«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында вице-спикер Дариға Назарбаеваның төрайымдығымен Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасы заңының жүзеге асырылу барысы талқыланды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінде елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қандай ықпалын тигізуде, бұл бағытта нендей жұмыстар атқарылды? Міне, осы мәселелер айтылды.
Сонымен, Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің депутаттары түгел жиналған кеңейтілген отырыста Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер мүддесін қорғау бағытында мемлекеттік органдармен, түрлі комиссиялармен бірлесе атқарылған жұмыстар сөз болды. Сондай-ақ, Ұлттық палатаның ықпалымен қазақстандық кәсіпкерлердің қызметіне кереғар келетін еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер туралы баян етілді.
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов жиын барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында барынша күш салып келе жатқанын атап өтті. «Тәжірибе көрсетіп отырғандай, Ұлттық палата өзін отандық бизнестің мүддесін тек біздің ел аумағында ғана емес, халықаралық деңгейде қорғауға қауқары бар жауапты ұйым ретінде танытты», деді ол. Сондай-ақ, вице-министр Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен жасақталған жүйелі заңнамаларды атап өтті. Бұл ретте рұқсат беру құжаттарының санын қысқартуға ықпал еткен «Рұхсат беру мен хабарламалар туралы» заңды айрықша атады. Ал 2015 жылдың соңына дейін рұқсат беру құжаттарын тағы 50 пайызға қысқарту жоспарда бар. Сондай-ақ, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара әріптестік байланысты нығайту, елдегі кәсіпкерлік саласын жетілдіру мақсатында жасақталған кәсіпкерлік қызметті жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы құжатты мысалға келтіруге болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметте мемлекеттің қатысуын барынша қысқарту туралы заңдық құжат бизнес саласының мемлекеттік қатысуын қысқартуға септігін тигізуде. Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тікелей қатысуымен әзірленген «Өзін-өзі реттеу туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілген.
«Бизнесмендер құқын қорғауды анағұрлым жоғары деңгейге жеткізу мақсатында Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі уәкіл «бизнес-омбудсмен» институты енгізілді. Тәжірибе көрсеткендей, әлемдік экономиканың бүгінгідей кезеңінде кәсіпкерлер сапалы құқықтық қорғауға мұқтаж. Осыған байланысты, қазіргі уақытта бизнес-омбудсмен институтының рөлін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде», деді Тимур Жақсылықов.
Вице-министр кездесуде сөйлеген сөзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру және Одақты дамыту мәселелеріне белсенді түрде атсалысып отырғанын атап өтті.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің басты операторы ретінде Қазақстанның мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастық арасында өзара тиімді әріптестікті қамтамасыз ете отырып, ел кәсіпкерлерінің мүдделерін Еуразиялық экономикалық одақ алаңында білдіруде. «Палатаның бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесін құру қарастырылуда. Бұл Іскерлік кеңес алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ аясында қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, өзара сауда қатынастарында орын алып отырған кедергілерді жоюға және отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайтын болады», деді вице-министр.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов палатаның құрылымы, оның штаттық құрамы, ұйым бюджетінің игерілуі, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің басты бағыттары жайында мәлімдеді.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында тауарлар, жұмыстар мен қызметтер, өнім жеткізушілер базасын қалыптастыруда және оны жүргізуде. Сондай-ақ, өнім жеткізушілерді мәліметтер базасына қосу үшін олардың қызметтерінің сапасын бағалау критерийлерін әзірлеуде. Сонымен қатар, сатып алулар саласы және жергілікті мазмұн үлесін арттыруда сараптамалық зерттеулер жүргізуде», деп атап өтті басқарма төрағасы.
Абылай Мырзахметовтің айтуынша, 2014 жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына 268 арыз-шағым келіп түскен, оның 34,4%-ы мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша, «Самұрық-Қазына» компанияларының сатып алулар мәселелері бойынша – 27,6%, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алулар мәселелері бойынша – 9,3%, және сатып алуларға қатысты басқа да мәселелер 28,7%-ды құраған. Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына келіп түскен шағым-арыздардың жалпы саны – 1174, оның ішінде мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша – 26,5%, «Самұрық-Қазына» компанияларының сатып алулары бойынша – 30,3%, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары бойынша – 5% және сатып алуларға қатысты басқа да мәселелер 38,2%-ды құраған.
Басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта барлық аудандар, моноқалалар мен кішігірім қалаларда 188 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары ашылып, жұмыс жасауда. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында жұмыс жасайтын 365 кеңесші аудан орталықтарында халыққа және кәсіпкерлерге қызмет көрсетуде. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында ҚазАгро, мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары орналастырылған, сондай-ақ аталған орталықтарда кәсіпкерлік мектебінің оқу сыныптары ашылған. 2015 жылдың 1 тоқсанындағы қорытынды бойынша 26 464-тен астам азаматқа консультациялық қолдау көрсетіліп, 44 мыңнан астам кеңестер берілген.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».