сарапшылар. Сонымен бірге, EIU әлемдік экономикаға және әлемдік рынокқа үлкен қатерлердің бірі ретінде Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында орын алған жанжалды да атап көрсеткен. Еуропалық одақта бірауыздылық жоқ Германияның вице-канцлері Зигмар Габриэль Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің көпшілігінің «келісілген квота» бойынша босқындарды қабылдаудан бас тартуын «үлкен масқаралық» деп атап көрсетті. ARD телеарнасына берген сұхбатында Зигмар Габриэль Еуропалық одаққа кіретін үш мемлекет қана – Германия, Швеция, Австрия босқындардың басым бөлігін қабылдап отыр. Қалған мемлекеттер бұл мәселеде немқұрайлылық танытуда. Олар соғыстан қашқан адамдар үшін шекараларын жауып, Еуропалық одақтың ашық шекара жөніндегі ішкі саясатына қауіп төндіріп отыр. «Менің ойымша, блогқа кіретін мүше-мемлекеттердің көпшілігі «бұл бізге қатысты емес» деп іргесін аулақ салғандығы, үлкен масқаралық болып табылады. Еуропаны қайтадан жабық шекара жағдайына әкелу түптің-түбінде күрделі экономикалық, саяси және мәдени келеңсіздікке ұрындыруы мүмкін», – деп атап көрсетті ол. Зигмар Габриэльдің атап көрсеткеніндей, Германия биылғы жылы әдеттегіден төрт есе көп, яғни 800 мың босқынды қабылдағалы отыр. Алайда, Германия шексіз емес қой, дейді ол. Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус Берлинде өтетін кезекті кездесуге Ангела Меркель мен Франсуа Оланд босқындарға қатысты квота мәселелерін талқылайтын болады, деп атап көрсетті. Бұдан бұрын Еуропалық одақ мүше-мемлекеттердің әрқайсысы қабылдауға тиіс босқындардың квотасын белгілеген еді. Алайда, бұл қадам жүзеге аспай қалды. Себебі, Одаққа қарасты мемлекеттердің көпшілігі бұл идеяға қосылудан бас тартты. Венгрия елге босқындарды кіргізбеу үшін Сербия мемлекетімен арадағы шекара бойынша қорған тұрғызуда. Шілде айында Дания мемлекеті Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінен келетін мигранттар тасқынын азайту үшін босқындар статусы бойынша берілетін көмек қаржыны қысқартатындығын мәлімдеді. Эстония екі жыл ішінде тек қана 150-200 босқын қабылдайтындығын атап көрсетті. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон босқындарды Ұлыбритания аумағына заңсыз кіруге ұмтылған «аралар үйірі» деп мысқылдады. Еурокомиссия Италия мен Грекияға 40 мыңнан астам босқындар жиналып қалғаннан кейін мүше-мемлекеттерді квота бойынша тең дәрежеде адамдарды қабылдауға шақырды. Шілде айында одақ мемлекеттері 32 256 босқынды қабылдауға шешім қабылдады. Ал бұл ретте үстіміздегі жылы Германиядан баспана сұрап өтініш білдірген босқындар саны 800 мыңнан асып кеткен. Германия билігі үстіміздегі жылы елге бұрын-соңды болып көрмеген босқындар тасқыны қаптайтындығын күтуде. Биыл Германияға келетін босқындар саны 2014 жылы бүкіл Еуропалық одақ мемлекеттерінен баспана сұрап, өтініш білдірген босқындар санынан асып кетейін деп тұр. Өткен жылы Еуропалық одақ елдерінен баспана сұраған заңсыз мигранттар саны 626 мың адамды құраса, оның 202 мыңы Германияның үлесіне тиген еді. Қазірдің өзінде Сирия, Косово