Қазақстан ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет және құқық институтының директоры Ғайрат Сапарғалиев 81 жасқа қараған шағында дүние салды.
Ғайрат Сапарғалиев 1930 жылғы 26 маусымда Семей қаласында дүниеге келді. 1952 жылы Саратов заң институтын, 1955 жылы КСРО Ғылым академиясы Құқық институтының аспирантурасын бітірді. 1967 жылы “Қазақстандағы революциялық-азаттық қозғалысына қарсы патша үкіметінің жазалау саясаты” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1989), академигі (2003) болып сайланды.
Ғ.Сапарғалиев 1955-1992 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында түрлі жауапты қызмет атқарды. Философия және құқық институтының ғалым-хатшысы, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болып қызмет істеді. 1992-2000 жылдарда Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы, Қазақстанның Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының директоры, Қазақ гуманитарлық заң академиясының Мемлекет және құқық институтының директоры болды. Соңғы жылдарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мемлекет және құқық институтының директоры болып қызмет істеді.
ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болды.
Ғайрат Сапарғалиев бүкіл саналы ғұмырын заң ғылымына арнаған нағыз ғалым, ардақты азамат, ұлағатты ұстаз ретінде халыққа танылды. Мемлекет пен құқықтың тарихы мен теориясын, конституциялық құқық пен құқықтық педагогиканың мәселелерін зерттеп, отандық заң ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кезінде Кеңес Одағындағы заң саласы бойынша ең жас ғылым докторларының бірі атанып, ғылымдағы аса биік беделге ие болды.
Ғ.Сапарғалиевтің барлық зерттеулері елдік мүддемен, ұлт мәселесімен толық үйлесім тапты. Кеңестік жүйенің өзінде Ресейдің отарлау саясаты туралы ғылыми еңбек жазып, өзінің азаматтық ұстанымын танытып, қайраткерлік биікке көтерілді. Ол тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуына, Қазақстанның Ғылым академиясының Философия және құқық институтын, заң саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындарын өркендетуге зор үлес қосты. Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасын әзірлеуге белсене қатысты.
Ғ.Сапарғалиев — “Советтік Қазақстанның мемлекеттік және құқықтық тарихы”, “Революцияға дейінгі Қазақстандағы жер аударылған поляктардың қоғамдық-саяси қызметі”, “Қазақстанның мемлекеттік және құқықтық негіздері”, “Қазақстандағы конституциялық құрылыстың орнауы”, “Қазақстан Республикасындағы конституциялық құқық” атты оқулықтар мен монографиялардың және 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Ол алты ғылым докторын және қырықтан астам ғылым кандидатын дайындады.
Ғайрат Сапарғалиев ғылымдағы табысты еңбегі үшін “Құрмет” орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Польша Республикасы Сеймінің ескерткіш медалімен марапатталған.
Көрнекті құқықтанушы-ғалым, талантты ұйымдастырушы, білікті ғалым Ғайрат Сапарғалиевтің жарқын бейнесі оны білетіндердің есінде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы.
ҒИБРАТТЫ ЖАН
Қадірлі Ғайрат ағаны 80 жасқа толған мерейтойымен кеше ғана құттықтап, “Сексеніңіз сергектіктен айырмасын!” деп тілек айтқан едік. Емендей берік сияқты көрінген. Енді, міне, той қызығы тарқамай тұрып, қаралы хабар естіп отырмыз. Қазақ халқы тағы бір ұлы перзентінен айырылды.
Ол қазақ ғылымының тарихында есімі алтын әріппен жазылатын Заңгер болды. Бұрынғы одақтың құқықтанушы ғалымдары арасында талассыз мойындалған тұлғаға айналды. Қазақстанның Конституциясын әзірлеуге, еліміздің мемлекеттілігін қалыптастыруға, құқықтық саясат тұжырымдамасын жасауға үлкен үлес қосты.
Ылғи да ағысқа қарсы жүзді. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған тұсында отаршылдықтың зардаптары туралы ғылыми еңбек жазды. Ұлттық мүддені ұстанып, Алаш зиялыларының саяси-құқықтық көзқарастарын зерттегені үшін қудалауға түсті. Ол өмірде де, ғылымда да қайталанбас құбылыс болды.
Ғайрекең еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін үздіксіз ізденіп, үдетіп жазумен болды. Ол мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған “Мемлекет пен құқық негіздері” атты тұңғыш оқулықтың, құқықтық жоғары оқу орындарына арналған “Конституциялық құқық” оқулықтарының авторы атанды. Қолданыстағы Конституциямызды әзірлеген ғылыми кеңесші топты басқарып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. 60-тан астам монографиялар мен оқулықтардың, 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы болды.
