Қазір не көп? Бір-біріне сын айтушылар көп. Тырнақ астынан кір іздегендей ұсақ-түйекшілер көп. Тағы не көп деп ойлайсыз? Біреудің жақсылығын көре алмайтын іші тар, қайда жүрсе де бықсық әңгімеге әуес, өсек десе ішкен асын жерге қоятын, қандай да бір іс шын мәнісінде жүзеге асып жатса, оның жақсылығынан гөрі кемшілігін іздеуге құмарлар көп. Бірақ, бір жағынан ойлап қарасаңыз, мұндай адамдардың қызу талқысына түскеніңіз, өзіңіздің ерекше назарда екендігіңізді білдіртеді. Сонымен қатар, мұндай жағдайдың тағы екінші жағы бар. Мұны, әрине, адамның өз-өзін қамшылауға берілген зор мүмкіндік деп білу керек. Бәсекелестікке деген бейіміңіз, жасампаздыққа деген жігеріңіз осындайда білінеді.
Мемлекеттік деңгейде атқарылып жатқан жұмыстардың саны ұшан-теңіз. Освальд Шпенглер: “Өмір сүру дегеніміз – ішкі мүмкіндіктерді жүзеге асыру”, деп айтқанындай, өмірдің жаңа талаптарына, жаңа көшіне ілесу үшін, мемлекеттің абыройын асқақтату үшін әлбетте тынбай еңбек етіп, жұмыс жасау қажет. Әлем алдында: “Сен кімсің?” деген сұрақ туындағанда, өзге мемлекеттің алдында ұялмай жауап беру үшін де ауқымды іс-шаралардың нәтижесімен сөйлеу керек емес пе?!
Елдің саясатына сыни көзқараспен қарау да қанымызға әбден сіңісті болып бара жатқандай.
Қандайда бір кемшілік байқалған жағдайда оған сыни тұрғыдан қарағаннан гөрі жанашырлық ниеттегі ұсыныс айтқан әлдеқайда тиімді болар еді-ау.
Басымыздан сан алуан қиындықты өткеріп, енді ғана кезіндегі бейнеттің зейнетін көрейік дегенде “анау анандай екен, мынау мынандай екен” деп аузымызға не келсе соны айтып жүрміз. “Өзің су ішкен құдыққа түкірме”, деген даналық сөз бар. Қиындық атаулының бәрін жеңіп, енді еңсемізді тіктеп келе жатқанда, жолыңа кесе-көлденең тұрып алатындарды, шын мәнінде, түсіну қиын. Жақсылықтан гөрі жамандыққа үйір, қандайда бір кемшілікті мерген сияқты дәл көздеуге шебер адамдардан оң пікір күту, әрине, қиын. “Асықсаң, жақсылыққа асық”, дейді атам қазақ. Жақсылыққа бейім адамның өмірі де нұрлы болатыны күмәнсіз. Көбіміз осы ақиқатты ойлай бермейтіндейміз.
Мемлекеттің саясатына күмәнмен қараудың, билікке қисынсыз талаптар қоюдың соңы неге әкеліп соғатынын қазіргі әлемде болып жатқан түрлі оқиғалардан көріп жүрміз. Осындайлар бізге сабақ болуы тиіс. Ауызбіршілік, түсіністік жоқ жерде береке болмайтынын есімізден әсте шығармағанымыз жөн.
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізінің салынуы еліміздің әлем алдындағы имиджін көтеріп тастайтыны анық. Ал осы ауқымды жобада шешімі дұрыс табылмай жатқан жәйттер де жоқ емес екенін көзіміз көрді. Мұны біз сын тұрғысында айтқалы отырған жоқпыз. Осы мәселелер оң шешілсе екен, оған себепші болсақ екен дейміз.
Жуырда Көлік және коммуникация министрлігі ұйымдастырған “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” баспасөз шеруі кезінде бел ортадан өсек айтқыш, “жоқты бардай, барды Құдай ұрғандай” етіп көрсетуге құмар біраз БАҚ өкілдері де арамызда болды. Олар жол құрылысындағы азды-көпті кемшіліктерді түйедей етіп көрсетуге тырысты. Кемшіліксіз дүние болмайтыны түсінікті. Бірақ оған мән беріп жатқан олар жоқ.
Еліміздің 5 облысы аймағынан өтетін халықаралық көлік дәлізі құрылысындағы кейбір кемшіліктерді мәселенің мән-жайын жақсы білетін жол құрылысының кәсіби мамандары да жасырмайды. Солардың бірі – ККМ АЖК төрағасының орынбасары Ерұлан Жүнісов. Оның айтуына қарағанда, жол құрылысындағы ең өзекті мәселелердің бірі лабораторияларда лаборанттардың жетіспеушілігі. Мамандардың айтуларынша, Қазақстанның барлық 14 облысының көлемінде жол құрылысына қолданылатын материалдарды арнайы тексеретін лабораториялар жұмыс жасайтын көрінеді. Сонымен қатар, мұндай лабораториялар жылжымалы түрде жұмыс атқарады. Мәселен, қандайда бір жол учаскесі материалының сапасын тексеру керек болса, сол аймаққа барып, барлық лабораториялық тексерістерді жүзеге асырады. Ал “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” көлік дәлізіндегі лабораторияларға келсек, әрбір мердігер компанияда өздерінің лабораториялары болуы шарт екен. Мұндай қадағалау жұмыстары Көлік және коммуникация министрлігінің тікелей бақылауына алынған. Әрбір мердігер компанияның құрамындағы лабораториялар сол мердігер пайдаланатын барлық материалды тексереді. Соған орай материалдардың пайдаға асатындығы немесе аспайтындығы туралы шешім қабылданады.
Ауқымды жобаға байланысты көптеген лабораториялар ашылып жатыр екен. Алайда, шынын айту керек, лаборанттар жеткіліксіз. Қолдарында дипломдары бар көптеген жас маман мұндай жұмыстарға әлі бейімделмеген. Неге десеңіз, олардың көбі құрылыс материалдарын қолдарымен толық ұстап көрмеген. Оқу үрдісінің бәрі тек теория түрінде өткен де, ал нағыз практикаға келгенде құрылыс материалдарын осыған дейін ұстап көрмегендіктен, олармен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді.
Тағы бір өзекті мәселе, арнаулы кәсіби оқу орындары мен кейбір жоғары оқу орындарында заманауи құрылғылармен жабдықталған лабораториялар жоқ көрінеді. Жаңа техниканың тілін білмегендікен, әрине, онымен жұмыс істеу көптеген қиындықтар туғызады. Енді осы мәселелерді шешу керек емес пе! Осыған байланысты жол құрылысы өтетін 4 аймақта салалық министрлік арнайы оқу орталықтарын ашқан. Бұл орталықтарда тек лаборанттар ғана емес, жол құрылысына қатысты барлық мамандар қайта даярланады.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, өзекті мәселеге арналған жауапты қадамдар да өзінің нәтижесін беретіні анық. Егер лаборанттардың жұмыстары дұрыс жолға қойылса, онда алып жобадағы құрылыстың сапасына да еш алаңдаушылық болмайтыны түсінікті жәйт.
Қысқасы, оптимист болайық, құрметті қауым.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.