және Албания елдерінен келген босқындар тасқыны Германияда әлеуметтік күрделі жағдай қалыптастырып отыр. Жергілікті тұрғындар ел аумағында құрылып жатқан уақытша қабылдау орындары мен босқындар лагерьлеріне жиі-жиі шабуыл жасайтын болды. Жақында Хайденау қаласында полиция мен жергілікті тұрғындар арасында үлкен қақтығыс болды. Германия бүгінде кәрі құрлық тап болып отырған күрделі мәселеде Одаққа мүше мемлекеттер көрегендік танытады деп сенеді. 27 тамызда осы мәселе бойынша Венада өтетін саммитте бұл күрделі проблеманың алдын алу мақсатында тиімді шешімдер қабылдануға тиіс. Азиялық рыноктағы «қара дүйсенбі» Тамыз айының осы аптадағы дүйсенбісі азиялық рынок үшін нағыз «қара дүйсенбіге» айналды. Азиялық рынокта Қытай акциялары құлдырап кетті. Сол-ақ екен өңірдегі басқа рыноктардағы ахуал да шиеленісті. Токио биржасы дүйсенбі күні 2,44 пайызға төмендесе, Гонконг биржасы 3 пайызға дейін құлдырады. Дүйсенбі күні биржа жұмыс істей бастаған алғашқы бірнеше минуттың ішінде Жапонияның Nikkei индексі соңғы 5 ай ішіндегі ең төменгі деңгейге құлдыраса, Shanghai Composite шанхайлық индексі 8 пайыздан астам деңгейге дейін төмендеді. Инвесторлар ерекше алаңдаушылық танытуда. «Бұл не деген сұмдық? Котировкалардың үнемі тоқтаусыз құлағанын бұрын-соңды кім көрген? Бір күн құлады, екі, үш, төрт күн құлады, бес күн қатарынан... Міне, бесінші күн қатарынан құлдырауда, көтерілетін түрі жоқ. Әдетте, құлдыраудан кейін қайтадан көтерілу болушы еді. Бұл жолы оның ешбір нышаны байқалмайды. Мұндай жағдайда инвесторлар қайтіп жұмыс істемек? Ендігі әрекеттің бәрі тек шығынға батыруда! Біз қазірдің өзінде осы уақытқа дейін тапқан табысымыздан айырылдық» дейді олар. Инвесторлардың алаңдайтын-ақ жөні бар. Соңғы күндері Қытай экономикасында қалыптасқан ахуал және соңғы 6 жыл ішінде болып көрмеген ең төменгі деңгейге дейін құлаған мұнай бағасы әлем экономикасын шын мәнінде терең тығырыққа тіреді. Сарапшылардың болжамы бойынша, Қытай алдағы уақытта да юаньды құнсыздандыру бағытын ұстанады. Ал бұл әлемдік экономика үшін тағы да үлкен соққы болмақ. Македония босқындар тасқынына төтеп бере ала ма? Македония үкіметі ел аумағында топталып қалған заңсыз мигранттарды Еуропалық одақ шекарасына жеткізу үшін арнаулы көліктер ұйымдастыруда. Үкімет бөлген автобус және пойыздармен мыңдаған босқындар Сербия шекарасына сапар шегуде. Македония мемлекеті Еуропалық одақ мемлекеттеріне ағылған босқындардың орталығына айналуда. Алақандай мемлекет ондаған мың босқын тасқынынан күрделі экономикалық және әлеуметтік қиындықтарға ұшырауда. Ондаған мың адамды тасуға қажетті көлік те жоқ. Алайда, Македония қалыптасқан жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. «Ахуалды толық бақылауда ұстап келеміз. Біз солтүстікке қарай сапар шегетін адамдарды тіркеу үшін орталық құрдық. Әзірге бәрі рет-ретімен жүргізілуде», – дейді Македония қорғаныс министрі Зоран Йолевский. Грекия, Македония және Сербия арқылы Батыс Еуропаға жетуге ұмтылған заңсыз мигранттар қатары күннен-күнге көбейіп барады. «Балқан