27 Тамыз, 2015

Сенімге селкеу түсірмеген

374 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
jpgЗаңға сәйкес жаза беруге белгіленген судьялық – Жаратқанның ісіне жақын мамандық. Маңдайына осындай, адам тағдырын шешу сеніп тапсырылған жан ешқашан қателеспеуге тиісті. Егер ол белгіленген мерзімінде әділетті ісімен, шыншыл жүрегімен міндетін адал атқарып шықса – ең жоғарғы құрмет соныкі. Бүгінгі әңгімеміз сондай жандардың бірі, 35 жасында Қазақ КСР Жоғарғы сотының судьясы болған, одан ұзақ жылдар бойы Жоғарғы Сот төрағасының орынбасары, Павлодар облысы мен Астана қалалары сотының төрағасы болған Тілектес АЙСИНГЕ арналып отыр. Тілектес Айсиннің өмірбаянымен танысқан адам оның Ресейдің Түмен облысындағы Голышман (қазақтар Құлышман дейді) ауданындағы Усть-Ламейск селосында туғанын көрер еді. Көп адамдар «қазақтың да жүрмейтін жері жоқ қой, сол жақта да бар екен-ау» деп ойлар, бәлкім. Ал шын мәнінде қазақтар Ресейдің Тайгасына жататын осындай түкпірлерге туған жеріндегі қуғыннан, қысастықтан, қолдан жасалған аштықтан амалсыз ауып барған еді. Әйтпесе, самалы ескен Сарыарқадай жапан дала тұрғанда аң болмаса адам аяғы баспайтын Тайганың қалың ормандарын, сары масасы үзіліссіз ызыңдаған сазды, қопалы батпақтарын адам баласы мекен қылар ма? Әрине, қазір біршама жерлерді құрғатып, құрылыс салып, жол тартып, жарық, газ өткізіп, әп-әдемі селолар пайда болыпты. Ал қазақтар ауып барған ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында мұнда ешқандай жол жоқ, оның үстіне қыстағы суығы мен жаздағы жайсыз ыстығына мықтының мықтысы ғана шыдайтын. Қыстың қалың қары мен жаздағы жауынның лайсаңынан бір-бірімен қатысуы да оңай болмайтын. Тілектес Айсиннің ата-бабасы ежелден Есіл бойының ең құйқалы өңірлерінің бірін жайлаған. Бұл қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының маңы. Айса, Ғайса деген аталары ежелден күйлі тұрмыс кешіп, оқыған, халықтың діни сауатын көтеріп, имандылыққа үйірген текті жандар болыпты. Олар балаларын да оқытып, медресе бітірткен. Кеңес өкіметінің бұларды жау көріп, қуғынға салып жүргенінің басты себебі де сол. Атадан балаға жалғасқан дәулетті, арабша оқып, діни сауаты болғандықты қызыл өкімет қылмыс санады. Қазіргі тілмен айтқанда бірнеше адамға жұмыс беріп, нәпақасын айыртқанды өкімет жалшы жалдап, оларды қанады, қанын сорды деп есептеді. Ал сол жалшылар байға жалданбаса аштан өлуі мүмкін екендігімен ешкім санаспады. Қызылдарға тек оқымаған, оң-солын айыра алмайтын, өзінің ешқашан орындалмайтын қиялдарына сенетін, оны айырып, сын айта алмайтын, ешқандай сауаты жоқ, кітап ұстап көрмеген, надан адамдар ғана сенімді еді. Сондықтан ол көзі ашық, сауатты, әлді атаулының бәрінің мал-мүлкін тартып алып, өздерін түрмелерге тоғытты. Үй-ішіндегі жандарды алыс қияндарға жер аударды. Күнкөріс көзі – малды тартып алған соң елді аштық жайлады. Міне, осындай қысастықтардың кесірінен терістік пен орталықтағы қазақтар үдере көшіп, Ішті паналады. «Іш» дегеніміздің өзі Ресей жері, Тайганың арасы. Сол жерге барғандардың бірі –Тілектес Айсин­нің де аталары. Айсин Сейпінің жеті баласы да осы Ресей жерінде дүниеге келген. Тілектес отбасындағы бесінші бала болатын, алдында екі ағасы мен екі апасы бар. Өздерінің еңбектерімен, төккен терлерімен өмір сүрген отбасы тұрмыс жеңілдеп, ел ішіне тыныштық орнаған сайын басқалармен бірге туған жерге жақындай түседі. Сөйтіп, Түменнің Қызылжар жақ шетіндегі Бердюжье ауданындағы «Зарослое» кеңшарының «Беленькое» селосына қоныс тебеді. Кеңшардың қара жұмысына бел шешіп кіріскен Тілектестің ата-анасы қандай ауыр міндеттерден де бас тартпай, атқара беретін. Ауыр міндеттерге балаларын да тартып, оларды да жастайынан еңбекке баулыды. Ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп Қызылжардағы техникумда оқып жүрген жылдары Тілектес грек-рим күресіне үзбей қатысып отырады. Осында өзінің құрдасы, кейін спорттың осы түрінен «КСРО спорт шебері» нормативін қазақтар арасынан алғашқылардың бірі болып орындаған Жамбыл Тасеменовпен танысып, дос болады. Екеуінің достығы ата-аналарына да ауысып, Жамбылдың әкесі Серғазы мен Тілектестің әкесі Сейпі де сыйлас болып, ас-сулары араласқан жақын адамдар болып кетеді. Әдетте, әкелері дос болған соң балалары да жақындасып жатады ғой, бұларда керісінше балалары дос болған соң әкелері де жақындасып кеткен екен. Міне, осы Жамбыл Тасеменовпен Тілектес Айсиннің бала кезден қалыптасқан достығы әлі үзілмей, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұл да Тілекеңнің достыққа берік, бойында ата-бабасынан берілген тектілік пен айнымас адалдықтың мол екенін көрсетіп тұр. «Жасым жетпіске таянғанда басыма іс түсіп, аяғым екі жерден сынып, қиратылып қалғанымда бірінші болып Тілектес досым жетіп, қолынан келген көмегін жасап, Қорған қаласындағы Илизаров орталығында емделуіме жәрдем берді» деп Жәкең осы күні ризашылығын білдіріп, айтып отырады. Техникумды бітірген соң Тілектес «Целиноградсельстрой» жобалау институтында бір жыл еңбек етеді. Алайда, жаны сүйген мамандығы – заңгер болуды аңсаған жүрегі оны келесі жылы Алматыдағы қазақтың жалғыз университетіне алып келеді. Алдына қойған мақсатына жетуді ойлап, қыс бойы дайындалғандықтан ол емтиханды жақсы тапсырады. Сөйтіп, бала жасынан армандаған мамандығының оқуына түседі. ҚазМУ-ді бітірген соң өкімет Тілектес Айсинді Петропавл қаласының прокуратурасына қызметке жіберген. Дипломын алған соң келіншегі Сәруар да осындағы педагогикалық институттың саяси экономия пәнінің ұстазы ретінде өзінің еңбек жолын бастайды. Университетте оқып жүрген жылдарында бірнеше рет өндірістік тәжірибеден өткен Тілектес Айсин кәсіби тұрғыдан өзінің білікті маман болатынын көрсете білгендігі көрініп тұр. Әйтпесе, оқуды жаңа бітірген жасты бірден прокуратураның аға тергеушісі қызметіне қоймайды. Ішкі істер органдарындағы тергеушілік қызметпен салыстырғанда прокуратура органдары ол кезде қоғамдық маңызы жоғары, әлеуметтік қауіптілігі зор қылмыстарды тергейтін. Аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру, социалистік меншікке ірі көлемде қол сұғу, қызметтік жағдайын теріс пайдалану, ірі көлемдегі ұрлық, пара алу, зорлық, кісі өлтіру немесе денеге ауыр жарақат салу, кісі тонау, сыбайласқан қылмыс және т.