Тәуелсіздік талаптары
Алдағы жылы ел тәуелсіздігі мен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен атом аждаһасы атанған Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының жиырма жылдық атаулы даталары бүкіл ел көлемінде кеңінен аталып өтілетіндігі сөзсіз. Халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының серкесі Олжас Сүлейменов өз қозғалыстарының жиырма жылдығына арналған халықаралық конференцияда Елбасының сол тұстағы оңды қадамын теңдесі жоқ ерлікке бағалаған еді. Өйткені, бұл кезде бұрынғы Одақ әлі тарай қоймаған-ды. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Қайрат Қадыржановтың өткен жылдың қыркүйек айында “Ядролық және радиациялық физика” деген тақырыппен өткен халықаралық конференцияда АҚШ- тың Невада штатының губернаторы осындай батыл қадамға бара алар ма еді деуі сондықтан.
Өткен жылдың маусым айында Семейдегі аралда ядролық сынақтар құрбандықтарына арналған сәулетті ескерткіш басында сан мыңдаған адамдар қатысқан сындарлы митинг өткізіліп, онда Елбасы тарапынан Семей полигонының жабылған күні – 29 тамызды Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың бүкіл дүниежүзілік күні деп жариялау туралы бастама көтерілгені, іле әлемдік маңызы зор бұл бастаманың Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапқаны белгілі.
Соған орай жыл соңында Семейде тағы бір халықаралық конференция өткізілді. Оның мазмұнды өтуіне аталған қозғалыс жетекшісінің осындағы өкілі Сұлтан Картоев мұрындық бола білді. Семейліктер Елбасы шешімімен Семейде радиациялық медицина кластері ашылып жатқандығына ризашылықтарын білдірді.
Қозғалыстың жергілікті белсенділері мұнымен де шектелмей, алдағы жиырма жылдыққа арналған іс-шараларын одан әрі жүргізіп келеді. Соған орай, қаладағы оқу орындарында “Бейбітшілік сабақтары”, басқа да тақырыптардағы конференциялар мен семинарлар өз жалғасын табуда. Мұнда, сондай-ақ бейбітшілік тақырыбына арналған спорт шараларын, соның ішінде шахмат сайыстарын өткізу тұрақты дәстүрге айналған.
Осы орайда, бұл мәселеде, әсіресе, жастармен жұмысқа ерекше мән берілген. Қозғалыс серкесінің идеясымен әлемдегі басқа да ядролық сынақ полигондарын жабуды қолдау мақсатымен жастардың қолы қойылған қағаздар жинастырылуда. Осындай игі акция барысында қаладағы көлік колледжі көзге түсіп үлгерді. Кезінде қабырғасынан болашақ екі бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан бұл колледж Семейдегі байырғы оқу орындарының бірінен саналады. Колледждің өз мұражайы бар. Қазірде ол бейбітшілік тақырыбына арналған құжаттармен толыға түсуде. Мұнда оқуға қабылданғандар өз оқу орнымен таныстықты ең алдымен осы мұражайдан бастауды дәстүрге айналдырған. Жақында аталып өткен Ұлы Жеңістің 65 жылдығында сондай игі бастама мұнда өз жалғасын тапты. Аталмыш оқу орнының басшысы Александр Люй адамгершілік-патриоттық тәрбие саласындағы осындай игі істерімен облыстық деңгейдегі марапатқа ие болып отырғанын да естіп, білдік. Осылайша Семей өңірінде атом сынақтарына қарсы қозғалыс эстафетасы енді ардагерлер қолынан жастарға өтіп отыр. Мұның бәрі мемлекеттік деңгейдегі ішкі, сыртқы саясатымыздың қалың бұқара тарапынан қолдау тауып келе жатқанын көрсете ме дейміз.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.
АРДАҚТЫ АНА АЛҒЫСЫ
Сұрапыл соғыс басталғанда небәрі тоғыз жаста болғанымен, тыл еңбегіне араласып, ересек азаматтардан қалмай, бейбіт күнді жақындатуға өз үлесін қосқан анамыздың еңбегі ескеріліп, Ұлы Жеңістің 60 және 65 жылдығына орай естелік медальдармен марапатталды.
Қазір Қарабалық ауданында тұратын Әлима Түркенова Ресейге қарасты Челябі облысындағы Полтава ауданында (қазір ол Қарталы ауданы деп аталады) туған. Соғыс жас балаларды ерте есейтіп, ойын-күлкіден айырып, балалығын ұмыттырып еді, сондықтан бейбіт күннің қадірін жақсы түсінетін аяулы анамыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың әлемде бейбітшілік орнатуға бағытталған саясатын бағалау қажеттігін әрқашан айтып отырады, еліміздегі тыныштыққа шүкіршілік етеді.
