Ақылды аналарымыз қашанда ерін сыйлаумен, құрметтеумен ерекшеленген. Сол ақылмандығы ұрпағының ілтипатына бөлеп, ана деген тәңір атандырғаны тағы бар. Әмәнда, адамзаттың ананы сыйлауы, табынуы табиғи заңдылық. Біле-білсек, бұл құндылықтың түп-төркіні ықылым заманнан бері ұрпақ сабақтастығымен өзіндік жолын тауып отырған. Көкірек көзі ашық аналар әр буыннан суырыла шығып, ішкі түйсігіне ерік бере отырып, перзенттік парызын өтей білген. Міне, сондай абзал жандардың бірі бүгінде 91 жасқа толып, немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған Нұрбүбі анамыз.
«Бес жасымда кіші әкемнің көмегімен сауатымды ашып, әріп таныдым. 7 жасымда әкем Жұмағұл қария қолымнан жетелеп ауыл мектебіне оқуға кіргізді. Қалай екенін қайдам, кітапқұмар болдым. Ертегі жыр, дастандар жазылған кітаптар үйдегі ең көрнекті жерде тұратын. Бір күні біздің шаңыраққа біраз көршілер жиналды. Ас-судан соң тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жандар бір серпілгілері келді ме екен менен «Алпамыс батыр» жырын оқып беруімді өтінді. Мәнерлеп дауыс ырғағын келтіре оқығанымда ер азаматтар бірде құшырланып, бірде тыпыршып, ал әйелдер суланған кірпіктерін орамалдарының ұшымен сүртіп те отырды. Жыр оқылып бітті. Ел сілтідей тына қалды. Сонда бурыл сақалды қария Төле бидің мақамына салып ақ батасын берді», деген еді Нұрбүбі ана өткен күндерінен суыртпақтай сыр тартқанымызда.
Ең бастысы, балалықтан бастау алған асыл арманына қалайда жетуге ұмтылған жан сәті түсіп уақыт ағымымен ауыл мектебінің мұғалімі болды. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың басталған кезі-тін. «Шәкірттерімнің қуаныш-қайғысына ортақтасып, қолымдағы бір жапырақ нанның тең жартысын бөліп беріп жүрдім. Әрқайсысының үйлеріне барып, аналарымен жүздесіп, сырласып, мұңдасып, болашаққа деген сенімдерін сетінетпей, рухтандыра білдім. Сол шәкірттерімнің бірі Парламент Мәжілісінің депутаты болған Мәрия Жүйріктаева: «Сіз балалық шағымның куәсі ретінде маған айрықша ыстық жансыз. Ұлағатты ұстазым болдыңыз. Мектеп қабырғасында жүргенімізде сізге еліктейтін едік. Бұл да мен үшін бақыт емес пе?!» дейді.
«1939 жылы әскер қатарына шақырылған Өміржан Медеуұлы майданға аттанып, соғыста ауыр жаралы болып, 1942 жылдың көктемінде оралды. Госпитальда емделген соң алты айлық демалыс беріпті. Уәдесіне берік жігіт ата-анамның алдынан өтіп, өз әкесінің де батасын алып, екеуміз некемізді қиғызып, шаңырақ көтердік. Арада екі ай өткен соң, Өміржан әскери комиссариатқа барып қайтадан соғысқа аттанды. Бұл жолы Бішкектегі ұшқыштар даярлайтын училищенің курсанты болды. Сонда жүргенде денсаулығы жарамсыз деп танылып, 1943 жылы көктемде елге біржола оралды. Мен Қарасай ауданы, Жандосов атындағы бастауыш мектептің меңгерушісі болып қызмет істеп жүргенмін. Содан жұбымыз жазылмай 60 жыл отасып, ерлі-зайыпты болдық. Отағасы 2001 жылы пәни дүниеден озды» деді.
Иә, айтар ауызға оңай болғанымен алпыс жыл аз мерзім емес. Қуанарлығы сол Өміржан ата мен Нұрбүбі ана өнегелі өмірлерін бос өткізген жоқ. Аманкелді, Есенкелді, Үсенкелді, Ырыскелді, Дәулеткелді, Қыдыркелді атты 6 ұл және Ханымбүбі, Гаухар, Гүлнәр, Мейрамгүл деген 4 қыз өсіріп, өндіріп өркендетіп,немере, шөбере, шөпшек сүйіп, ынтымақтың ұйытқысына айналып, береке бұлағын ағыза білген жандар. Қазақы салт-дәстүрді берік ұстанғандығын өмір белестері растайды. Шыны керек, сол ұстаным бақтарын ашты.
«Бағамдап отырсам, немере, шөбере сүюдің қызығы, рахаты тым бөлек екен. Әрқайсысының маңдайынан сүйгенде бір арманыңа жеткендей боласың.Оларды үйде күтіп отырудың өзі бір бақыт. Немере жан дүниеңді жаулап алып, ерекше елжіретіп қоятын айрықша құдіретті сезім екен!» деп анамыз ағынан жарылғанда ойлау қабілетінің тереңдігінің, өресінің биіктігін һәм бөлектігін білдіреді. Сөз реті келгенде айта кетсек, Нұрбүбі анамыздың тұла бойындағы қазақы қарапайымдылық пен зиялылық сынды құндылықтар біз телефон арқылы тілдескен ұлы Қыдыркелді мен оның жұбайы Күлбағила келінінің бойына жұғысты болғанын аңғардық. Кішіпейіл жандардың әр сөзінен анаға деген құрмет пен ілтипат танылады. Бұл қуана құптарлық жайт. Әрине, абзал ананың өзге ұлдары мен қыз-келіндері жайлы әңгіме бөлек. Біз білетін академик Есенкелді аға да ұлт зиялыларының бірі. Тұтастай алғанда, құдай тіл, көзден сақтасын, Медеуовтер әулеті өскен өркендеген өнегілі шаңырақ. Бүтін қазаққа үлгі тұтарлық жандар.
Біздің айтпағымыз Нұрбүбі анамыздың сүйегінің асылдығы, қазақы дархан мінезділігі болып отыр. Алла нәсіп етіп 10 баланы дүниеге әкеліп өсірді. 1941 жылы Алматыдағы педагогикалық училищені, 1958 жылы Қазақ педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін оқып, бітірді. 34 жыл мұғалім болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. «Ардақты ана» атанды. «Ерен еңбегі үшін». «Еңбек ардагері» медальдарымен, Ресей Федерациясының «Великая Екатерина» орденімен марапатталған.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Қарасай ауданы,
Жандосов ауылы.