Қазақстанның даму банкі отандық автоқұрастыру кәсіпорындарын қолдауға Ұлттық қор қаражаты есебінен 20 млрд. теңге бөледі. Осы соманың 15 млрд. теңгесі елімізде құрастырылған автомобильдерді сатып алуға жеке тұлғаларға несие беру үшін алты коммерциялық банкке бағытталса, ал қалғаны арнаулы мақсаттағы автокөлік пен автотехниканы лизингке сатып алатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін «ҚДБ-Лизинг» компаниясына жолданады.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлім етті. Аталған бастамалардың «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру аясында қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін жасалынып жатқандығын көлденең тартқан Б.Жәмішев еліміздің Үкіметі бекіткен отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті сатып алуға жеке тұлғаларға несие беру шарты бойынша атаулы сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызы 14%-дан аспайтынын, сонымен қатар, жылдық тиімді мөлшерлемесі 7,5%-дан артық болмайтынын жеткізді. Бұл тұрғыда несие беру мерзімі 5 жылға бағытталса, бастапқы жарна сатып алынатын автокөлік құнының 20%-нан аспайтынын айтты.
Өңдеу өнеркәсібін Ұлттық қордың бірінші және екінші траншы есебінен екінші деңгейдегі банктер арқылы ұзақ мерзімді қаржыландыру аясында жалпы сомасы 17,7 млрд. теңгеге 22 жоба мақұлданды. Жеңілдікті автонесие беру бағдарламасының шеңберінде Даму банкі жеке тұлғалардан несие алуға түскен 1757 сұранымды 5,6 млрд. теңгеге мақұлдады, деді Б.Жәмішев.
Сондай-ақ, ол үстіміздегі жылдың 14 мамырындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың бірінші траншы есебінен ҚДБ бұрынырақта бекіткен коммерциялық банктермен тиісті несие келісімдері арқылы өңдеу өнеркәсібінде 28 млрд. 491 млн. теңгеге 22 жобаны мақұлдап, 14 млрд. 139 млн. теңгеге 16 жобаны қаржыландыру басталғандығын айтты.
Ал екінші транш бойынша екінші деңгейдегі банктер 16,1 млрд. теңгеге 15 жобаны мақұлдап, 3 млрд. 593 млн. теңгеге 6 жобаны қаржыландыру басталған.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».