26 Тамыз, 2015

Еңсені түсірмей, еңбекке жұмылған жөн

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өміржан Айтмағанбетов, БҚО, Ақжайық ауданы, Алмалы ауылы Қазір жаһандағы экономикалық жағдай хақында әрқилы пікірдің айтылып жатқаны мәлім. Яғни, әбігерлі әлем қандай, әңгіменің алуандығы сондай. Алайда, қаладағысы болсын, ауылдағысы болсын, біздің батысқазақстандық ағайынның да толғамын бір ауыз сөзбен былайша түйіндеуге болар еді: «Бұл бір-ақ күнде келген тосын жағдай емес. Әлемдік дағдарыс дегеннің не екенін жақсы білеміз. Оның үстіне, Елбасымыз тіпті күтпеген бөгесіндер, күрмеулер кездесуі ықтималдығын о бастан-ақ халқына қаперлеп келеді ғой». Еліміздегі үлкен ауданның бірі – Ақжайыққа еңбегі мәлім кәсіп иесі Өміржан АЙТМАҒАНБЕТОВПЕН әңгімелескенімізде де ол осы орайда біраз пайымын ортаға салып, ағынан ақтарылды. – Шүкірлігімізден жаңылмаған жұртпыз ғой. «Қара қазан, сары баланың қамы», деп елдің амандығын, маңдай тердің қары­мын, атар таңның арайын тілеп жүріп жатқан жайымыз бар. Жа­һанның көп жеріндегі жағдай «Жыласаң, тағы сабаймынның» кері болып тұр. Қайсыбір жай-күйді салыстырып қарамаймыз. Еліміздің небір құқайға төтеп беруге мүмкіндігі де, қуаты да же­тетінін айтып жату артық шығар. Тәуелсіздік жылдарында талай қиыншылыққа қарсы шаралар уақтылы алынғаны жадымыздан шыққан емес. Соны бағалай білуге тиіспіз. – Өмеке, бүгінде өзіңізді, аға­йын-бауырды қандай бір жайттар ойландырып отыр? – Кейбір азық-түліктің, киім-кешектің бағасы қандай болар екен деген сауал көлденеңдеп тұр. Баға егер көтеріліп жатса, бұған әрине, бір жағынан таңғалуға да болмас. Сарапшылар әлемдік нарық ахуалы сан сұрақ туындатып жатқанын, болжап білмейтін жағдайлар ұшырасуы мүмкін екенін айтуда ғой. Ұлттық банк пен Үкіметтің дағдарысқа қарсы саясаты, жаңа ақша-несие режімі жағдайында әлеуметтік төлемдерді тұрақты ұстау жөнін­дегі шешімдер сенімімізді нықтай түсті. Мен де осы бекем бағыт баянды іске асса, абыржуға еш негіз жоқ деп санаймын. Тек кейбіреулердің аяқ астынан бағаны аспандатуына қарсы бақылау жүйелі түрде жүргізілуі керек. Қалың жұрттың тілегі осы. – Өзіңіздің шаруа қожалығындағы тірлігіңіз қалай? – Аз-кем өткен уақыттан бас­­тайын. «Өзен жағалағанның өзе­гі талмайды» демекші, 90-шы жылдардағы өтпелі кезеңнің нағыз қиын кезінде өзімдей жігіттермен балық аулап, күнкөрістің қамын күйттеп бақтым. Қолға тигенді зайыбым Ләззат екеуміз Орал, Атырау қалаларына апарып саудаладық. Біріне-бірін құрадық. Жол жүрудің азабы өз алдына, көліктің мезгілінде табылмай қалатыны, жолда түрлі тексерулер секілді кедергілердің тала­йын көрдік. Әйтеуір, алған беттен қайтпадық. Бұл болашақ үлкен істердің басы еді. Сөйтіп, құдіретті еңбекке бауыр бастық, іргедегі «Бағырлай» өзені бойынан 2006 жылы 15 гектар жер алып, бақша салуға кірістік. «Болашақ» атты шаруа қожалығымыз өмірге кел­ді, өңіріміздің азық-түлік бағдар­ламасының орындалуына үлес қоса бастадық. Жыл өткен сайын тәжірибе толыға түсті. Өнімнің түрін де молайттық. Қазір тек қарбыз емес, қауын, қияр, қызанақ, пияз, сәбіз де өсіреміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы мына сөзді жаттап алғанмын, орайы келгенде ауылдас­тарыма айтып жүремін: «...мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ, азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс. Және бұл әділетті болмақ! Тағы да атап көрсетейін, бүгінде әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» өтуге барып тіреледі. Сондықтан, адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру – Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі», – дегенінде біле-білсек, зор мән, салмақ жатыр. Бәрімізге қатысты айтылған. Егіншілікте туысқандарым сенімді көмекші болып табылады, өздері де қанаттас бақша салады. Ағам Серік, жиенім Бауыржан, Ләззаттың ағалары Ерсайын, Ерболат, олардың балалары, басқалар да ерте көктемнен күзгі жиын-терім аяқталғанша осы бақшаның төңірегінде жүреді. «Бақшаны баптай білсе – бақ, білмесе – қу жақ» деген, таңның атысы, күннің батысы қыз-қыз қайнаған еңбекпен беттесіп, ынтымақпен ырыстасып жатамыз. Сөйтіп, ағайынның бірлігі үлкен шаруаның шашаусыз жүруіне кепіл қалайды. Сізбен әңгімемізді пайдаланып, тек мен емес, біраз еңбек­кер­ді мазалайтын гәптерді де айта кетейін. Алған өніміңді өткізу қиямет-қайым. Қаладағы базарларда сатар өнімге орын алу қиынның қиыны. Табылса да арзанға түспейді. Шаруа адамының алдынан шығар кедергі-ақ бұлар. Қожалықта «ДТ-75», «МТЗ-80», «ГАЗель», «КамАЗ», сусорғы, сондай-ақ, шөп машиналары, басқа да құрал-жабдық жеткілікті. Қара мал, уақ жандық та өсіреміз. Балам Айнарбек те еңбекке үйірсек, қала базарларына көкөніс тасиды. Қайтарда анасының «Айдана» дүкеніне азық-түлік әкеледі. Кейде «Джиптің», «КамАЗдың» рөліне, «ДТ-75»-ке де отырады, арық-арналардың «қабырғасын» көтереді. Мал азығын дайындауға да қолғабысы жетіп-артылады. Мұның бәрін айтып отырғаным, осындай өрендердің бәрі нағыз еңбек азаматы болып өссе, елдің береке-бірлігі деген сол емес пе, ата-ананың, бүкіл ауылдың мерейі тасыды деген де сол ғой. Ләззат Алмалы орта мектебі мен М.Өтемісов атындағы негізгі мектептерді де азық-түлікпен қамтиды. – Елбасының сөзінен үзінді келтір­гені­ңізге қарап, сізді ма­сыл­дықтың нағыз «қас жауы» деп біліп отырмын... – Бәріміз де солай болғанға не жетсін. Осы сұрақтан туындай­ды, өкінішке қарай, «өкімет өлтір­мейді» деген психология әлі күн­ге бар. Егер мемлекет біз­ді ерке­летіп жіберді-ау десем, ар­тық айт­паспын. Мүмкіндігі бар, бірақ еңбекке қырсыз, шыбық басын сындырмайтындарға да көмек көрсетіліп жататыны неге екен? Соны малданып алған­дар аз емес. Рас, бұл таңда әлеу­мет­тік атаулы көмектің сипатына өзгеріс енгізуге талап бар. Осы­ны күшейту керек. Қысқасы, мы­на дәуірге қарайық, бала-шаға­мыз­бен маңдай тер төгейік. Қан­шама жерден дағдарыс келсе де, ең­семізді түсірмей, еңбекке жұмы­лайық. Басқа шегінер жер жоқ. Келешек ұрпақтың алдында бетіміз қызарып қалмауды қаперден шығармайық. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. Ақжайық ауданы. Алмалы ауылы.