26 Тамыз, 2015

Елбасы Пәкстан премьерімен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
08-08-2105-Akorda АСТАНА. 26 тамыз. Пәкстан премьер-министрі Наваз Шарифтің Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Қазақстан Президенті өз сөзінде Н.Шарифтің сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға тың серпін беретініне сенім білдірді. «Қазақстандықтар еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып Пәкстанның танығанын ешқашан ұмытпайды. Халықаралық күн тәртібіне қатысты ұстанымдарымыздың ұқсастығы, сан ғасырлық достық және мәдени байланыстар бізді жақын әрі бауырлас елдерге айналдырады. Бүгінгі ахуал жағдайында қарым-қатынастарымыздың жаңа кезеңін бастау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатын уақыт жетті. Сіздің сапарыңыз дәл осы мақсатқа сай келетініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы. Пәкстан Премьер-министрі біздің елге деген айрықша көңілі мен Нұрсұлтан Назарбаевпен арадағы жылы қарым-қатынасы туралы айтты. «Мен Қазақстанды өзімнің екінші мекенім санаймын, сондықтан Сіздің елге көп жылдан кейінгі сапарым айрықша әсерге бөледі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді өзіңізге қолайлы уақытта Пәкстанға келуге шақырамын. Бұл – менің Астанаға бірінші келуім. Бұл қала Сіздің көрегендігіңіздің символы деп санаймын. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан зор әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге жетті», – деді Н.Шариф. Ол сондай-ақ Пәкстанның Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық аясын кеңейткісі келетінін атап көрсетті. «Біз энергетика, сауда және экономика, көлік салаларын қоса қамтитын көптеген салаларда қарым-қатынасты дамытқымыз келеді. Осыған байланысты Қазақстанды Қытай-Пәкстан көлік жүйесінің жұмысына атсалысуға шақырамыз. Бұл Сіздің ел және осы өңірдегі басқа да мемлекеттер үшін Парсы шығанағына шығуға жол ашады», – деді Пәкстан премьері. Сонымен қатар Н.Шариф Нұрсұлтан Назарбаевты, сондай-ақ бүкіл Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен және ел Конституциясының 20 жылдығымен құттықтады. Айдар Өрісбаев. Дерек, сурет: akorda.kz.