дәлізі» аталатын осы жолмен Еуропадағы «жұмаққа» ұмтылған адамдар қатары сирейтін емес. Еуропа шекарасына шоғырланған босқындар саны соғыс өрті лаулаған Сирия, Ирак және Ауғанстаннан қашқан босқындармен толығуда. Тек соңғы айдың өзінде ғана бұл «дәліз» арқылы 40 мың адам шекарадан асуға ниеттеніп отыр. Өткен аптада Македония мемлекеті Грекия мемлекетімен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Топан судай қаптаған босқындарды күшпен ғана тоқтатып отыр. Түбегейлі шешім қабылдамаса, бұл мәселенің одан әрі ушығып, кәрі құрлықты күрделі қақтығысқа соқтыруы әбден мүмкін. Тувалу мемлекеті халқын көшірмек Тынық мұхитындағы Тувалу мемлекетінің үкіметі Австралия және Жаңа Зеландия елдері аумағынан ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін, алдағы уақытта өз адамдарын көшіретін жер сатып алуды ойластыруда. Бұл туралы Жаңа Зеландия радиосына берген сұхбатында Тувалу премьер-министрі Энеле Сопоага мәлімдеді. Оның айтуынша, Тувалу халқын туған жерінен үдере қоныс аударуға мәжбүрлейтін соңғы кезде белең алған жаһандық жылыну үдерісі болып отыр. Жаһандық жылыну үдерісі бойынша тек соңғы 60 жылдың ішінде бұл мемлекет орналасқан Экватор сызығының маңында әлемдік мұхит деңгейі 30 сантиметр көтеріліпті. Ал Тувалу мемлекеті орналасқан аралдардың ең жоғарғы нүктесі теңіз суы деңгейінен 4,6 метр биіктікте қоныс тепкен. Осыған орай жақын арадағы ондаған жылдың ішінде Тувалу мемлекеті және басқа шағын аралдарда орналасқан – Кирибати мемлекеттері түгелдей дерлік су астында қалатын түрі бар. Тувалу премьер-министрі Париж қаласында жаһандық ауа райы өзгерістеріне байланысты желтоқсан айында өтетін саммитке қатысушыларға шынайы жанайқайын ашық жеткізді. Ол әлемдік жетекші мемлекеттердің басшыларын «жаһандық жылыну үдерісін тежеуге ықпал ететін кешенді шаралар қабылдау үшін шешім қабылдауға» шақырды. Ол өз сөзінде Париж саммиті қандай шешім қабылдаса да, Тувалу халқын көшіру бастамасы тоқтамайтындығын мәлімдеді. Өйткені, туған жерлері жылдан-жылға су астында қалу қаупі күшейіп келе жатқан тувалулықтар үшін басқа амал қалмаған. Бұл мемлекет туралы айта кететін болсақ, Тувалу экватор сызығынан оңтүстікке қарай Тынық мұхитта орналасқан маржан аралдары мен шағын аралдарда қоныстанған мемлекет. Тувалу мемлекеті қоныстанған аралдардың жалпы көлемі 26 шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны 11 мың адамнан асады. Тувалу әлемдегі ең шағын мемлекеттер ішінде (Ватикан, Монако және Наурудан кейінгі) төртінші орынды иеленеді. Үстіміздегі жылғы наурыз айында Тувалу «Пум» тропикалық дауылынан үлкен зардап шекті. Дауыл аралдарды алып толқындар соққысына алып, тұрғындардың 40 пайызы баспанасыз қалды. Иран мұнай өндіруді арттырады Мұнай рыногындағы өз елінің үлесін қорғап қалу үшін Иран қандай жағдай болса да мұнай өндіру көлемін арттыратын болады, деп мәлімдеді мемлекеттің мұнай министрі Биджан Намдар Зангане. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Иран мемлекеті ОПЕК елдері тарапынан мұнай бағасының төмендеуіне байланысты шаралар қабылдау жөніндегі шұғыл отырыс шақыру шешімін қолдайды. «Иран ОПЕК тарапынан шұғыл отырыс шақыру шешімін қолдайды», деді Зангане. Оның ойынша, бұл басқосу мұнай нарығындағы бағаның тұрақтануын қамтамасыз ету үшін тиімді шешімдер іздестіруі тиіс. Бұдан бұрын мәлім болғандай, мұнай нарығындағы бағаның құлдырауын тоқтатудың амалын іздестіру үшін ОПЕК мәжілісін шақыру туралы Алжир мемлекеті бастама көтерген болатын. Бұл шақыруды Ливия және Венесуэла мемлекеттері қолдады. Енді осы шақыруға Иран да өз келісімін беріп отыр. Мұнай бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін құлдырауына қарамастан ОПЕК мұнай өндіру көлемін төмендетпей келеді. Қазір әлемдік рынокта мұнай өнімінің сұраныстан едәуір асып кеткендігі белгілі. Шілде айында ОПЕК тарапынан өндірілетін мұнай көлемі тәулігіне 32,1 миллиард баррельді құрады. Ал әлемдік рыноктағы мұнай бағасы күннен-күнге төмендеп барады. Дүйсенбіде WTI маркалы мұнайдың әрбір баррелінің бағасы 40 доллардан төмендеп кетсе, Brent мұнайының әрбір баррелі 45 доллардан төмендеген. 14 күдікті ұсталды Испания және Мароккода «Ислам мемлекеті» жағынан Иракта және Сирияда болып жатқан соғыс қимылдарына қатысу үшін еріктілер тартқан 14 күдікті ұсталды. Екі мемлекеттің арнаулы қызметтері Мадрид қаласының шетіндегі Сан-Мартин-де-ла-Вега шағын ауданында және Марокконың Фес, Касабланка, Надор, Эль-Хосейм және Дриуш қалаларында біріккен іздестіру шараларын жүргізді. Осы шұғыл жүргізілген шаралардың барысында тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізіп жүрген 14 күдікті ұсталды. Олар жергілікті тұрғындарды, негізінен жастарды Ирак пен Сирияда болып жатқан соғыс қимылдарына қатысуға тартып жүрген «ИГИЛ» жансыздары болып шықты. Барлау мекемелерінің мәліметі бойынша, «Ислам мемлекеті» әскерінің құрамына бүгінде әлемнің 80 мемлекетінің адамдары тартылған. Олардың қатарында Франция, Ұлыбритания, Германия, Сауд Арабиясы, АҚШ, Канада және Ресей азаматтары бар. Ұшақ апатынан 11 адам опат болды Англиядағы Шорхэме авиашоуы кезіндегі ұшақ апаты салдарынан 11 адам опат болды. Тамыз айының 22 жұлдызында Батыс Сассекс графствосындағы шоссе бойынша жүріп келе жатқан бір топ автомобильдің үстіне апатқа ұшыраған ұшақ құлап, 11 адам қаза тауып, 15 адам ауыр жарақат алды. Авиациялық шоу кезінде апатқа ұшыраған ұшақтың ұшқышы тірі қалған. 1950 жылы шығарылған истребитель-бомбалаушының ұшқышы авиациялық шоу кезінде «ажал тұзағын» жасауға үлгере алмай автомобильдер ағылып жатқан трассаға құлаған. Бұл апатқа авиациялық ойындарды тамашалауға келген 20 мыңнан астам көрермен түгелдей куә болған. Куәлердің айтуынша, апат салдарынан екі үлкен жарылыс орын алған. Соның салдарынан бірқатар автомобильдер жарылып, көптеген адамдар зардап шекті. Қазіргі кезде ұшақ апаты орын алған трасса жабық. Жаңа үкімет жасақтау мүмкіндігі берілді Грекия президенті Прокопис Павлопулос жаңа үкімет құру мандатын – «СИРИЗ» партиясынан бөлініп шыққан «Халық бірлігі» қозғалысының көсемі Панайотис Лафазаниске берді. Грекияда бұрын-соңды болмаған нағыз саяси дағдарыс орын