Ғайрат Сапарғалиев ғылымда аса биік беделге ие болды. Біздің де заң ғылымының жолына түсуімізге осындай ардақты ағаларымыздың үлгі-өнегесі ықпал етті. Ол соңына қазақ ұлтының мәңгілік рухани қазынасына айналатын өміршең ғылыми еңбектер қалдырды.
Қазір Ұлттық Ғылым академиясының академигін жоғалту алтынды жоғалтқанмен бірдей. Біз бірақ оның алтын қазынасын жоғалтқанымыз жоқ. Академиктің еңбектері еліміздің игілігіне айнала бермек.
Осыдан бір апта бұрын маған телефон шалды. Ешқандай шаруа айтқан жоқ. Тек аман-саулығын білдірді. Көңілі сергек еді. Ашылып біраз әңгіме айтты. Сөйтсек, қоштасқаны екен ғой... Қош, ғибратты Ғайрат аға! Пейіште нұрыңыз шалқысын!
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД.
АЗАМАТТЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТҰЛҒА
Ғылымға жақын жүргендердің ішінде Ғайрат Сапарғалиұлын білмейтіні жоқ шығар. Заңгер-ғалым, академик ретінде ол республика ғылымына үлкен үлес қосқан азамат еді. Тек өз саласымен шектеліп қалмай, жалпы ғылымның тағдырына араласатындығы арқасында көптеген ғалымдармен аралас-құралас жүрді. Талай адамға қамқорлық жасағанына куә де болғанбыз.
Ол – заңгер, мен – тарихшымын. Тығыз араластық. Бәлкім, оған ғалым ретінде зерттеген тақырыптарының да әсері болған шығар. Ғайрекең патша үкіметінің Қазақстандағы жазалау саясатын құқықтық тұрғыда зерттеп, бұл жөнінде докторлық диссертация да қорғаған. Ал бұл ұлт-азаттық қозғалысын зерттеген тарихшыға да керек-ақ. Әңгіме мұнда ғана емес-ау, кейде бір салада еңбек етіп жүргендер де бір-бірімен тіл табыса алмай жатады ғой. Ал Ғайрекең болса, ақ көңілін білдірген адамға әрқашан құшағын айқара ашып тұрар еді.
Әрине, жұрт, ең алдымен академик Ғайрат Сапарғалиевті тәуелсіздікке қолы жеткен еліміз заңнамасының қалыптасуына айрықша еңбек еткен адам ретінде біледі. Бұл жерде әсіресе елдің Ата Заңы – Конституциямызды әзірлеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көмекші, кеңесші болғанын айтқанымыз жөн болар. Содан да оны мемлекеттігіміздің қалыптасуына және дамуына үлкен үлес қосқан азамат деп танимыз.
Оның қоғамдық өмірдегі, ғылымдағы орны бөлек десек, Ғайрекең адами қарым-қатынаста да ерекше жан еді. Жоғары мәдениеттілігімен, азаматтық келбетімен ерекшеленіп тұратын. Оның достарының арасында әдемі әңгіме-қалжыңымен, кейде асқақтатып ән шырқап, жан-жағына шуақ шашып жүретін сәттерін де ұмыту мүмкін емес.
Атпал азамат өтті арамыздан. Соңына өшпейтін із қалдырып кетті. Сондықтан да болашақ ұрпақ оны ұмытпайды.
Мәлікайдар АСЫЛБЕКОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.
ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ, ТАЛҒАМЫ БИІК
Академик, көрнекті ғалым, заңгер Ғайрат Сапарғалиевті бүгін біздің жанымызда жоқ деп айту тым қиын екендігі айтпаса да түсінікті.
Еліміздің заң ғылымын дамытуға және ең бастысы тәуелсіз мемлекетіміз заңнамасының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан Ғайрат Сапарғалиұлы көптеген шәкірт тәрбиелеген, мейірімі мен тәжірибесі мол ұстаз. Ғылыми жұмыс пен педагогикалық қызметті қатар атқарған профессор өз шәкірттерін ғылымға, өздері ұнатқан мамандығына адал қызмет етуге және сол жолда жоғары жауапкершілік танытуға қажымай-талмай баули білді.
