21 Мамыр, 2015

Сенімге негізделген серіктестік

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Мексика, Венесуэла, Конго Республикасы, Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы, Судан Республикасы және Эль-Сальвадор Республикасының Қазақстанда елшілік қызметтерін қоса атқаратын Төтенше және өкілетті елшілерінен Сенім грамотасын қабылдады. egemen (32) Мемлекеттік хатшы Мек­сика, Венесуэла, Конго және КХДР-дың уәкілетті өкілдерін ЭКСПО-2017 көрмесін өткі­зу құқығын алу барысында Астананың кандидатурасына қолдау көрсеткендері үшін, сондай-ақ, Мексика, Вене­суэла, Сальвадор және КХДР елшілеріне 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қа­зақстан Республикасының кандидатурасын қолдағандары үшін алғысын білдірді. Гүлшара Әбдіқалықова Мексика елшісі Марта Елена Барсенамен әңгіме барысында Мексика Қазақстанның Ла­тын Америкасындағы Бра­зилиядан кейінгі ірі сауда серіктесі екенін атап көрсетті. 2014 жылы Қазақстан мен Мексика арасындағы тауар айналымы 120,8 млн. АҚШ долларын құрады. Мемлекеттік хатшы 2015 жылы Қазақстанда ашылуы көзделіп отырған Мексиканың елшілігі арқылы тікелей дипломатиялық қарым-қатынас орнату еларалық байланыстарды саяси және экономикалық қана емес, әлеуметтік-гуманитарлық салаларда да тереңдетуге мүмкіндік туғызатынын атап өтті. Екіжақты кездесу барысында мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытудың жай-күйі мен келешегі талқы­ланды. Г.Әбдіқалықова жа­һандану жағдайында саяси, эко­номикалық, сауда, ғылым, мәдениет және бас­қа салалардағы ынтымақ­тас­тықты дамыту біздің мемлекет­теріміздің ұлттық мүдделеріне сай келетінін, осыған орай, дипломатияның табыстылығын өзара іс-қимылдың деңгейі айқындайтынын атап өтті. Тараптар кең ауқымды мәсе­лелер бойынша байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделілік таныт­ты. Олардың қатарында, қаржы, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы, азық-түлік өнімдері өндірісіндегі, баламалы энергетикадағы және басқа да салалардағы ынтымақтастықтар бар. Мемлекеттік хатшы аталған мемлекеттер елшілерінің қызмет­тері біздің елдеріміздің арасын­дағы ынтымақтастық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп үміт­тенетінін айтты. Мемлекеттік хатшымен екі­жақты кездесуден кейін аталған елдердің елшілері Қазақстанмен ынтымақтастық байланыстар туралы БАҚ өкілдеріне айтып берді. Мәселен, Конго елшісі Эме Кловис Гийон: «Қазіргі уақытта Конго мен Қазақстан Республикасы өз байланыстарын жолға қойып отыр. Мәселен, Конго Астананың ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге кандидатурасын қолдаған болатын. Сонымен қатар, біз Конго Республикасы Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапарына дайындық жүргізіп жатырмыз», – деді. Оның айтуынша, Конго СІМ басшысының елімізге сапары барысында екі ел арасындағы байланыстарды жақсартуға күш салынып, бизнес қауымдастық қарым-қатынасын жолға қою мәселелері қарастырылады. «Осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстанның бизнес құрылымдарын Конгоға инвестиция салуға шақырамын», – деді Эме Кловис Гийон өз сөзінде. Эль-Сальвадор Респуб­ли­касының елшісі Клаудия Иветте Канхура де Сентено қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыстың негізі 2014 жылдың қаңтарында қаланғанын айтып өтті. «Мен алдағы уақытта екі елдің өзара ықпалдастығына айрықша мән беріп, айрықша назарда ұстайтын боламын. Біздің екіжақты байланыстарымыз өзара сенімге құрылып, мемлекеттердің дамуы­на ықпал етеді деп ойлаймын»,– десе, Судан Республикасының елшісі Омер Дахаб Фадль Мо­ха­мед алдағы екі елдің арасында орнатылған ықпалдастықты жан­дандыру бағытында үлкен жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. «Қазақстанның Мемлекеттік хатшысымен кездесу барысында біз БҰҰ, Африкалық одақ, ИЫҰ сынды ұйымдар аясында мем­ле­кеттеріміздің өзара қарым-қаты­настарын дамыту жөнінде пікір алмастық. Кездесу барысында экономикалық ықпалдастықты одан әрі нығайту жолдарын да қарастырдық», – деді Судан елшісі. Корея Халықтық-Демо­кра­тиялық Республикасының елшісі Ким Хен Чжун қос мемлекет ара­сында бұрыннан достыққа негізделген, өзара сенімділікке құрылған әріптестік бар екендігін жеткізді. «Сондықтан, мен Мемле­кеттік хатшымен кездесу барысында алдағы уақытта осы байланысты нығайтып қана қоймай, оның көкжиегін кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілетініне сенім біл­дірдім», – деді бұл туралы КХДР елшісі. Венесуэла елшісі Аменотем Замбрано Контрарес Қазақстан Венесуэла үшін сенімді серіктес екенін атап өте келе, болашақта тараптар арасындағы экономикалық байланыстарды бекемдеуге мән берілетінін жеткізсе, Мексика елшісі Марта Елена Барсена Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбіқа­лы­қовамен кездесу кезінде эконо­микалық, сауда байланыстары ғана емес, мәдени ынтымақтастық жайы да сөз болғанына тоқталды. «Біз энергетика, мұнай-газ, салаларында өз ынтымақтастығымызды жүзеге асыра бермекпіз. Қазақстан – минералды ресурстарға бай ел. Ал Мексика – алтын мен күміс өндіруден алдыңғы қатар­да тұрған мемлекеттердің бірі. Ендеше, біз бұл бағытта да әріп­тестік орнататын боламыз. Мексика мен Қазақстан ядролық қаруды таратпау бағытында да жұмыстар жүргізбекші. Демек, бұлардың барлығы қос мемлекет мүдделілік танытатын мәселердің көп екендігін аңғартады», – деді Мексика елшісі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретте: Г.Әбдіқалықоваға Мексика елшісі М.Барсенаның Сенім грамотасын тапсырып тұрған сәті.  Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.