б. ауыр қылмыстар прокуратура органдарының еншісінде болатын. Сондықтан да прокуратура тергеушілерінің мәртебесі әрқашан да жоғарырақ деп саналды. Осындай қылмыстардың барлық түрлері де шағын ғана Петропавл қаласында жиі болып тұратын еді. Тілектес ашуы өзіне жүктелген қылмыстық істерді жүргізуде әрқашан да біліктілік танытып, көзге түсіп жүреді. Сол жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық прокурорының бірінші орынбасары болған Сапар Дүйсенов ақсақал Тілектестің кәсіби дайындығы жоғары болуымен қатар өз ісіне адал, шыншыл, заң бұзушылыққа ымырасыздығымен белгілі болғанын айтады. Қазақ мамандары арасында ол үнемі жақсы жағынан көзге түсіп жүрді, дейді ақсақал. Екі жылдан кейін Тілектесті Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі қызметіне жоғарылатады. Енді оның қарамағында бірнеше тергеуші болады. Осы жылдары Петропавл қаласында Куйбышев және Киров аудандары ашылып, аудандық прокуратураны білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін партия Тілектес Айсинді Куйбышев аудандық прокурорының көмекшісі қызметіне ауыстырады. Өз ісіне мығым маманның кәсіби дайындығы, ұйымдастырушылық қабілеті аудандық прокурордың көмекшісі қызметінен әлдеқайда жоғары екенін жіті таныған жергілікті партия басшылығы көп ұзамай оны Солтүстік Қазақстан облыстық соты мүшелерінің қатарына енгізеді. Сөйтіп, Тілектес Айсиннің болашақ өмірінің өзегіне айналған судьялық қызметі басталады. Алайда, судьялық қызметінен тыс барлық тапсырылған міндеттерді мүлтіксіз орындап, заңнамалық анықтамаларды сауаттылықпен және біліктілікпен жаза білетін, ойын орамды қылып жеткізе алатын, оның үстіне заңдылық тұрғысынан орнықты ұсыныс, тыңғылықты кеңес бере алатын жігітті партия 1977 жылы енді өзінің қатарына алады. Сөйтіп, Тілектес Айсин Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалады. Әрине, бұл қызмет тұрақты емес, кез келген адам үшін келесі сатыға секіруге дайындайтын баспалдақ, әйтсе де ол үлкен сынақ алаңы болатын. Осы сынақтан сүрінбей өткен кейіпкеріміз бір-ақ жылдан кейін, 1978 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық сот төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Ал 1980 жылы 35 жастағы Тілектес Айсиннің өмірінде үлкен өзгеріс болды. Ол Қазақ КСР Жоғарғы сотының судьялығына ауыстырылып, Алматы қаласына қоныс аударады. Әрине, бұл судья еңбегінің бағаланғандығы еді. Сөйтіп, ол тоғыз жыл қызмет істеп, үйленіп, үй болып, Салтанат, Жанар есімді сүйікті перзенттерін көрген құтты мекенінен рес­публика астанасына көшеді. Тілектес Айсиннің біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілетінің зорлығы мұнда да көзге түспей қалған жоқ. Жоғарғы сотта жүргенде ол көптеген қиын түйінді істерді тарқатып, төменгі инстанциядағы әріптестерінің кейбір теріс кеткен қателерін тауып, әділетке қол жеткізіп жүрді. Оның кәсіби іскерлігін ескерген партия 1984 жылы Қазақстан КП Орталық комитетінің Әкімшілік органдар бөліміне сектор меңгерушісі етіп ауыстырады. Партияның Орталық комитеті ол кезде елдегі ең жоғарғы билік органы болғаны мәлім. Ол барлық жоғары-төменгі эшелондағы басшы кадрларды таңдау және тағайындауға монополиялық үстемдік етті. Орталық комитеттің қызметкерлері барлық билік орындарына емін-еркін ене алатын және оларға барлық құпия архивтер мен құжаттар қолжетімді болатын. Ол кадрлар ғана емес, барлық материалдық игіліктерді бөлудің, сондай-ақ барлық бақылау мен әлеует органдарының да үстінен қарайтын. Соның ішінде Әкімшілік органдары бөлімі республикадағы биліктің барлық саладағы басшы қызметкерлері істерінің заңдылығын бақылайтын орган еді. ОК-ның осы бөлімінің теріс назарына ілігіп, талқыға түстің бе, одан арғы барлық келешегіңе балта шабылды деген сөз. Бірде қызылордалық судья Н.