Ғайрекең өзінің туған еліне адал, абыроймен қызмет етті, оның игілігін арттыруға сүбелі үлес қосып, ғылым жолында қажырлылық, іскерлік, үлкен ізденіс танытты. Мен Ғайратты сонау алпысыншы жылдардың бас кезінен бері білемін. Уақыт неткен жүйрік десеңізші, содан бері қазір ойлап отырсам жарты ғасыр зулап өте шығыпты. Қиындығы мен ауыртпалығы айтарлықтай мол, қазақша айтқанда, инемен құдық қазғандай күрделі сала – ғылымға деген үлкен құштарлығымен бірге ол сан қырлы өнерге де бейімділігімен ерекшеленетін.
Елеген ҚАЙЫРЖАНОВ, “Қайнар” университетінің проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор.
ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ ЕДІ
Қазақстанның заңгерлері, бүкіл зиялы қауымы ортамыздағы үлкен ғұлама ғалымнан айырылып қалғанымызға қатты қайғырамын. Ғайрат Сапарғалиев, Ғайрекең дүниеден өтті деген суық хабарды Оқжетпесте демалып жатқанда естідім. Осында кеткенге дейін көріп, дидарласқанымда аман-есен, өте көңілді еді. Тағдырдың жазуы осылай болыпты.
Ғайрат Сапарғалиұлы – біздің заң, құқық саласындағы ғалымдардың ішіндегі патриархтарының бірі еді. Ол тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына өте ауқымды үлес қосқан. Жақында ғана Ғайрекеңнің 80 жасқа толған мерейжасын атап өтіп едік. Сұм ажал болжаусыз уақытта аяқ астынан арамыздан алып кетеді деп ойламаппыз.
Мен Ғайрат Сапарғалиевті 60 жылдай уақыттан бері білемін. Бір қалада, бір ғылым саласында қоян-қолтық араласа жүріп, еңбек еттік. Осы кезеңдерді есіме түсіре қарайтын болсам, Ғайрекеңнің бойындағы көптеген қасиеттерді атап өткен болар едім. Біріншіден, адамға деген ерекше ілтипатын айтар едім. Сонымен қатар, ол өзінің сөзіне өте берік болатын. Айтқан сөзін екі етпей, уақытында орындауға жастайынан дағдыланған еді. Күрделі мәселелерде шешім қабылдауда әрқашанда салмақтылық танытып, жан-жақты ойлай келе, соңғы сөзін айтушы еді.
Ғайрат Сапарғалиев осы уақытқа дейін 200-ден астам ғылыми еңбекті өмірге әкелген, оның ішінде 10-нан астам жеке және 60-тан астам ұжымдық монографиялардың авторы болып табылады.
Ол еліміздің негізгі заңдарын әзірлеуге қатысты. Атап айтқанда, 1978, 1993, 1995 жылғы конституцияларды дайындау жөніндегі жұмыс тобының құрамында болды. Ғайрат Сапарғалиевке белсенді қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі үшін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері атағы берілді.
Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін Ғ.С.Сапарғалиев конституциялық құрылыс (мысалы, “Қазақстан Республикасының парламенттік құқығы”), мемлекеттік қызмет, конституциялық жауапкершілік бойынша бірнеше еңбектер жариялады, соған қоса ол алғаш рет жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған “Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы” оқулығын шығарды. “Мемлекеттік билік тармақтарының олардың қызметі барысындағы өзара ықпалдастығының құқықтық және ұйымдық проблемалары” сияқты тақырыпты жан-жақты зерттеп жүрді.
Ол соңғы жылдары өзінің күш-жігерін жастарды тәрбиелеуге бағыштаумен бірге, көптеген ғылыми жұмыстардың жолында ізденісте болды. “Қазақстан қоғамын жаңғырту жағдайында саяси жүйені қалыптастыру мен жетілдіру” деп аталатын іргелі тақырыпты зерттейтін ғылыми ұйымды басқарған болатын.
Ғайрат Сапарғалиев бүкіл зиялы қауымның жадында, қазақ халқының тарихында қалатын үлкен тұлға. Қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті тұрғанда Ғайрат Сапарғалиев ұмытылмақ емес. Өйткені, ол егемен еліміздің заңдық тұрғыдан қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
Ғайрекеңнің отбасына, артында қалған балаларына, немерелеріне көңіл білдіре отырып, ата жолын қуатын ұрпақтары болсын деп тілек білдіргім келеді.
Жатқан жерің жайлы болсын, аяулы Ғайреке! Алдыңнан Алла жарылқасын... Қош, бауырым...
Сұлтан САРТАЕВ, академик.
