Ұлттық академиялық кітапханада Ата Заңымызға 20 жыл толуына байланысты «Конституция» залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Конституция туралы оқырмандардың таным-түсінігін арттыру, сондай-ақ Ата Заңды құрметтеуге тәрбиелеп, белсенді азаматтық ұстанымдарын әрі құқықтық сана-сезімін қалыптастыру мақсатында ашылған «Конституция» залына қарапайым қағидалардан бастап, егеменді еліміздің құқықтық жүйесіне дейінгі құжаттарды, шетелдердің конституциялары қойылыпты. Олардың арасында Конституцияның құрылу тарихына қатысты фото, баспа, аудио және бейнематериалдар, Негізгі Заңның әр жылдардағы басылымдары, Президент Н.Назарбаевтың ұлықтау рәсіміндегі жазбалары, Конституциялық Кеңестің жұмысы туралы материалдар оқырман назарына қойылған.
Аталған салтанатты шараға Конституциялық Кеңестің төрағасы И.Рогов, Конституциялық Кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, елордалық зиялы қауым, белгілі заңгерлер, ғалымдар, қаладағы мәдени мекемелердің жетекшілері қатысты.
«Конституциялық Кеңес пен елдің барлық заңгерлерінің атынан баршаңызды алдағы Қазақстан Конституциясы күнімен құттықтаймын. Негізгі Заңның мерейтойы қарсаңында Ұлттық академиялық кітапханада «Конституция» залының ашылуы таңбалы оқиға болып отыр. Бұл күні Конституция мәтінін қайта қарап шығып, елімізде осы құжатқа негізделе отырып жүзеге асырылған ауқымды жұмыстарға көңіл аударуымыз керек деп ойлаймын. Бүкіл Қазақстан халқы Конституцияның авторы болып табылады, өйткені Негізгі Заң республикалық референдумда барша халықтың дауыс беруі арқылы қабылданған болатын. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды тағы да Ата Заңымыздың 20 жылдығымен құттықтаймын», – деген Конституциялық Кеңестің төрағасы И.Рогов жаңадан ашылған «Конституция» залының тұсауын кесті.
Конституция залының экспозициясы 4 бөлімнен тұрады: қазақтың әдет-ғұрып ережелері, Қазақстан Конституциясының тарихы, 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясы және шетелдердің конституциялары. Экспозицияның басты бұйымдары қазақтың әдет-ғұрып ережелері мен Қазақстан Конституциясының, сондай-ақ шетелдердің Конституцияларының тарихына байланысты 300-ден аса кітап, кітапша, кино-фото-фоно құжаттардан құралған. Конституция залы ғалымдар, студенттер, оқушылар, кітапхана оқырмандары, кітапқұмарлар, сондай-ақ мемлекет тарихы бойынша әуесқойлардың жұмыс жасауына арналып отыр.
Сонымен қатар, залдың ашылуы аясында Конституциялық Кеңес төрағасы кітапханаға бірқатар тарихи бағалы кітаптар табыс етті. Соның бірі, «Уголовное обычное право казахов» атты кітаптың қайта басылған нұсқасы. Оның авторы Тайыр Молдағалиұлы Күлтелеев – тұңғыш заңгер-ғалым, Қазақстандағы құқықтық білім беру мен заң ғылымын дамытуды алғашқы ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың әдет-ғұрып ережелерін зерттеуші.
Көп жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Т.М.Күлтелеевтің докторлық диссертациясы дүниеге келді, алайда оны қорғап үлгере алмады. 1955 жылы аталған еңбек С.Болатов, Л.Дюков, С.Зиманов, А.Филимонова және В.Ким бастаған ғалымдардың күш салуымен монография түрінде жарық көрді.
Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева Конституциялық Кеңестің төрағасы мен барлық ұжымына жаңа залдың ашылуына көмек көрсетіп, шараға қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол «Конституция» залының ашылуына тікелей қолдау көрсеткен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғыс айтты.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».