Чекоданов сондай жағдайға душар болып қалады. Оның шығарған шешімін әділетсіз деп санаған газет тілшісі ОК орталық басылымдарының біріне сыни мақала жариялап жібереді. Сол сол-ақ екен, судьяның басына қара бұлт үйіріледі. Осы әділетсіз қаралаудан оны тек Тілектес Айсиннің әділетке алаңсыз ара түсіп, шығарған шешімнің дұрыстығын дәлелдеп берген ісі ғана алып қалады. Есі әбден шыққан байғұстың ақ жарылған разылық хаты басқа да осындай алғыстармен қатар кейіпкеріміздің архивінен орын алған. Орталық комитеттің толып жатқан өзіндік дәстүрлері болғанын да бұл күндері Тілекең езу тартып еске алады. Соның ішінде қыста көк, жазда сұр костюм кию, асығыс жүрмеу, дауыс шығарып күлмеу, тамыр-таныстармен жиі араласпау деген сияқты әдеттер көп болатын. Тіпті, «мұнда костюмді бір-екі өлшем тар алып, қысылғаннан иіліп-бүгіле алмай, сіресіп қана жүруге мәжбүр болған жанның жағдайы қалыптасқан еді» дейтін әзіл де болыпты. Осының өзі адамды тек жұмысқа ғана бағыттап, артық-ауыс дүниеге мойын бұрғызбайтын. Тілектес Сейпіұлы да бұл атмосфераның талабына қалыптасып, өзінің анда-санда ғана айтып жүретін жеңіл әзілін де айта алмай, міндетінен бас алмай төрт жыл қызмет етеді. 1988 жылы Тілектес Айсин өзінің сүйікті ісіне қайтып оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Соты төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. Осы лауазымды ол жеті жыл бойы атқарып, еліміздің жаңа Конституциясына сәйкес аталмыш қызмет қысқарғанша істеді. Осы себептен Тілектес Айсинді Жоғарғы сот төрағасының соңғы орынбасары деп айтуға болады. Тілекеңнің бұл лауазымды атқар­ған жылдары КСРО сияқты темір шы­мыл­дықпен құрсауланған қоғамның табалдырығынан жариялылық пен демократияның аттаған жылдарына тап келді. Міне, осы жылдарда ол Алаш ардақтыларын, 1937-1938 жылдардағы және одан кейінгі жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған жандарды, Желтоқсан оқиғасы бойынша жазықсыз жазаланғандар істерін қайта қарап, оларды ақтау істеріне белсене қатысты. Еліміз өз тәуелсіздігін алып, демократиялық құқықтық бағыт ұстанған зайырлы мемлекет құру жылдарында Тілектес Айсиннің кәсіби және қоғамдық белсенділігі арта түсті. Бұрынғы заңдарда социалистік меншік, қоғамдық мүдде дегендер басымды болса, енді жекеменшік, жеке адам және олардың мүддесінің аяққа басылмауын, құқының табанға тапталмауын қамтамасыз ететін демократиялық заңдар жасау қажет болды. Соның ішінде судьялардың тәуелсіздігін, әлеуметтік-құқықтық кепілдіктерін сақтайтын заңнамалар мен сот жүйесінің заңнамалық базасын енгізу күн тәртібінде тұрды. Осы және басқа да мәселелерді қарастырған конституциялық заңдардың жобасы әзірленді. Конституциялық заңдарда судьяның біліктілігіне қойылатын талапты күшейту және сот төрелігін жүзеге асырған кезде заңдылықты сақтауы үшін олардың жауапкершіліктерін арттыру жөніндегі тұтастай жаңа жүйе қарастырылды. Заңды қабылдайтын Парламент болғанымен оның жобасын әзірлейтін әртүрлі саланың жоғары атқарушы органдары. Сондықтан аталмыш заң жобаларының жасалуына Жоғарғы сот белсене қатысты. Ол үшін ондаған шетелдік тәжірибелер зерттеліп, салыстырылып, бізге сәйкес келетіндері таңдалып алынып және оған өз еліміздің ерекшелігін ескеретін қосымшалар мен толықтырулар қосылып, кейбір тұстары қысқартылып, қысқа мерзімде заң жобалары дайындалды. Жаңа формацияға сәйкес кадрлар табу, оларды дайындау сияқты күнбе-күнгі жұмыстар да бастан асып жатты. Осы жұмыстардың