ҮНДЕМЕЙ ЖҮРІП КӨП ІС БІТІРДІ
Адам өмірдегі, тарихтағы орнын, рөлін қол жеткізген асулармен айқындайтын болса керек. Ғайрат Сапарғалиевтің өмір жолына осындай тұрғыдан көз жүгіртетін болсақ, ол алмаған асулардың және өтпеген белестердің аз екендігін аңғарамыз. Сондықтан болар Ғайрат Сапарғалиев дүниеден өтті дегенді естігенде жүрегім шымырлап, халқымыз біртуар перзентінен айырылғанын сезгендей болдым.
Екеуміздің жасымызда айырмашылық болғанымен, ол ағамын деп асқақтамады. Қай кезде де құшағын жая қарсы алып, әзіл-қалжыңын араластыра қызықты әңгімесін шертетін. Қатар жұмыс істеген кезімізде оның жазғандарын зейін қоя оқып, білімінің тереңдігіне, дүниетанымының кеңдігіне қайран қалғанмын. Кейін өмірбаянына зер салып қарағанда, кейде томаға-тұйықтау көрінетін Ғайрекеңнің сондайлық көп іс тындырғанына сүйсіндім.
Ғайрекеңді үлкен ғалым, керемет педагог ретінде ғана емес, ғажап өнерпаз ретінде де білетін едім. Әдемі тембрлік дауысымен көптеген арияларды құйқылжыта орындайтын. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт осындай-ақ болса керек.
Ғайрат Сапарғалиевтің тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуына, өзі еңбек еткен ғылыми мекемелердің өркендеуіне сіңірген еңбегі орасан зор. Оның ғалым, азамат, қайраткер ретіндегі атқарған істері әрдайым ұмытылмайды.
Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик.
СОҢҒЫ ТОЙЫ ЕКЕН ҒОЙ
...Ғайрекең биыл 23 маусымда 80 жылдығын тойлады. Соны айтып маған телефон шалды. Мен іссапарға жүретін болып, тойға қатыса алмайтынымды айттым. Сонда Ғайрекең асқан бір салмақтықпен дауысын ширатып: “Менің 80 жылдығыма қатыспасаң, мен де сенің 80 жылдығыңа қатыспаймын”, деді. Мен Ғайрекеңнің мұндай табанасты тапқырлығына мәз болып күліп, өз жеңілгенімді мойындап, сатып алынып қойған билетті өткізіп, академиктің мерейтойына арналған шараларға басынан аяғына дейін қатыстым. Жай қатысқаным жоқ, ол кісінің сұрауымен салтанатты кеш асабасы болдым.
Президенттің Құттықтау сөзімен таңертең басталған мерейтой түн ортасына дейін жалғасты. Ғайрекең өз тойын еліміздің белгілі мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, аға-інілері, ұстаз-шәкірттері, туған-туысқандары, ұл-қыздары, немере-шөберелері арасында арқа-жарқа болып, мәз-мейрам күлкімен, сән-салтанатпен өткізді.
Тойдың бір қызған сәтінде қонақтардың қалалықтардың әдетінше сұранбай біртіндеп “ұрланып” кете бастағанын сезген Ғайрекең маған келіп: “Байқайсың ба, асаба! Маған ұқсаған 80-нен асқандар шаршап тарқай бастады. Мен де солармен бірге ілесіп, білдірмей кетіп қалсам қайтеді?!” деді. Ол кісіні қалжыңдап тұр деп түсінген мен: “Ғайреке, бұл сіздің тойыңыз. Өз тойыңыздан өзіңіз шынымен “тығылып” кетіп қалып жүрмеңіз”, – деп күліп жауап бердім.
Ғайрекеңнің осы 80 жылдық мерейтойы маған оның бар өмірінің әрі символы әрі жемісі болып елестейді.
Халқының арасында, халқымен бірге, халықтан ажырамай бар өмірін “Ұлы той” етіп өткізді ол кісі. Және ешкімге салмағын салмай, өмірінің соңына дейін аттан түспей – әйгілі мемлекет қайраткері ретінде Заң институтының директоры қызметінде жүріп, ақыл-ойының кемел шағында айтарын айтып, жазарын жазып жүріп, ешкімнен ештеңе дәметпей, өз өмірі – өз тойының ең қызған шағында ешкімге білдірмей Тәңірдің қалауымен өз өмірі – өз тойынан жұмысбасты болып жүріп, кетті де қалды.
Жақсы кісі еді – жақсылығы алдынан шыққай...
