Биылғы жылғы VIII Астана экономикалық форумының аясында 22 мамырда «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ-тың «ЭКСПО-2017 – тұрақты даму үшін энергия» тақырыбындағы панельдік сессиясы өтеді. Оған жеті халықаралық сарапшылар мен отандық ғалымдар және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, еліміздің даму институттары, бизнес өкілдері қатысады.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры Салтанат Рахымбекова мәлімдеді. Оның айтуы бойынша, біздің Қазақстан мемлекеті ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетін ел болып тағайындалғалы бері 2013 жылдан бастап дәстүрлі түрде АЭФ бағдарламасы мен G-Global алаңында «Болашақ энергиясы» талқыланып келеді. Сондай-ақ, аталған көрменің мәні «ЭКСПО-2017 – «Тұрақты даму үшін энергия» және «Энергия тиімділік – «жасыл» технологиялар мен төменгі көміртекті экономиканың негізі» атты екі панельдік сессиясының барысында ашылатынын айтты.
Сонымен қатар, Астана экономикалық форумы барысында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін алға жылжытуды насихаттау белсенді жүріп жатыр, дей келе аталған панельдік сессияға қатысуға ниет білдіргендердің көп екендігін атап айтты.
Және де ол үстіміздегі жылғы VIII АЭФ-те «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың Қазақстанның даму институттарымен және қоғамдық ұйымдарымен бірлесе жүзеге асырып отырған «Виртуалды ЭКСПО-2017» жобасының таныстырылымы өтетіндігін, аталған жаңалықтың игі бастама екендігін жеткізді. Жаңа компоненттермен толығып отырған жобаның ерекшеліктерін атап өткен С.Рахымбекова аталған жобаның «жасыл» технологиялар мен инновациялар, «Online EXPO-2017» республикалық байқауы, ЭКСПО-ның виртуалды форумынан тұратындығын көлденең тартты.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».