бел ортасында Тілектес Айсин де жүрді. Ол осы бағыттағы толып жатқан комиссияларды басқарды. Сөйтіп, Президенттің талабымен іске асып жатқан құқықтық реформаларды жүргізуге, сот билігі беделінің артуына Тілектес Айсин де өз тарапынан өлшеусіз үлес қосты. Жоғарыда айтқанымыздай, 1995 жылы қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес төрағаның орынбасары лауазымы қысқартылып, енді қылмыстық және азаматтық істер алқасының төрағалары деген қызметтер енгізілді. Тілектес Айсин біршама уақыт азаматтық істер жөніндегі алқаның төрағасы міндетін атқарды. Ал 1996 жылдан ол Павлодар облысы сотының төрағасы қызметіне жіберілді. Бұл қызметте де абырой биігінен көріне білген Тілекең бес жылдан кейін Президент Жарлығымен Астана қаласы сотының төрағалығына тағайындалды. Қай жерде жүрсе де, қай деңгейде қызмет істесе де Тілектес Айсин халық пен ел алдындағы өз міндетін адал атқарып, заңның сақталуына бар күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін, бойындағы қайратын жұмсап, әділетті судья атана білді. Белгілі мемлекет қайраткері, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы қызметінен кейін қала әкімінің орынбасарлығына ауысқан Фарид Галимов Тілектес Айсинмен қатар істегенде оның жаңа астанадағы әділсот төрелігін іске асыруды жаңа сападағы деңгейге көтеруде аянбай еңбек еткенін айтады. Өзінің ерен еңбегінің, кәсіби біліктілігінің арқасында ол қала басшылығы мен жұртшылық алдында зор беделге ие болды. Мәслихат депутаттары да, қаладағы танымал ақсақалдар да ол туралы жақсы пікірлер айтушы еді. Мен оны нағыз қадірлі азамат, сенімді де жөні түзу адам деп айта аламын, дейді ол. Астана қалалық сотының төрағасы болып бірнеше жыл қызмет атқарған соң ол 2006 жылы Бас прокуратураның Азаматтық және әкімшілік істер бо­йынша сот актілері мен атқарушы өндірістердің заңдылығын бақылау жөніндегі департаментінің бастығы болып істеді. Сөйтіп, заңгерлік карьерасында еңбек жолын бастаған органға зейнет демалысына шығар алдында қайтып келді. Бұл іске де жан-тәнімен кіріскен ол прокуратураның бұрынғы міндеті мен қазіргі қызметінің арасындағы аспан мен жердей айырмашылықтарды көзбен көріп жүрді. Оның басты себебі шектеулі шеңберде ғана заңдылық сақталатын жабық қоғам мен демократиялық құқықты ашық қоғамның арасындағы айырмашылыққа тірелетін. Қазір Тілектес Айсин зейнет демалысында. Бірақ ол әлі де тұғырдан түспей, Жоғары сот кеңесінің мүшесі қызметін атқаруда. Сөйтіп, енді білікті заңгер сот жүйесін қалыптастыру, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің қол сұғылмауы кепілдіктерін қамтамасыз ету, судьялық бос орындарға кандидаттар іріктеу бойынша қоғамдық қызмет атқарып келеді. Судьяларды іріктеу туралы Президенттің қатаң талабы шыққаннан бері бұл қызметтің де жұмысы бұрынғыдан әлдеқайда белсенді түрде жүргізіле бастады. Кейіпкеріміздің көп жылдық адал еңбегі еліміздің бірнеше марапаттарымен аталып өтілген. Алланың адамға берілетін ең үлкен сыйы – жарасты отбасы болса, Тілекең бұл жөнінен де өз тағдырына риза. Ол адал жары Сәруар апаймен жарасты өмір сүріп, сүйікті перзенттерінен бірнеше немере сүйіп отырған қадірлі ата. Сөзімен емес, өнегесімен тәрбиелеген балалары да ұлағатты әкенің алдында құрақ ұшып тұрады. Жетпістің желкеніне мініп отырған Тілектес Айсин осындай жан. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.