Кеше Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Асқар Исағалиев ҚР Бас прокуратурасы мен ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросы қызметкерлерінің қатысуымен елімізге жеткізіліп, Астана қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалды, деп хабарлады Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін іздеуде жүрген А. Исағалив осы жылдың 9 қаңтарында Түркияның Анталья қаласында ұсталған болатын. Бас прокуратура Түркияның құқық қорғау органдары тарапына Исағалиевті Қазақстанға экстрадициялау туралы қолдаухат жолдаған еді. Осы қолдаухатты қарау нәтижесінде Түркияның Министрлер кеңесі оны Қазақстанға беру туралы шешім қабылдады. Одан әрі ресми өкіл прокуратура органдары заңдылықтың сақталуын тұрақты түрде қадағалауды жүзеге асырып келе жатқанын айтты. Олардың тексерулері нәтижесінде заңдардың бұзылуының көптеген деректері де ашылып жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде заң талаптарын бұзу фактілері анықталған. Осы өңірлерде су жабдықтау объектілері құрылысын салу жөніндегі конкурстарға қатысуға конкурстық өтінімді қолдану мерзімдері өтіп кеткен, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін компаниялар жіберіліп, олар конкурс жеңімпаздары болып танылған.
Жергілікті атқарушы органдар кейбір жағдайларда жұмысты аяқтау мерзімдерін бұзған мердігерлерден айыппұл санкцияларын өндіріп алу жөніндегі шараларды қолданбайды. Оңтүстік Қазақстан облысының Қожатоғай ауылында су құбыры құрылысын салу мерзімін 300 күнге жуық мерзімге кешіктірген “ЮКаз-Құрылыс” ЖШС-нен 17 млн. теңге мөлшерінде айыппұл өндіріп алу туралы шешім прокурор қолданған шаралар нәтижесінде ғана қабылданды.
Жұмысы орындалмаған немесе оның көлемі асыра көрсетілген су құбыры тораптары нысандарын бармақ басты, көз қыстылық жағдаймен қабылдау да орын алып отыр. Соның бірі Жамбыл облысының Мерке ауданындағы Сұрат ауылының су жабдықтау жүйесі қайта салынғаннан кейін пайдалануға қабылданды. Сөйтсе, қабылдау актілерінде көрсетілген жұмыстар көлемі 8,8 млн. теңгеге асыра көрсетілген. Сол сияқты Ақтөбе облысындағы Хромтау ауданы Абай ауылының су құбыры тораптарын қайта салуға 110 млн. теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған, қағаз жүзінде нысан пайдалануға берілген. Алайда, тексеру кезінде су құбыры жұмыс істемеген, жартылай бөлшектеніп жатқан. Ауылды сумен жабдықтау резервуардан жүргізілген, ал онда су Хромтау қаласынан автокөлікпен жеткізіліп отырған. Осындай оқиғалар басқа жерлерде де кездеседі.
Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында салынған су жабдықтау нысандарын заңды түрде бекіту, оларды күту және халыққа су беру жөніндегі жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде бірқатар нысандар иесіз қалған. Ақмола облысы Атбасар ауданындағы 15 су жабдықтау тораптарының 13-і иесіз жатыр. Жамбыл облысының Талас ауданында “Ауыз су” бағдарламасы бойынша 684 млн. теңге тұратын 8 су тарту нысандары салынған. Қызмет көрсететін кәсіпорынның болмауына байланысты іс жүзінде олардың барлығы жұмыс істемейді.
Су жабдықтау нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеу фактілері анықталды. Павлодар облысының 71 ауылында ауыз су сапасы санитарлық нормаларға сай келмейді. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында 2009 жылы орнатылған 17 су тазарту қондырғыларының 15-і жұмыс істемейді.
Сондай-ақ өнеркәсіп жерлерінде санитарлық-қорғаушылық аймақтарын белгілеудің заңдылығына талдау жүргізілгенде көптеген кәсіпорындарда заң бойынша өнеркәсіптік жерлерді әлеуметтік нысандардан бөлетін және тиісінше халықтың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға олардың зиянды әсерін болдырмауға мүмкіндік беретін міндетті болып табылатын санитарлық-қорғаушылық аймақтары жоқ екендігі анықталған. Жергілікті жерлердегі уәкілетті органдар тиісті белсенділік пен табандылық танытпайды, әкімдіктер санитарлық-қорғаушылық аймақтарын орнату қажеттілігі туралы СЭС қорытындыларына назар аудармайды. Нәтижесінде көптеген өңірлерде осындай жерлерде ауруханалар, мектептер және шағын аудандар тұғызылған.
Атап айтқанда, Қостанай және Алматы облыстарында ликер-арақ, кірпіш және цемент зауыттарының жандарында бірнеше аурухана мен мектептер салынған. Жезқазған қаласында 5-шағын аудан аса қауіпті өндірістік нысандарына жататын мыс балқыту зауытының санитарлық-қорғау аумағында орналасқан. Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарының 500-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорындарының санитарлық-қорғау аймақтары мүлдем белгіленбеген. Осылайша, жекелеген мемлекеттік органдардың тиісті жұмыс істемеуі азаматтардың әлеуметтік құқықтарына теріс әсер етіп отыр дейді ресми өкіл.
Александр ТАСБОЛАТОВ.
Көл жағасынан табылған граната
Өткен дүйсенбі күні СҚО ІІД-нің “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімінің жауынгерлері Мамлют ауданының Дубровное селосынан алыс емес жерде Ф-1 гранатасын жойды.
Шілденің 12-і күні Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөліміне Дубровное селолық округінің учаскелік полиция инспекторы телефон соғып, селодан алыс емес жерде орналасқан көлдің жағасында гранатаға ұқсас темір заттың табылғанын хабарлады. Бұл қауіпті затты 13 жастағы бала тауып алған екен. Хабар түсісімен оқиға орнына АІІБ жедел тергеу тобы, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімінің жауынгерлері шықты. Гранатаны тауып алған жетінші сынып оқушысы тәртіп сақшыларына жарылғыш затты тапқан кезде қорықпай, әкесіне хабарлағанын айтты.
Тот басқан гранатаны сараптамаға жіберу үшін тасымалдау өте қауіпті болды. Сол себепті полиция қызметкерлері барлық қауіпсіздік шараларын қолданып, гранатаны оқиға орнында жарып, жойды. “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімінің саперлері граната табылған жерді арнайы құралдармен толығымен тексеріп шықты. Басқа жарылғыш заттар табылған жоқ.
СҚО ІІД-нің “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлім командирінің орынбасары полиция капитаны Амантай Қисатовтың айтуынша, қауіпті гранатаны тротил шашкасын қолдану арқылы жарып, жоюға шешім қабылданды. Гранатаны жою барысында барлық қауіпсіздік шаралары қолданылып, оқиға болған жер тәртіп сақшыларымен қоршауға алынды. Граната ойдағыдай жойылды.
Тәртіп сақшыларының арнайы мақсаттағы жауынгерлері жыл басынан жарылғыш затын жоюға төртінші рет шығып отыр. Ал гранатаны жою шарасы бірінші рет тіркелді, қалған үш оқиғада жарылғыш заты табылды деген ақпарат өз дәлелін тапқан жоқ еді. Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын оқ-дәріні немесе басқа да күдікті заттарды тапқан кезде қажетті қауіпсіздік шараларын қолдану мақсатында бірден ішкі істер органдарына хабарлау қажеттігін айтады.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.