07 Наурыз, 2015

Заңгер-ұстаз, қайраткер

562 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
СнимокҚазақ гуманитарлық заң университетінің президенті, Жоғары мектеп ғылымдары халықаралық академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев жақында 75 жасқа толады. Мен Мақсұт Сұлтанұлын 1990 жылдардың басынан білемін, жақын танысуымыз 1993 жылы 12 тамызда Сарыағаш аудандық сотының бастамасымен өткізілген республикалық семинар-кеңесте басталған болатын. Осы семинарға сол кездегі Әділет министрі Н.Шай­кенов пен Қазақстан Рес­публикасы Президенті Аппараты құқық бөлімінің меңгерушісі М.Нәрікбаев қатысқан еді. Міне, сол уақыттан бері Мақсұт Сұл­танұлымен қызмет бабында жиі араласатын болдым. Ол Талдықорған облысында қазақ орта мектебін бітірген соң, Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищеде металлург мамандығын алды. Содан кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдады. Болашақ танымал құқық­танушы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комби­натының құрылыс жұмыстарында еңбек етіп, мәдени-ағарту меке­мелерінде, бұқаралық ақпа­рат құралдарында әртүрлі лауа­зымдағы қызметтерде бай тәжірибе жинады. Талдықорған облысында тергеуші, адвокат, халық судьясы, Әділет министрлігі мен Бас прокуратура аппаратында еңбек етіп, үлкен өмір мектебінен өтті. Егемен еліміздің қалыптасу кезеңдерінде құқықтық реформа сатылары бойынша М.Нәрікбаев өзіндік үлесін қосты. 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратында мемлекеттік-құқықтық сектор меңгерушісі, құқық қорғау органдары бөлімінің меңгерушісі, рес­публика Бас прокуроры­ның ­орынбасары, Жоғарғы Сот Төр­ағасы­ның бірінші орынбасары болып қызмет істеді. Ал 1995-2000 жылдары Бас прокурор, Жоғарғы Сот Төрағасы тәрізді жоғары лауазымдарды абыроймен атқарды. Соңынан Жоғарғы Сот Кеңесін басқарып, ҚР Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңесінің және Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның мүшесі, Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата төрағасының орынбасары қызметтерін де атқарды. Жоғарғы Соттан кейін М.Нә­рікбаевтың қызметі ең алдымен білім беру жүйесімен байланысты болды. 2000 жылғы шілде айынан бастап ол Қазақ гуманитарлық заң университетін басқарды. Бұл университетте үз­дік студенттерге гранттар бері­леді, аз қамтылған отбасыдан шыққан, жетім және ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалған студенттерді әлеуметтік қолдау бағдарламалары да бар. Оның жетек­шілігімен алты заң ғылым­дарының докторы және он ғылым кандидаттары даярланды. М.Нәрікбаев қоғам қайраткері ретінде «Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестігінің және «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы сияқты жоғары лауазымдардағы саяси жұмыстармен айналысты. Мемлекет алдында сіңірген ең­бегі үшін «Парасат», II дәре­желі «Барыс» ордендерімен мара­патталған. Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Бұдан басқа көптеген наградалар мен атақтардың иегері болып табылады. Қоғамдағы сан қырлы қыз­меті мен ұйымдастырушылық қабілетіне қарап Мақсұт Сұл­танұлын нағыз азамат деп айтуға әбден болады. Бұған оның тәуелсіз мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқаратын заңнаманың қа­лыптасуы мен жүзеге асырылуына, сот жүйесін, заң ғылымдары мен құқық қолдану тәжірибесін реформалауға қосқан ерен еңбегі куә. Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.