23 Шілде, 2010

“КЕНДІР-2010”: Қауіп қайдан демеңіз

653 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Халық денсаулығы мен ұлт қауіп­сіздігіне қатер төндіретін наша­қорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің маңызы өте зор. Жамбыл облысында нашақорлыққа байла­нысты өткен жылы барлығы 457 қылмыс ашылды. Ал есірткі сатуға байланысты 87 және контра­бан­да­лық дерек бойынша 33 қылмыстық іс қозғалды. 11 тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 15,5 килосы героин және 7,5 килосы анаша болып отыр. Ағымдағы жыл­дың 4 айы ішінде 163 есірткі қыл­мы­сы анықталып, осы деректер бой­ынша есірткі сатылымына байла­ныс­ты 23 қылмыстық іс қозғалды. Көрші мемлекеттерден келетін есірткі түрлеріне қатысты контра­бан­даның 9 арнасы жойылды. Жыл басынан бері заңсыз айналымдағы 900 килоға жуық есірткі заттары тәркіленді. Қолданып отырған шараларға қарамастан, есірткіге қарсы күресті күшейту, қоғамды нашақорлықтан қорғауды қалыптастыру қажет. Осы­ған орай,  Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен Шу қаласында “Кен­дір-2010” операциясын ұйымдас­ты­ру жөнінде жедел кеңес болып өтті. Ке­ңес жұмысына  ІІМ есірткіге қар­сы күрес комитетінің төрағасы по­ли­ция полковнигі Жанат Сүлей­менов,  ІІМ Орталық азиялық ай­мақтық ақпараттық-үйлестіру орта­лығының жедел өкілі полиция генерал-майоры Қанат Қожахметов, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Кәрім Көкірекбаев, АҚШ елшілігі әскери ынтымақ­тас­тық кеңсесі бастығының орынбаса­ры Кристофер Чоколаад, облыстың қарулы ведомстволары мен бас­қармаларының басшылары, өңірлік ІІД ЕБҚКБ, аудан әкімдері қатысты. Жамбыл облыстық ІІД бастығы полиция полковнигі Бекет Ай­ма­ғам­бе­тов кеңесті ашу барысында облыс аумағының қара сора өсетін аймақ екенін айта келіп, бір ғана Шу алқа­бында оның көлемі 138 мың гек­тардан асатынына алаңдаушылық білдірді. Ал қара сора  есірткінің ши­кізат көзі болып табылады. Яғни, дәл осы қара сорадан марихуана, анаша және анаша майы сияқты есірткілік заттар дайындалады. “Кендір-2010” операциясына Жамбыл облыстық ІІД аумақтық есірт­кіге қарсы күрес бөлімшесінің 300-ден астам полицейлерімен бірге, басқа облыс ІІД 50-ден астам қыз­мет­керлері қатысады. Олар өткен жылғыдай вахталық әдіс бойынша 15 күннен 30 күнге дейін қызмет атқармақшы. Операция да өз нә­тижесін беруде. Жыл сайынғы “Кен­дір” операциясы кезінде 4-5 тоннадан астам марихуана тәркіленеді. Елде 4 ай ішінде 3000-нан аса есірткі қылмысы анықталыпты. Сөйтіп, дозасы 165 мың героин және апиын, дозасы 1 миллион 650 мың марихуана мен анаша тәркіленіп, нашақорлаға жетпей қалған. Тәркіленген есірт­кі­лер­дің құны “қара базарда” шамамен 270 млн. теңгені құрайды. Нашақорлық пен есірткі бизне­сіне қарсы әрекет аясында халық­ара­лық әріптестік мәселесі де ұмы­тыл­мақ емес. Мысалы, Ауған­станмен үкіметаралық келісімге қол қою ауғандық бағыттағы аймақтық бастамаларды іске асырудағы маңызды құрал болып табылады. ШЫҰ мүшелерінің 2010-2015 ж.ж. есірткіге қарсы стратегиялық жобасының жұмысы да аяқталған. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде криминалдық құрылымның заңсыз айналымдағы есірткіге қатысты ұтқыр қимылын, олардың техникамен жақсы жарақтандырыл­ғандығын, қазіргі заманға сай ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдануы жоғары деңгейде екенін айтты. Нашақорлықпен күреске мем­ле­кет­тік бағдарлама аясында қыруар қаржы да бөлініп отыр. Кеңес ба­рысында есірткі бизнесімен күресті тиімді ұйымдастыру үшін  ІІМ Шу алқабын күзету үшін қосымша 3 “Нива” автокөлігін берді. Айтпақшы, кеңес өтіп жатқан кезде Меркі аудандық ІІБ есірткі бизнесімен күресушілері құм өңірінен 155 кило марихуананы жинап жатқан Аққайнар ауылының 28 жасар тұрғынын тұтқындады. Есірткі өңдіруші кінәсін толық мойындады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Шу ауданы.