27 Тамыз, 2015

Партия басшысы ауысты

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
04-3Кеше елордада «Ауыл» қазақстандық социал-демократиялық партиясының кезектен тыс Х съезі өтіп, онда жаңа басшы сайланды. Құрылтай жұмысына партияның барлық өңірлік филиалдарының делегаттары қатысты. Күн тәртібіне «Ауыл» партиясын 2002 жылдан бері басқарып келе жатқан Ғани Қалиев басқа жұмысқа ауысуына байланысты партия басшысы міндетін тапсырып, жаңа төраға сайлау мәселесі шығарылғаны белгілі болды. «Қазақстан алдында әлемнің 30 дамыған елдері қатарына енуі үшін жан-жақты жаңғыртуды жүзеге асыру міндеттері тұр. Сондықтан да «Ауылдың» басшылығына жаңа бас­тамалармен, идеялармен, сондай-ақ, өзгеше көзқараспен қаруланған жаңа жетекшінің болғаны абзал», деп атап кетті Ғани Әлімұлы. Партия басшысына лайық осындай қасиеттерді ауылдықтар Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаевтың бойынан табылады деп шешіпті. Ә.Бектаев бірінші болып «Ауыл» ҚСДП-ның Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалын бас­қарған. Жаңа жетекшінің келуімен өңірлердегі партия  филиалдарының жұмысы жандана түседі деп күтілуде. Партияның Павлодар облыстық филиалының өкілі Кенже Кеңесбаев партия басшылығына келген Әли Бектаевтың Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалындағы партиялық басшылық тәжірибесі партия жұмысына жаңа тыныс береді дегенді ерекше атады. Сондай-ақ, партия басшысының ауысуына қатысты пікірін білдірген саясаттанушы Владимир Тельнов өз сөзінде «Ауыл» партиясы өміршеңдігін, сондай-ақ, жаңа кезеңге бейімдігін дәлелдеді дегенді баса айтты. Олай болса, жаңа төраға сайлануымен «Ауыл» партия­сы еліміз алдында тұрған, соның ішінде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерінде мемлекеттік органдарға көмек көрсету бағытында жаңа міндеттерге сәйкес өз жұмысын ұйымдастыра алады. 03-4 Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».