27 Тамыз, 2015

Білім саласында атқарылған іс-шаралар нақтыланды

382 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ЦСК Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Білім және ғылым жүйесінің дамуы туралы» тақырып аясында Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Басқосуда Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов биылғы оқу жылындағы жетістіктерге тоқтала келіп, «1 қыркүйекте 7,5 мыңнан астам мектеп 2 млн. 600 мыңнан астам оқушыны қабылдайды, олардың ішінде 336 мыңы  мектеп табалдырығын алғаш аттайтын 1-сыныптың балалары. Яғни, жыл сайын бірінші сыныпқа баратын балалар саны артып келе жатқандықтан біз үш ауысымдағы және апатты мектептер проблемасын шешуіміз керек. Осыған орай, биыл 157 мектеп пайдалануға беріліп, осы арқылы үш ауысымдағы мектептердің 80-і қалып тұр. Ал бұған дейін олардың саны 100-ге жуық болған еді. Сонымен қатар, апатты мектептер саны екі есеге азайып, 136-дан 66 қалады. 2017 жылдың соңына қарай осы проблеманы толықтай шешеміз деп жоспарлап отырмыз», деді.    Мұнымен қоса, ведомство басшысы 8700 мектепке дейінгі ұйымға 760 мың бала баратынын, жыл соңына дейін 10 мың орындық 40 балабақша іске қосылатынын, күрделі жөндеу шараларымен 250 мектеп қамтылғанын, ал ағымдағы жөндеу жұмыстары 5 мыңнан астам мектепте жүргізілгенін жеткізді. Ал 4,5,6 және 11 сыныптарға оқулықтар алуға биыл 12,5 млрд. теңге бөлініп, бүгінде барлық өңірлер оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілген екен. «Бүгінде біздің басты мақсатымыз білім берудің мазмұнын жетілдіру болып табылады, ал бағалау жүйесі мазмұнмен тікелей байланысты. Яғни, егер де біз білімді дамытуға ғана емес, сонымен қатар, дағды мен біліктілікті дамытуға екпін қоятындығымызды айтатын болсақ, онда сәйкесінше осы дағдыны бағалай алатын жүйе қажет болады. Биыл біз ҰБТ-ны әкімшілендіру мәселелерін жаңғырту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Бағалаудың жаңа жүйесіне тоқталатын болсақ, осы бағытта түрлі нұсқаларды қарастырамыз. Оның ішінде ҰБТ-ны онлайн түрде тапсыру да бар», деді ведомство басшысы. Ұлт жоспарындағы 76-шы қадам аясында материалдық-техникалық базаны жаңартуға және мұғалімдерді ынталандыруға баса назар аударылып, 96 мектепке гранттарды тағайындау жүйесін жетілдіру қарастырылған. Алдағы жылдары жетекші 10 ЖОО және 10 колледж үшін 48 жаңа білім беру бағдарламалары жасақталмақ. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының 24 зертханасы мен колледждердің 57 зертханасы жаңа құрылғылармен жабдықталады. Колледждердегі шеберханаларды жабдықтауға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 2 есеге көбейтілген. 2015 жылы 15 оқу орнына Бүкіләлемдік банктің несиесі есебінен 40 млн. теңгеден қосымша қолдау көрсетілді. Бұл 458 шеберхана мен зертханаларды заманауи құрылғымен жабдықтауға мүмкіндік береді. Биылғы жылы 32168 грант бөлінсе, конкурсқа 67377 адам қатысты. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» жобасы аясындағы квота бойынша оқу конкурсына 6457 адам қатысты. Нәтижесінде 29657 талапкер грантқа ие болды. Олардың ішінде 2077-сі «Алтын белгі» иегерлері, 1126-сы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері, 155-і жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, 825-і білім беру пәндері бойынша халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, 521-і халықаралық және республикалық спорттық жарыстардың жеңімпаздары. Комиссияның шешімімен конкурсқа қатысқан барлық 483 жетім бала мен 273 мүгедек бала грантқа ие болды. Басқосу барысында министр мен оның әріптестері ЖОО-ға білім гранттарын тағайындауға, оқулықтардың сапасын бақылауға және онымен мектептерді қамтамасыз етуге қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».