Жыл он екі айдың бір күнін дүние жүзінің жұртшылығы асқан құрметпен атап өтеді. Жай атап өтпейді, жалпыхалықтық мейрамға ұласады. Бұл мерекені басқа мерекелерден өзгерек санап, береке бастауы деп біледі. Бұл мереке – Халықаралық әйелдер мейрамы.
Кербез сұлу көктемнің қанатына қонып, шуағына шомылып келетін бұл қуанышты күнді асыға күтетініміз рас. Өйткені, аяулы аналарымызды ардақтап, әсем әпкелерімізді, қызғалдақтай көрікті қыз-келіншектерімізді құрметтеп, сүйген жарларымызды шын жүректен құттықтаймыз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қадірлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ» деді. Айтса айтқандай, әйел – отбасының бақыты, сәні, дәулеті. Үйдің тазалығы да, үй иесінің тыныш, жайбарақат болуы да содан. Адал жар – көңіл азығы, тілі тәтті, мәмілелі болса – үйде құт-береке болады. Ер азаматтың басына түскен ауыртпалықты да, қиыншылықтарды да бөлісетін әйел. Әйел – ақылгөй дос, сырлас болып, бар ауыртпалығыңды жеңілдетеді. Кездейсоқ пәлекеттер кез келсе, ол – сенің көмекшің. Көңіліңдегі күдікті, бойыңдағы қайғыңды сергітетін де – әйел. Тәнің ауырып, жаның жапа шексе жұбататын да – әйел. Көмек қолын созып, мейірімін төгетін де – сол. Шаңырақтың тұтқасы қашан да үйдің отағасы. Әйел – сол отаудың отанасы, барыңды баптайтын, жоғыңды табатын, пейілі кең, жаны жайсаң, ағайын-тумаға мейірімді – шамшырағың.
Ана құдіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақ поэзиясында ана тақырыбына алғашқылардың бірі болып түрен салған Майлықожа мен Ыбырай Алтынсарин аталарымыз. Ыбырайдың «Ананың сүюі» өлеңімен мектепте оқып жүргенде танысқанбыз.
Ал, Майлықожаның «Ана қадірі» термесін талантты әнші ініміз Еркін Нұржановтың орындауында тыңдаған сайын тыңдағың келе береді. Сөзі мен әні үйлесіп ана бейнесін, ана құдіретін асқақтата түседі.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) бір адам: «Анамды арқалап жүріп, қажылық жасаттым. Қасиетті Қағбаны жеті рет айналдыра тәу еттірдім, ана ақысын өтедім бе?» – деп сұраған екен. Сонда пайғамбарымыз: «Жоқ, бұл қызметің ананың саған жүктілік уақытында қиналған бір сәтіне де тең емес», – деп жауап беріпті. Ананың құдіретін бұдан артық айтып жеткізу мүмкін емес.
Бүгінгі әйелдер қауымы ер азаматтармен қатар қоғамның қозғаушы күшіне айналды. Олар бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен ғылым, білім, мәдениет, өнер, сауда, бизнес, т.б. барлық салаларда сапалы да саналы қызмет етуде. Тұмар, Ұмай, Домалақ ана, Айша бибі аналарымыздың, Әлия мен Мәншүк сияқты батыр қыздарымыздың ізбасар сіңлілері өткенімізді ұлықтап, оған тағзым етіп, бүгінде өзімізді өресі биік ұлт ретінде сезіну үшін, ертеңіміздің діңгегі – жастарды адамгершілік, отансүйгіштік, адалдық секілді ең асыл құндылықтарға баулу үшін, сол арқылы ұрпақтар сабақтастығын баянды ету үшін аянбай тер төгіп келеді.
Рас, қоғамда патриархаттың орнына матриархат келе ме деген пікірлер кәдімгідей қозғалып жатыр. Өйткені, бүгін еркектер тым ұсақталып, қорғансыздыққа ұшырап бара жатқандай. Әйелдерге шалбар мен бөркін ғана емес, отбасының асыраушысы міндетін қоса берді. Әйелдер оны отағасы деп білмейді, өзінің «тұңғыш» баласындай көретін болды. Сонымен, әйелдер бала туып, үйдің ажары болғаннан гөрі еркекпен еркек болып, түздегі сылтың жүріске ден қоюда. Әйелдердің көбіне мұның ұнай бастағаны сонша, олардың бала туып, «салпы етек» болғысы келмейді. Біздің қыздарымыз өздерін ерлерден артықпыз деп санайтын да болар. Жалпы, әйел, еркек деп бөлудің қажеті жоқ. Еркек болсын, әйел болсын, әліне қарай шабады. Қабілеттілері озады.
Айтайын дегеніміз, еркек те, әйел де пенде. Бірінде жоқ бірінен табылады. Бірінсіз бірі тағы тұра алмайды. Бірін бірі толықтырады. «Екі жарты – бір бүтін, ерлі-қатын – бір түтін». Бірі – отағасы, бірі – отана. Ең бастысы, әйел өзінің ана болу парызын ұмытып кетпесе болды. Әрқайсысына Алланың берген сыбағасы, сыйы мен борышы бар. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың қатаң сақталғанын қалар едік.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) «Иә, Расулуллаһ, жақсылықты алдымен кімге істейміз?, – деп сұрағанда, ол: «Анаңа!» – дейді. «Одан кейін ше?», – дегенде, тағы да «Анаңа!» дейді. «Ал одан кейін ше?» – деп қайталаған сұраққа: «Анаңа!» – депті.
Иә, барлық жақсылық атаулы аналарға жасалуы тиіс. Анаға қамқорлық – ұлтқа қамқорлық. Анаға құрмет – ұлтқа құрмет болып табылады. Қашанда аяулы аналарымыз, асыл жарларымыз, қыз-келіншектеріміз аман болсын деп тілейік. Нәзік жандыларды көктеммен қатар келетін төл мерекесімен құттықтай отырып:
Бірі – ана, бірі – қыз,
Бірі – Ай мен Күніміз,
Бірі – құрбы гүліміз,
Арналады сіздерге
Жүректегі жырымыз.
Азат елдің бағына,
Аман-есен жүріңіз!
Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ,
кәсіпкер, «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Жетісай қаласы.