“Соғыстан кейінгі ауыр тұрмыстан оқуға жағдайым келмеді”, дейді ол өкінішпен. Жеңіс күнін жақындату үшін қаршадайынан еңбекке араласып, Отанымыздың жарқын болашағы үшін жан аямай тер төккен Әлима Шәмшияқызы бүгінде бейбіт өмірдің рахатын көріп отырған бақытты әже. Ол алты ұл, бір қыз сүйген. Сондай-ақ өмірлік жарының бұрынғы некесінен қалған төрт баланы және ержеткізген. Аналарынан ерте көз жазған, аялы ана алақанын аңсаған үш ұл мен бір қызды өз балаларынан кем көрмей, он бір баланы теңдей тәрбиелеген.
“2010 жылдың қаңтарынан бастап 6 бала тәрбиелеп өсірген аналарға “Күміс алқа”, 7 бала тәрбиелеп өсірген аналарға “Алтын алқа” беріліп, зейнетақыларына көп балалы ана ретінде қосымша ақы қосылады екен деп естідім”, деген соң, құжаттарын тапсырған едік. Анамыз Астана күні мерекесіне орай “Алтын алқа” алып, бір жасап қалды. Алғысын да жаудырып жатыр.
“Қазір не керектің бәрі бар, тек ел егемендігі ұзағынан болсын, Елбасы аман болсын, халқымыздың бірлігі мықты болсын! Сонда ғана ел арманы орындалады”, – дейді ол екі сөзінің бірінде.
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ. АСТАНА.
ТҰРСЫНБАЙ БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ
Меңдіғара ауданының орталығында ХVШ ғасырда елді сыртқы жаудан қорғаған Абылай батырларының бірі Тұрсынбай Ертісбайұлына ескерткіш орнатылды. 1700 жылы қазіргі Ресейдің Түмен облысындағы Есіл ауданының жерінде туған Тұрсынбай өз ауылын қалмақ шапқыншылығынан қорғап, 17 жасында батыр атанған. 1758 жылдың күзінде Шығыс Түркістан жерінде Тұрфан асуы үшін болған шайқаста қазақ әскерін Тұрсынбай басқарады. Сонымен қатар, 1771 жылы Еділ бойынан шығыстағы жұртына қоныс аудару мақсатымен көшкен қалмақ шапқыншыларын талқандау кезінде де қазақ әскерін Тұрсынбай батыр бастаған.
Ел аузында Тұрсынбай батырдың ерлігі туралы сақталған әңгіме көп. Батырдан он жеті бала тараған. Өзі 1801 жылы жүзден асқан шағында қазіргі Челябі облысындағы Еткөл ауданы жерінде қайтыс болады.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыстағы ғалымдар, тарихшылар, аудан жұртшылығы жиналды. Батыр туралы ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы батырдың ерлігі мен өмір-деректері, ол өмір сүрген уақыттың еліміз тәуелсіздігі үшін маңызы туралы баяндады. Аудан әкімі Пазыл Жақыпов және басқа да сөз алған меңдіғаралықтар бабалар ерлігін осылай әспеттеу жас ұрпақты патриоттыққа, елін-жерін сүюге тәрбиелейтінін айтты.
Конференция соңы концерт пен спорт жарыстарына ұласты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.
“КӘСІПҚОР” СТИПЕНДИЯСЫ
Елорда күні мен Президент Н.Назарбаевтың мерейтойы қарсаңында Алматы қаласының колледждер ассоциациясы республиканың техникалық және кәсіптік оқу орындарының басшыларына және құрылтайшыларына әлеуметтік жағдайы төмен білім алушыларға жәрдем беру үшін стипендия тағайындау туралы үндеу таратқан еді.
Республиканың барлық аймақтарында Президенттің біртұтас командасының “Кәсіпқор” стипендиясын тағайындау бастамасы қолдау тапты. 2010-2011 оқу жылында 1198 стипендия беріледі, бұл ауыл жастарына, аз қамтылған отбасы балаларына, жетім және мүгедектерге, оралмандарға техникалық және кәсіптік оқу орындарынан бюджеттен тыс қаражат есебінен техникалық және кәсіптік білім алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында – 156, Оңтүстік Қазақстан облысында – 172, Батыс Қазақстан облысында 108 стипендия беріледі.
“Егемен-ақпарат”.