ҮЛКЕН CАММИТ – ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ҮЛКЕН АБЫРОЙ
Күні кеше ғана өткен Ақбұлақтағы 56 елдің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, үлкен Саммит шақыру жөніндегі бірауыздылық Қазақстанның тарихындағы ең елеулі оқиғаның бірі деп санаймын. Оның үстіне ЕҚЫҰ-ның мұндай ауқымдағы жиыны он бір жыл өтпегенін ескерсек, Қазақстанның төрағалығы жылында олардың бас қосуы Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылуы – ол кісінің халықаралық аренадағы беделінің биігін де көрсетсе керек.
Бұл ретте екі нәрсені ала бөтен атар едім, біріншіден,бар нәрсені көрсете білудің өзі де іскерлік. Алатаудың әсем баурайында кездесу өткізіп, олар Қазақстанды, қазақтың қонақжайлылығын, көркем табиғатын көріп қайтты. Екіншіден, алқалы басқосуда Елбасының өзі баяндама жасады.
Кездесуде басты үш мәселе талқыланды. Біріншісі, әлемдік тәртіптің тұрақтылығы. Өйткені, бейбітшіл ел үшін, ең алдымен айналасындағы көрші елдердің тұрақтылығы, олардың бейбітшіл көзқарасы керек. Сонда ғана көршілермен сауда-саттық жүріп, достық қарым-қатынас жасалмақ. Екіншісі, осы мемлекеттер арасындағы бірлестікке бағытталған ортақ құндылықтардың сақталуы. Яғни, лаңкестікке жол бермеу, трансұлттық келісімдер, бейбіт қарым-қатынастардың салтанат құруы. Мәселен, мұндай байланыстар, қарым-қатынастар Еуропа әлемінде бар, олардың бір-бірімен қатынасуына еш кедергі жоқ, шекаралары ашық. Бұл, әсіресе, қарапайым халық үшін өте қолайлы. Міне, осы еуропалық үрдісті біздің Мемлекет басшысы Еуразия кеңістігінде орнатып, достық жағдайда барыс-келісті реттемек. Оның үстіне, біз әлемдік қаржы, экономикалық дағдарыстан шығамыз, экологиялық қауіпсіздік те орнығады. Мысалы, азық-түлік қауіпсіздігіне келсек, кейбір мемлекеттерде табиғаттың қолайсыздығынан, бір жерде жауын-шашын көп болып, егінді жуып-шайып кетсе, бір жерде құрғақшылық, соның салдарынан жетіспеушілік, аштық қаупі туындап жатады. Үшіншісі, этностық және діни төзімділік мәселесі. Бұл жөнінде біздің еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, әлемде соның жақсы үлгісін көрсетіп отыр. Елімізде тұратын барлық ұлт өкілдерінің тұрмыс-жағдайы қазақтан артық болмаса, кем емес. Бұл Елбасы көрегендігінің, тапқырлығының арқасы.
Осы ретте мына бір жәйттің ерекше астын сызып айтып өткім келеді. Төрткүл дүниеде бір ұлттан тұратын мемлекет жоқ. Барлық мемлекет көпұлтты. Бірақ, Қазақстанда оншақты немесе жиырма шақты ұлт өкілі болса, олардың әрқайсысына өздерінің орталығын ашып беріп, тілін, дінін сақтауға толық мүмкіндік жасалған. Бұл – қазақтың кеңдігі, даналығы, дарқандығы. Ата-бабадан келе жатқан қонақ келсе жалғыз қойын сойып тастап отыратын жомарттығы, кеңпейілділігі. Мәселен, Еуропадағы ең демократиялық мемлекет – Францияны алайық. Егер ол елге басқа бір ұлт өкілі көшіп барып, Францияның азаматтығын алса, ол сол күні француз болып шыға келеді. Өйткені, төлқұжатыңда солай жазылған. Яғни, сенің ұлтыңа, дініңе, тіліңе мән беріп жатқан ешкім жоқ. Ал бізде ше? Қазақстанға басқа ұлттан он адам көшіп келсе де, оларға өз орталығын, өз тілін, дәстүрін ұмытпас үшін жексенбілік мектебіне дейін ашып береміз. Шүкір, бүгінде Қазақстандағы қазақ 67 пайызды құрайды. Халықаралық келісім бойынша, егер мемлекетті құраушы ұлт сол халықтың үштен екісін құраса, ол моноэтностық, моноұлттық, яғни бір ұлттан тұратын мемлекет болып есептеледі делінген. Демек, біздің солай жасауға толық құқымыз бар. Бірақ, олай жасап жатқан жоқпыз, Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілінің жағдайымен, салт-дәстүрімен санасып, сыйластықта ғұмыр кешіп келеміз. Меніңше, ең басты әңгіме осында. Ендеше, біздер осы жағдайды бүгінгі ұрпаққа көбірек насихаттауымыз керек. Тарихтан белгілі, соғыс кезінде қазақ топырағына сталиндік солақай саясаттың құрбаны болып келген қаншама ұлт өкілдерін, өздері жетісіп отырмаса да, ең соңғы нанын бөліп беріп аман алып қалды. Осы жағдайды бастан өткеріп, қазақтың жақсылығын көрген сол ағайындардың: “Қазақтар болмағанда қырылып қалар едік, рахмет” дегендерін кезінде өз құлағымызбен естіген куәгердің бірімін. Қазір ол қариялар дүниеден өтіп кетті. Осыны кейінгі ұрпақ біле ме, білмей ме? Білмесе, айтып түсіндіруіміз керек.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағалық жылын бірқатар игі қадамдармен бастады. Мәселен, Қырғызстандағы, Ауғанстандағы шиеленісті жағдайға араласып, нәтижесінде біраз мәселелерді оң шешуге ықпалын тигізуде. Кейбір айтқыштар “төрағалықтың керегі не, үлкен Саммитті өткізудің қажеті бар ма, қанша қаржы кетеді” дегенді айтып қалуда. Мен айтар едім, бұл үлкен ауқымды жиын Қазақстанның даңқын одан әрі биіктетіп, асқақтатпақ. Қаражат шығып кетті деп уайымдамасын, ол қаржы кезінде он, жүз еселеніп қайтып келетін болады. Мемлекеттің халықаралық беделі көтерілген сайын инвестиция құйылып, трансұлттық көптеген өндіріс орны ашылады. Қазақстан онсыз да инвестиция көлемін адам басына шаққанда ТМД елдерінің алдында тұр. Бұл – үлкен жетістік. Инвесторлар зауыт салып берсе, оны қайтадан алып кетпейді ғой. Бір ғана мысал. Кезінде түрік ағайындар Түркістан қаласында 100 млн. долларға керемет университет қалашығын тұрғызды. Кесенені де өз есептерінен күрделі жөндеуден өткізіп берді. Инвестиция деген осы. Қазақ халқына Алла тағала төзімділік, сабырлылық қасиетті енші етіп берсе керек. Келген адамдардың бәрі сыйып кетіп жатады. Ал тыныштығы бар, береке-бірлігі жарасқан елде жұмыс істеу кімге болса да қолайлы, табысты. Ендеше, ЕҚЫҰ-ның үлкен Саммитінің Арқа төсінде елордада өтуі – Қазақстан үшін де, қазақ үшін үлкен абырой, бедел.
Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҚазҰҒА-ның президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
ЕЛ МЕРЕЙІ АРТА БЕРСІН
Серпінді даму жолына түскен елімізде күн сайын дерлік жақсы жаңалықтар болып жатыр емес пе? ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Алматы облысында өткен бейресми кездесуінде қабылданған шешімді мен осындай жаңалықтардың бірегейі ретінде қабылдадым.
Астана бүгінде халықаралық деңгейдегі ірі басқосулар өтетін орынға айналды. Адам жақсылыққа тез үйренеді ғой, содан кейін де шығар, Отанымызда дүбірлі жиындардың жиі өтіп жататындығына оншалықты таңғалмайтын да болдық. Алайда, мен бұл жолғы жиынның орны бөлек дер едім. Олай дейтінім, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – дүние жүзі бойынша алғанда аса беделді ұйым. Тәуелсіздігін алғанына аса көп уақыт бола қоймаған Қазақстан сондай ұйымға төрағалық етіп тұрған кезде ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтетіндігі ел мерейінің бұрынғыдан да өсе түскендігін айғақтайды ғой деп ойлаймын. Бейресми басқосуда сөз алған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Біз өзіміздің қиын таңдауымызды жасап, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Ұйым Саммитін Астанада үстіміздегі жылдың аяғында өткізуді ұсындық” деген жан тебірентерлік сөздері еліміздің бүгінде қандай биіктерге жетіп отырғандығын айқын көрсетеді.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ны жай басқарып қана отырған жоқ, ұйым жұмысын жандандыруға, еуропалық қауіпсіздік ұғымын континенттік аядан шығарып, еуратлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік ұғымдарына айналдыруға барынша күш салуда. Мұны біз Қырғызстан мен Ауғанстандағы жағдайды орнықтыруға бағытталған шаралар мысалынан айқын көріп отырмыз.
Бейресми кездесуге қатысушылар жоғары деңгейдегі кездесуді 2010 жылдың аяғында Астанада өткізу идеясын толықтай қолдайтындықтарын білдірді. Мұның өзі еліміздің, Елбасымыздың өсе түсіп отырған беделінің арқасы деп білемін. Өмір бойы жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері ретінде алдағы уақытта да мерейіміз тасқындай берсін деген ақ тілегімді білдіремін.
Тұрсынхан МҰСАХАНОВ, еңбек ардагері.
Алматы облысы, Қарасай ауданы.
АСТАНА – ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЛАҢЫ
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының жарты жылдығы да артта қалды. Сондықтан да ендігі жерде осы мерзім Қазақстанға не берді, Ұйымның өзіне не берді деген алғашқы сауалдар төңірегінде ой түюге болады ғой деп санаймын. Сәл ғана саяси шегініс жасар болсақ, бұдан екі жыл бұрын, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіндігі белгілі болған кезде, өздерін қазақстандық оппозиционерлердің қатарына қосып жүрген саясатшы топтардың аузынан: ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – Қазақстанның не теңі. Өз абыройын өзі төгу ғой – мұның аты. Ол мұндай міндетті тіпті де атқара алмайды. Қараңыз да тұрыңыз, дәл осылай болады. Ұйымға төрағалық етуге оның өресі жетпейді деген біржақты, сыңаржақ пікірлерді де естігенбіз.
Әрине, ешкімнің аузына қақпақ қоя алмайсың. Бүгінде әлгіндей сыңаржақ пікір білдіргендердің үндері құмығып қалған. Тілдерін тістеп алғандай, үндері мүлдем естілмейді. Өйткені, осы жарты жылдықтың ішінде, Қазақстан айрықша белсенділік танытып, бұған дейін атқарылмаған істерді оң жолға қоя білді. Бұл тұрғыда Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген төмендегідей қағидат маңызды мәнге ие. “ЕҚЫҰ-ға төрағалық елімізде сыртқы саяси табыс ретінде ғана емес, сонымен бірге жалпыұлттық ауқымдағы құндылық ретінде де қабылданды”.
Осы бір қысқа ғана қайырымда Нұрсұлтан Әбішұлы төрағалыққа деген біздің барлық ұстанымымызды әрі Қазақстан тұрғысынан қарастырғанда оның алатын мәні мен маңызын айқын көрсетіп берді деп айта аламыз. Қазақстандық қоғам мен алдағы жылы өзінің тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өткелі отырған мемлекет үшін оның тарихи маңыздылығы айрықша екенін де Елбасының осы пікірі арқылы ұғына аламыз.
Осы арада мынандай сұрақ туындайды: “Бұл бізге не береді?”. Бұл жерде екі факторды атап көрсеткен жөн. Ұйымға төрағалық бірлік пен қазақстандық патриотизм сезімін тереңдетуге ықпал жасап келеді. Сонымен бірге ол мемлекетті одан әрі демократиялық тұрғыда дамыта берудің қуатты катализаторы рөлін атқармақ. Бұған қоса ол қазақстандықтардың өмірі мен тұрмыс деңгейін еуропалық стандарттарға жеткізуге септігін тигізбек. Төрағалық шеңберінде “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының белгіленуі осы пікіріміздің айқын айғағы.
Сондай-ақ, Қазақстанның жарты жыл ішіндегі ұйымға төрағалық қызметінің кейбір нәтижелеріне көз салсақ – ол өз өкілеттілігі шеңберінде ЕҚЫҰ-ның басқа халықаралық ұйымдармен, Азия құрлығымен, ислам әлемімен ынтымақтастығын ұлғайтуға ұмтылып жатқаны дер едік. Өзге де дін өкілдерімен өркениетті үнқатысу жолдарын ұстанып отырғаны да – төрағалықтың тамаша жетістіктерінің бірі болып қала бермек.
Мұның сыртында Қазақстанның төрағалығы тұсындағы ЕҚЫҰ Қазақстанның ұлттық мүдделерін жаһандық деңгейде ұлықтаудың басты өткізгішіне де айналып отыр. Бұл үрдіс, әсіресе, әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық бағыттарда және халықаралық қауіпсіздік жүйесінде айқын байқалады.
Қазақстан төрағалығының ЕҚЫҰ үшін құндылығының басты көрінісінің бірі – халықаралық кеңістік шеңберінде аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін оны жаңғырту бағытын ұстануында. Бұл бағыт Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметімен тығыз үйлесім табуда. Бұл тұрғыда Ақбұлақ кездесуінде Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткен ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі аясындағы төрт Т-дан тұратын траст (cенім), традишн (дәстүр), транспаренси (ашықтық), Толеранс (төзімділік ) рухының алатын орны ерекше. Бұған қосарымыз төзімділік жөнінде таяуда Астанада өткізілген конференция және осы бағыттағы басқа да іргелі қадамдар Қазақстанның әлем жұртшылығы алдындағы абыройы мен беделін одан әрі көтере түседі. Егер бір кездерде ЕҚЫҰ шеті мен шегі жоқ еуропалық кеңістіктің шеткері аймақтарында таптырмас үлгі болса, қазір біз қазақстандықтар оның қатысушысы болып табыламыз. Өйткені, бізде осынау халықаралық ұйымға дауыс беру құқығына қоса, оған көшбасшылық ету құқығы да бар.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының тарихи кезең тұрғысынан тағы бір ерекшелігін айтпай кетуге болмайды. Нұрсұлтан Әбішұлының көпшілікке түсінікті ойды образға орай отырып айтқан тамаша сөзімен түйіндегенде, бүгінде кезінде өз міндетін атқарған Хельсинки үдерісінің жарқылы қазір күңгірт тарта бастады. Әрі мызғымастай көрінген оның кейбір тарауларының күші жойылды. Яғни Елбасының қанатты сөзімен айтқанда, жыл аяғында Қазақстанда өткізілетін ЕҚЫҰ Саммиті әлемдік қауымдастыққа Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” эволюциясын паш етпек.
Бұл екі араны артық-кемі жоқ отыз бес жыл уақыт бөліп жатыр. Бүгінгі уақыт өлшемі мен талабына сайсақ – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші елдер өздерінің саяси ерік-жігерлерін халықтар алдында тұрған осы заманғы сынақтар мен қауіп-қатерлер салқынын төмендетуге жұмсай білуі керек. Әрі осы тұрғыда өрістейтін барлық күрделі сауалдарға өркениетті тұрғыда жауап беруге тиісті. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ретінде бұл сындардан да ойдағыдай өтіп келеді.
Еуратлантика мен Еуразияда қауіпсіздікті сақтаумен кіндіктес жаңаша тұрғыда, Ұйым жауапкершілігіндегі кеңістік құру – ЕҚЫҰ-ның барлық ұстанымдары мен міндеттерін қайтадан бекітіп, жаңғыртып қана қоймайды, сонымен бірге, жаңа тарихи жағдайда Хельсинки рухын қайта өрлетуге өріс ашады. Бұл тарихи міндет те Қазақстан еншісіне тиіп отырған таптырмас мүмкіндік.
Қысқасы, Қазақстанның жаңа елордасы Астана қауіпсіздікті сақтау мен ынтымақтастықты нығайту бағытында ЕҚЫҰ-да қордаланып қалған мәселелерді талқылаудың таптырмас алаңына айналмақ. Осы үнқатысуды кейінге шегермей, дәл биылғы жылы өткізудің қажеттілігі де, өзектілігі де осында.
Бұдан шығатын түйін ЕҚЫҰ Саммитін биыл, 2010 жылы Қазақстанда өткізу идеясын ұсыну арқылы Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қайталанбас мемлекеттік қайраткер ретіндегі қырын әлем жұртшылығына таныта алды. Ендігі жауапкершілік пен салмақтың бір ұшы, оған қайтарылар жауап оның әріптестерінің еншісінде болса керек.
Вячеслав ИНОЧКИН, Батыс Қазақстан облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы.
БӘРІМІЗГЕ ДЕ МАҚТАНЫШ
Елбасымыздың Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу бастамасын өзге мемлекеттердің қызу қолдағанын байқап отырмыз. Саммит өткізу – бәзбіреулерге, өз елінің саяси белсенділігін, дүние жүзі алдындағы беделін көре алмайтындар үшін жай кезекті басқосу көрінгенімен, әлем халқы үшін мәні зор.
Дүбірге толы дүниеде ЕҚЫҰ-ның пәрмені керек тұстары көп. Таулы Қарабақ көрші екі елдің ұлтараздығын өршітуге себепші болып отыр. Біз әдетте, спортшыларға, халықаралық жарыстарда шекара жоқ деп ойлайтынбыз. Дүние бүлінсе, оның шарпуы бұған да тиеді екен. Спортшы болған соң байқаймыз, армян және әзірбайжан спортшылары осы екі елде өтетін жарыстарға біріне-бірі бармай, көріп қалуға тырысады.
Грузин спортшылары жеңіске жеткенде Ресей жанкүйерлерінің қуанбай, қол соқпай отыратындығын да байқадық. Немесе керісінше. Мұны патриотизммен байланыстыруға болмайды. Жалған патриотизм мен шынайы отансүйгіштік қасиеттердің ара-жігін ажырата білу керек.
“Корфу үдерісі” үнемі жалғастырылғаны жөн. Елбасымыз тыныштығы бұзылған мемлекеттердің арасында достық орнату үшін үлкен тәуекелдерге барып жүр. Саммит те соның бір көрінісі.
Мемлекеттердің қауіпсіздігіне пайдасы зор болғанын тілер едік. “Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді” деп аталарымыз айтқандай, дүние жүзі адамдарын бейбітшілік саясаты ұйыстырады.
Болат ҚЫРЫҚБАЕВ, ОҚО спорт және туризм басқармасының бастығы.
ШЫМКЕНТ.
АЛДЫМЕН ӨЗІМІЗГЕ ТАЛАП ҚОЯ БІЛЕЙІК
Ең алдымен, Қазақстанның халықаралық беделді ұйым Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына абыроймен төрағалық жасап отыруының өзі біздің елдің және Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделінің қандай екенін көрсетеді. Оқып, біліп отырмыз, осы ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуінде халықаралық деңгейдегі біраз мәселелер қаралды. Енді ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммиті жыл аяғында Астанада өтетін болып пәтуаласты. Әрине, бұл әбден қолдауға лайық шешім.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Қазақстан өзгелерге өзінің үлгісін ұсынып отыр. Ол – ұлтаралық татулық, дінаралық келісім мен толеранттылық. Қазір бұл үлгіге қандай мемлекет те қызыға қарап отыр. Кеңес Одағы тарағаннан кейін оның құрамында болған елдерде ұлттық негіздегі өрттер ауық-ауық тұтанып отырды, ол әлі де жалғасуда. Ал біз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған айқын да дана саясатының арқасында ұрыс-жанжалсыз, жұмылған жұдырықтай болып, экономикалық тығырықтан шықтық. Ең бастысы, елде ұлттық саясат дұрыс жүргізіліп отыр. Соның арқасында елімізде ешқандай ұлт араздығы жоқ, бірлік бар.
Кеңқолтық қазақ ғасыр басында да, соғыс кезінде де, одан кейінгі жылдарда да сырттан келген өзге ұлт өкілдеріне құшағын ашты. Қазір олар да Қазақстанда тамыр жайып, елдің көркеюіне тізе қосып еңбек етіп жатыр. Әдетте, өрттің өзі байқалмайтын ұшқыннан пайда болады. Сол сияқты ұлт араздығы да тұрмыстағы болмашы уақ реніштен, таластан тууы мүмкін. Осыған ұлтына қарамай әр қазақстандық абай болуымыз керек. Қайсы жылы Қостанайда екі кісі жерге таласып, бір-біріне айтпағанды айтып, ренжісті, сотқа жүгінді. Сонда екі азаматтың арасына араағайын болып, мәселесін шешкенім бар. Егін егіп, кәсіпкер ретінде танылған екі азаматтың ұлттары әртүрлі болғандықтан, істің насырға шауып кетуі әбден мүмкін еді. Мені сонда жерден бұрын ұлттық мәселе қатты қинаған. Абырой болғанда жігіттер кейін түсінісіп, ұлттық татулыққа селкеу түскен жоқ. Менің айтайын дегенім, халықаралық Ұйымға төрағалық жасап, басқаларға төрелік айтып отырған Қазақстан ішкі жағдайға да өте талаппен, жауапкершілікпен қарап, бүгінгі бірлігімізге селкеу түсіріп алмау керек, қазақстандық үлгіні үнемі нығайтып, қасиеттеп ұстау парыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының “алдымен – экономика, сосын – саясат” деген ұстанымы Қазақстанды ерекшелендіретін, алысты меңзейтін саясат. Экономикалық-әлеуметтік дамуымыз жағынан Қазақстан тек Орталық Азиядағы ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағы құрамына кірген елдер арасында да көшбасшыға айналды. Ал жыл аяғында үлкен Саммит өтетін болса, ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларына осы Ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстанның өз ішіндегі осындай жақсы істерді көрсететін болады. Ал бұл елдің, Елбасының беделін көтереді. Көп жылдан бері енді өтейін деп отырған бұл басқосу біздің елді өзгелерге таныта түсуге де зор мүмкіндік.
Сергей ЖАЛЫБИН, заң ғылымдарының докторы, профессор.
ҚОСТАНАЙ.
ИГІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ ІЗГІ ҚАДАМДАР
Қазақ мемлекетінің кәрі құрлық Еуропа төрінде төбебилік еткеніне де жарты жылдан асты. Бұдан отыз бес жыл бұрын құрылған мемлекетаралық беделді құрылымға – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына – түркі елдерінің, мұсылман әлемінің, кешегі Кеңес Одағы республикаларының ішінде бірінші болып, суырылып шығып Қазақстанымыз басшылық етеді деген ой ол кезде үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін жәйт еді ғой. Міне, Жасағанның “мың өліп, мың тірілген” Алаш баласына шын мейірімі түскендігінің куәсі! Міне, дүние жүзі халықтарының, аса өркениетті деген қоғамдардың, тіпті күні кеше ғана Азия жаққа шекесінен қарайтын кейбір елдердің де болашаққа қарыштай қадымдаған елімізді шын мойындағанының, оның қарымына үміт артқандығының белгісі!
Әрине, бұл бақтың аспаннан өздігінен түсе қалмағандығы аян. Дербес шаңырақ көтерген жылдардан бастап осы күнге дейінгі істелген ұлан-ғайыр жұмыстың нәтижесінде сайын даланың келбеті керемет кемелденіп, оны мекендеген ұлыстың санасы адам айтқысыз оң өзгеріске түскендігіне, сөйтіп, тарихи қысқа ғана мерзімде даму үрдісінде оқ бойы ұзап кеткен халықтардың деңгейіне бір-ақ көтерілгеніне әлем таңдай қағып отыр. Және де мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлындай көреген, заманына лайық туған, ұлты үшін жанын шүберекке түйген шынайы Елбасының арқасы екендігі де бесенеден белгілі.
Бұл туралы кеше ғана өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне қатысқандар бірауыздан айтты десек артық емес. Дүниежүзілік сыртқы саясаттың нешеме марқасқалары Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еуропалық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан айтарлықтай үлесіне, еліміздің атом қаруынан бас тартумен шектелмей, бейбітшілік орнату саясатын табандылықпен жалғастырып келе жатқанына зор ризашылықпен назар аударды.
Ана бір жылдары бұрынғы Көкшетау облысында алғаш кіші Ассамблея құрылып, үш жылдай соның атқарушы хатшысы болып істеген едім. Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы үш сессиясына, көптеген алқалы жиындарға қатысудың сәті түскен. Сол кездегі ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссары Ван дер Стулмен де бір-екі рет кездестім. Сондағы осынау саясаткердің Қазақстандағы этносаралық келісімді, қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы Ассамблея сияқты басқа еш жерде жоқ пәрменді тетіктің дүниеге келуі және мұның барша әлемге үлгі екендігі туралы, жалпы елімізде ерекше ішкі саясат жүргізіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев туралы тебірене айтқандары әлі есімде. Бүгінгі таңда Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төраға ретінде жемісті еңбек етіп келе жатқандығы сол сара саясаттың қисынды жалғасы болса керек.
Енді алда тағы да үлкен жалпыпланеталық мәні бар шаруа күтіп тұр: ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының жаңа мыңжылдықтағы, XXІ ғасырдағы алғашқы саммиті он бір жыл өткеннен кейін, үстіміздегі жылдың аяғында Астанада өтетін болды. Осынау аса маңызды оқиғаның еліміздің Еуропадағы төрағалығы тұсында өтетінінің өзі айтарлықтай оқиға. Әрине, шүкіршілік дейміз, тәубе дейміз, Жаратушым Алашты абырой биігінен тағы да көрсете гөр деп тілейміз көп болып. Және де бұл аса ауқымды, мәртебелі шараны Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақ елі тиісті дәрежесінде өткізеді, сөйтіп, жер бетінде сенімділіктің, ынтымақтастықтың артуына кезекті нық қадам жасалады деп айта аламыз.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ, Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы.
БАУЫРМАЛДЫҚ БЕСІГІ
Біз білетіндей алдымыздағы үлкендер ел іші тыныштығын, өмір шырайының шырқы бұзылмауын, ұрпақтары есендігін тілеп отырушы еді. Сондай жасқа келгенде менің де жүректегі тілегім береке-бірліктің беріктігі, татулық-туысқандықтың мызғымастығы бола беруі. Шүкір, солай болып келеді. Халқымыздың ежелден ынтымақты тіршілік жарастығын өсиет етіп, ардақ тұтуды үндеуін қазір жаңаша сипатта әлемге таныту қанымыздағы қасиеттің арқасы деуіме болатындай. Қазақстанымыздың өз аумағында ғана емес, енді дүние жүзіндегі барлық елдерді өзара түсіністікке, бауырмалдыққа ұйыстыруға ұйытқы болып отыруы көпті көрген бізге әсіресе әсерлі. Барша жұртты бірлікке шақырған араағайындық даусының Алатау баурайынан тағы бір айрықша естіліп, жаһан түкпір-түкпіріне жетуі, елім қол жеткізіп жатқан жетістіктерге шын қуанатын, биіктей түсуіне тілеуқор жан ретінде көңілімді марқайтып тастағанын айтар едім.
Әртүрлі саяси ұстанымдағы, қоғамдық дамудың өзіндік жолдары бөлек мемлекеттерді ең ізгі ниетке үндестіруді үйлестіру, тіл табысуға жетелеу жеңіл іс емес деп ойлаймын. Солай болғанымен жас мемлекетіміздің көрсетілген сенімді, жүктелген жауапкершілікті ойдағыдай атқарып келе жатуын, ең алдымен өзім Қазақстан Магниткасында бастаған еңбек жолына куәгер Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы іс-қызметінің нәтижесіне балаймын. Жақында отандық тұңғыш шойын алынудың 50 жылдығына арналған салтанатты жиналыста металлургтер алдында сөйлеген сөзінде Елбасы: “Қазақстан Магниткасы – халық бірлігі мен жасампаздығының жарқын үлгісі. Мұнда алуан түрлі ұлт өкілдері жұмыла еңбек етті. Бірлігі жарасқан халық Теміртауды татулық бесігіне айналдырды”, деп атағандай Қазақстанымыздың әлемнің бауырмалдық бесікте тербелуіне терең із салатындығына сенемін. Оның негізін нығайтушы ел екені бәрімізге зор мерей. Соған ұмтылушы мәртебелі Ұйымның беделін асырып, үлгілі бастамашылдығымен өз мәртебесін де өсірген еліміздің бұл қадамы құтты болып отыруына қуанамын. “Бейбіт елде сән болар” деген емес пе халқымыз. Жаңа ғасырда соның күнін туғызушылардың көшбасында Қазақстанымыздың танылуы тамаша құбылыс.
Арғын ЖҮНІСОВ, байырғы металлург, Қазақстанның Еңбек Ері.
ТЕМІРТАУ.
БАРЛЫҒЫ БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІҢ АРҚАСЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде қазірде біздің еліміз төрағалық етіп отырған ұйым 1975 жылы құрылғанын айта келіп, сол тұста әлі әлемнің саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мемлекеттің 35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар деді.
Енді, міне, ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті Қазақстан төрағалығы тұсында өтетін болып шешіліп отыр. Солайша біздің еліміз соншалықты аз уақыт ішінде ұдайы түрде әлем жұртшылығы назарында келеді. Өз басым мұның бәрі еліміздегі береке-бірліктің арқасы ма деймін. Ал сол береке-бірліктің бірден-бір ұйтқысы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев екендігіне кімнің дауы бар!
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді дейді қазақ халқы. Солай болды да. Ең алдымен, экономика деген Елбасы сөзіне қалтқысыз иланған қазақстандықтар Тұңғыш Президентке зор қолдау білдірді. Елбасымыз ұсынған ұлттар бірлігі, дінге құрмет идеясы да өміршең болып шықты. Бармасаң, келмесең жат боласың деген оймен алыс-жақын елдермен де қоян-қолтық араласа бастадық. Осы орайда өзім білетін бір ғана мысалды айта кетейін. Бұрнағы жылы Қазақстанның Германиядағы, ал биылғы жылы Германияның Қазақстандағы жылы табысты өтуде.
Міне, осының бәрі қосыла келгенде биік шыңға шығатын баспалдақ болды ма деймін. Сондықтан Жаратқан алда да елімізді береке-бірліктен айырмасын! Өзіміз де соған сай болайық, ағайын!
Анатолий ВИЗЕ, немістердің “Возрождение” облыстық бірлестігінің төрағасы.
СЕМЕЙ.