Алладан түскен аят бар: “Жақсы адам өмірден озса, періштелер оны қарсы алып, “кір жәннатқа жақсы істерің үшін” дейді екен”. Осы аяттың шындығы Ғайрекеңді алдынан тосқай.
Зайлағи КЕНЖАЛИЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі.
ҰСТАЗ ТУРАЛЫ СӨЗ
Біздің заманымыздың ғұлама заңгері, ерекше дарынды құқықтанушысы Ғайрат Сапарғалиұлы Сапарғалиев дүниеден озды. Қазақстандық заңтану ғылымында, қазақстандық заң білімінде, біздің Отанымыздың конституциялық-саяси жүйесінде өшпес әрі терең із қалдырып, өмірмен қоштасты.
Қадірменді ағамыздың көз жұмғанына сене алмай отырмын, мейірбан жүзді, адамгершілігі мол, ылғи көңілді жүретін, әріптесіне, кез келген адам баласына жақсылық, сәттілік, табыс тілеп жүретін асыл ағадан қалай айырылғың келсін...
Сенгім келмейді дейтінім – күні кеше ғана ЕҚЫҰ Төрағасының Жеке өкілі ретінде референдумның барысын байқау үшін Бішкектен Ғайрат Сапарғалиұлына Алматыға телефон шалғанымда, дауысы сергек, ширақ, ел ісінен жан-жақты хабардар екенін біліп, амандық, саулық тілеген едім, ештеңе де оның кенеттен дүниеден озарын маған сездірмеп еді. Ол Қырғызстандағы жағдайға ерекше алаң көңілмен қарап, менің сақ болуымды, өзіме абай болуымды өтінген еді. Ал өзін сұм ажалдан сақтай алмады. Бұл – өте ауыр қайғы.
Ғайрат аға еліміздің Ұлттық Ғылым академиясының нағыз академигі болды. Оның әрбір ғылыми мақаласы, әрбір монографиясы, әрбір оқулығы – ең үздік туынды, ғылым мен шығармашылықтың қоспасы, оның әр сөзді, әр фразаны, әр жағдайды қалт жібермей, ой тізбегінен өткізіп, терең талдап қарауының нәтижесі. Міне, осы бай мұраны мына жердің бетінде өмір сүріп жатқан біздерге аманат етіп қалдырды: егер бұрын біз оның кітаптарын қызыға оқысақ, енді оларды қызығып қана емес, оның Рухын қастерлей отырып оқитын әрі бірнеше қайталап оқитын боламыз.
Екеуміздің Түркияда болған ғылыми симпозиумға бірлесіп барған сапарымыз есіме түседі, сол кезде оның осы ғылыми форумға түрлі елдерден жиналған ғалым әріптестерімізбен шебер, өте сыпайы, бедерлі әрі аса жылылықпен пікірсайысқа қатысқаны қазақ ғылымының биік деңгейін көрсеткен еді.
Ал еліміздің Ата Заңының тұжырымдарын өзінің қандай үлкен зияткерлік қалауымен, жас тәуелсіз елі алдындағы терең жауапкершілігін сезіне отырып, өте мұқият екшелеп, шыңдап, жетілдіргенін айтсаңызшы! Ол президенттік-конституциялық істерге, мемлекеттік істерге, елінің, халқының тәуелсіз, егемен мемлекеттілігінің қалыптасып, дамуына өзінің де үлесі бар екенін әрқашан мақтан етіп отыратын.
Ғайрат ағаның өз жарына қандай нәзіктікпен, қамқорлықпен қарайтынын көрудің өзі көңіл сүйсіндірер еді – олардың қарым-қатынастары оның бүкіл ғұмыр бойы ер азамат пен әйел жанының арасындағы қарым-қатынастардың эталоны болып еді.
Қош бол, ұстаз! Сіз біз үшін ғылыми рухтың шынайы Ақсүйегі болдыңыз әрі біздің жадымызда осы бейнеде мәңгі-бақи сақталып қала бересіз. Өз зиялылығыңыз бен әсем жан дүниеңіздің асыл қазынасын Сіз бізге аямай үлестіріп жүрдіңіз. Біз әрқашан да Сізден тағылым, үлгі алуға тырыстық, Сіздей болмасақ та, Сізге ұқсап бақтық. Сіздің ақылыңыз бен жақсы істеріңіз Өзіңізге деген ризашылығы мол ізбасарларыңыздың естерінде әрдайым сақталады.
Марат СӘРСЕМБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.