27 Тамыз, 2015

Қаражат-несие саясатындағы дұрыс қадам

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
фото-Институт философии. Зарема ШаукеноваЗарема ШӘУКЕНОВА, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер мен отбасылық-демографиялық істер жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҰҒА академигі. 2014 жылдың ақпанынан кейін Қазақстан теңге мен АҚШ доллары арасындағы айырмашылық өлшемін 183 пен 188 цифрлары арасында тұрақты түрде ұстап тұрды. ТМД мемлекеттерінде ақша құнсыздануының шеруі жаппай жалғасып жатқанда да, Қазақстандағы теңгеге қатысты жағдай қалыпты сақталды. Екі ел арасындағы барлық саладағы біте қайнасқан байланысқа орай 2014 жылғы Ресей рублінің құлдырауын да қабырғамыз қайысып, арқамызбен көтеріп тұрдық. Әлемдегі бағаның тұрақсыздануы – Дүниежүзі экономикасының екінші алыбы саналатын Қытай мемлекетін де шайқап өтті. Біздің ең жақын көршіміз әрі экономикадағы ынтымақтас әріптесіміз юань бағасын 6-7 пайызға төмендеткенде, баршамызға шыдамның шегі таусыла бастағандай көрінген. Оның үстіне, екінші дабылдың толқыны 2015 жылдың қорытындысы бо­йынша алтын-валюталық қордың азаюымен тұспа-тұс келді. Осындай қалыптасқан жағдайдан соң да теңгенің бағамын тұрақтандырып ұстап тұру тіпті, ақылға сыймас еді. Бұл дегеніңіз – Ұлттық қорымызды қисынсыз қинаумен тең болып шығар еді. Ресейдің өзі де дәл осындай жағдайды басынан өткеріп әрі оған бір жыл бойы шыдас беріп, ақыр соңында қаражат қорының тең жарымын жоғалтты. Баға паритеті бойынша қазіргі сәтте Қазақстандағы 1 АҚШ доллары 260 теңге болуы тиіс те еді. Босатылған бағаның дәл сондай шарықтау шегіне жетіп те қайттық. Теңгенің долларға шаққандағы бұрынғы баға курсынан, ашығын айтайық, негізінен біздің отандық экспорттаушы кәсіпорындарымыз айрықша зиян шекті. Биылғы қаңтар мен шілде айлары арасындағы өнеркәсіптің өсімі 0,2 пайызға дейін құлдырады. Бұл арадағы соңғы бес жылда еліміздегі өндірістің өсу қарқыны орта есеппен 3,36 пайыздық көрсеткішті құрағанын қаперге ала отырайық. 2015 жылғы алты айда еліміздегі экспорттың төмендеу көрсеткіші 43,4 пайызға жетті. Бұл арадағы импорттың 19,8 пайызға кемігенін айта кетейік. Міне, осы кезде тосын әрі тегеурінді шешім қабылдайтын сәт туды. Еліміздің Президенті мен Үкіметінің жаңа қаражат-несиелік саясат туралы хабарлама жасап, таргеттеу – ақша агрегаттарының өсу бағдарларын белгілеу туралы әңгіме қозғағаны да дәл осы тұс. Сауда-саттықтағы Қытай­дан кейінгі басты әріптесіміз Ресейдің санкция­мен өмір сүргеніне де жыл толды. Осы тұста ғой отандық бизнес нағыз сынақтан өтіп жатты. Ал Президент пен Үкі­мет жағдайдың түзелетініне үміт артып, шыдамдылық танытқаны да ақиқат. Алайда, жағдай мүлдем күрделіленіп бара жатқан соң, енді бұған шындап зейін қоюға тура келді. Айналып келгенде – Қазақстанның жаңа қаражат-несие саясаты бұған бірден-бір дұрыс жауап болды да. Елбасы 20 тамыз күні жедел кеңес өткізіп, бизнес өкілдерінің басын қосты. Әлеуметтік инженерияның – әлеуметтік оптимизмнің жаңаша идея­лары қарастырылды. Оңтайлы шешім табылды. Әлеуметтік бұл феномен – қазақстандықтардың 2015 жылғы 26 сәуірдегі Президент сайлауында қалыптасқан ұлт ретінде көрсете білгенін байқатты. Біздің басты байлығымыз– Қазақстан халқының ауызбірлігі мен ынтымағы екені осы жолы тағы да айқын да анық аңғарылды. Алдымызда осы орайдағы Ұлт жоспарының аясындағы институттық реформаны жалғастыру міндеті тұр.  Жазып алған Раушан ШҮЛЕМБАЕВА. АЛМАТЫ.