алуда. Осыдан бұрын жаңа үкімет құру мандатын алған оппозиция серкесі Вангелис Меймаракис көпшілікті әуре-сарсаңға салып, жаңа үкімет құру мүмкіндігін іс жүзіне асыра алмады. Саяси сарапшылардың айтуынша, Лафазанистің Алексис Ципрастан айырмашылығы, ол несие берушілермен қандай да болсын келісім жасауға үзілді-кесілді қарсы. «Біз бұл мандатты еліміз үшін бүгінде ең қажетті бір мәселе – үнемдеу саясатына тұрақты түрде қарсылық білдіретін жаңа парламент құру үшін пайдаланамыз», дейді ол. Тамыз айының басында «Үшінші көмек бағдарламасы» туралы шартқа дауыс беруден премьер-министр Алексис Ципрастың көптеген жақтастары бас тартқан болатын. Осының салдарынан бұл коалиция парламенттегі көпшілік дауыстан айырылды. Оның құрамынан «Халық бірлігі» қозғалысы бөлініп шықты. Ал Ципрас отставкаға кетуге мәжбүр болды. Сарапшылардың айтуынша, Лафазанистің жаңа министрлер кабинетін құру жөніндегі талпынысы ең соңғы мүмкіндік болып отыр. Егер үш күн ішінде ол жаңа үкімет жасақтай алмайтын болса, техникалық үкімет жасақтауға мәжбүр болады. Ал бұл саяси дағдарыс мерзімінен бұрын сайлау жүргізуге алып келеді. Босқындар арасында ата-анасыз қалған балалар көп Италия мемлекетінің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі елге келіп жатқан заңсыз мигранттардың арасында кәмелетке толмаған жастардың көп екендігіне алаңдаушылық білдірді. Осы аптаның басында Сицилиядағы Палермо теңіз айлағына Жерорта теңізіндегі апаттан құтқарылған 550 босқын жеткізілді. Олардың 130-ы ата-анасы жоқ 14-17 жас аралығындағы балалар болып шықты. Апаттан құтқарылған жеткіншектер қауіпті «теңіз сапарына» ешкімнің бақылауынсыз шыққаны мәлім болды. Бұл балалар шұғыл түрде сауықтыру орталықтарына жөнелтілді. Сол күні Сардиния аралына 963 заңсыз мигрантты тиеген Норвегия кемесі келді. Олардың басым көпшілігі Сириядағы соғыстан бас сауғалаған босқындар болып шықты. Босқындар арасында ата-анасынан айырылған балалар шоғыры да көп. Сицилия бұғазында күн сайын апатқа ұшыраған мыңдаған мигранттарға көмек көрсетілуде. Теңіз апатына ұшыраған босқындарды құтқару шараларына Италияның әскери кемелері көптеп тартылуда. Су тасқыны орын алды Францияның оңтүстік шығысында орын алған су тасқынынан 3 адам құрбан болды. Төтенше жағдайға себеп болған нөсер жаңбырдың әлі басылатын түрі жоқ. Монпелье елді мекенінде ерлі-зайыптылар машинамен су тасқынының астында қалған. Қала ортасын кесіп өтетін Лез өзені бар болғаны 40 минуттың ішінде ернеуінен шығып тасыған. Тоқтаусыз жауған жаңбырдың салдарынан бірқатар өңірлерде топырақ көшкіні орын алған. Осының салдарынан Оңтүстік Францияның маңызды бағыттарында теміржол байланысы тоқтаған. Топырақ көшкінінің қаупі орын алған аймақта жолаушылар пойызынан 250 адам құтқарылды. Ауа райының қаупі әлі басылмай тұр. Әсіресе, Эро және Гар департаменттерінде жағдай ушығып кеткен. Ал Кантар департаменті қатты дауылдың құрсауында қалған. Онда дауылдан құлаған ағаш астында қалып 71 жастағы турист қаза тапқан. Айқарма беттің материалдарын дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше