07 Наурыз, 2015

Қазақ спортының қызғалдақтары

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Зарина ДиасЕліміздің дамуына, оның әлем алдындағы беделінің артуына сүбелі үлес қосып жүрген бойжеткендеріміз аз емес. Әсіресе, спорт саласында тер төгіп, бәсі биік бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген аруларымыздың қатары жыл сайын артып келеді. Түсіне білгенге, бұл үлкен жетістік. Соңғы жылдары еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып, лайықты бағасын алып жүрген қыздарымыздың арасында волейболшы Сабина Алтынбекованың есімін ерекше айтуға болады. 1996 жылы Ақтөбе қаласында туған спортшы қыз 14 жасынан бастап волейболмен шұғылдана бастайды. «Қазхром» (Ақтөбе), «Алматиночка» (Ал­маты) клубтарында өнер көр­сет­кен ол мамандардың назарына ілігіп, 17 жасында, яғни 2013 жылы волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасына қабылданады. Сабина Алтынбекова 1+Сабина Тэйбэй қаласында жалауын көтерген Азия чемпио­натында жұртшылықтың ерекше ілтипатына бөленіп, таны­малдылығы арта түсті. Волей­болдан 19 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен бұл бәсекеде қазақ қызының ойынындағы шеберлігіне, өзін-өзі ұстауына, жүріс-тұрысына және көркі мен тұла бойының сымба­ттылығына талайлар тәнті болды. Қытай, Жапония және басқа да азиялық елдердің журналистері Сабинадан жарыса сұхбат алып, репортаждар түсірді. Сол сияқты интернетте көп­теген роликтер пайда болды. Азиялық жанкүйерлер оның келбетінің түрлі жағымды кейіпкерлерге ұқсайтынын жеткізді. Өз кезегінде біздің қо­ғам шетелдіктердің бұл спорт­шымызға деген құрметін жалпы қазақ қыздарына көрсе­тілген ыстық ықылас деп қа­былдады. Осы арада бір айта кетер жайт, танымалдылығы күрт өскен волейболшы ару мұның бәрін салқынқандылықпен қабылдады. Асып-сасқан жоқ. Кеудемсоқтыққа, тәкаппарлыққа бой алдырмай, нағыз қазақ қызына тән байсалдылық таныта білді. Бұл Сабина Алтынбекованың зор құрметке лайықты ару екенін білдірсе керек. Осы орайда тағы бір спортшы қызымыз – Зарина Диас жөнінде де аз-кем тоқтала кетсек артықтық етпес. Бүгінде Заринаны әлем таниды. 1993 жылы Алматы қала­сында туған ол теннисте жоғары көрсеткішке қол жеткізген қазақ­стандық алғашқы саңлақ. Зарина спорттағы жұлдызды жолын 2009 жылы бастады. Содан бері ол ITF санатындағы турнирлерде 5 мәрте жеңіске жеткен. Сондай-ақ, 2014 жылы Осакада (Жапония) өткен WTA турнирінде финалға дейін жетті. Ал теннисте шоқтығы биік болып саналатын «Үлкен Дулыға» турнирлеріне осыған дейін 5 рет қатысты. Соның ішінде ең жоғарғы нәтижесі 2014 жылғы Уимблдон турнирінде тіркелді. Нақты айтар болсақ, сол жарыста біздің қыз 4-ші айналымға дейін жетті. Жалпы, Зарина «Үлкен Дулыға» бәсекелеріне тек 2014 жылдан бері қатыса бас­тады. Айта кетейік, өткен жылдың басында Зарина WTA рейтингінде жүздікке де кірмейтін еді. Ал сол жылдың соңында әлемдегі ең үздік 40 теннисшінің қатарына қосылды. Бүгінде сайыпқыран саңлағымыз жаһанның 32-ші ракеткасы. Бұрын-соңды Қазақстан тен­нисі тари­хын­да дәл мұн­дай ме­жеге еш­кім жет­кен емес. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».