Батыс Қазақстан облысына қарасты Зеленов ауданының Асан ауылында ат спорты түрлері бойынша жастар арасындағы ел чемпионаты мәреге жетті. Облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан жарыстар ұйымдастырылды.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған көкпардың финалдық бәсекесінде қызылордалықтардан басым түскен оңтүстікқазақстандықтар жеңіс тұғырына көтерілді. Алаң қожайындарын 5:2 есебімен ұтқан Жамбыл облысының командасы жүлделі үшінші орынға жайғасты. Ал аударыспақтан өз салмақ дәрежелерінде оңтүстікқазақстандық Еламан Пернебек (50 кг), қызылордалық Бердібек Жорабек (60 кг), ақтөбелік Шыңғысхан Ержанов (70 кг), оңтүстікқазақстандық Есімхан Рахматулла (80 кг), ақтөбелік Саят Сатым (80 кг жоғары) жеңіс тұғырына көтерілді. Теңге ілуден ақтөбелік Әлихан Бәшенбай үздік шықса, жамбы атудан оңтүстікқазақстандық Ералхан Айкөз алдына жан салған жоқ.
Жарыстың жабылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, көнеден үзілмей келе жатқан ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамытудың қажеттігін атап көрсетіп, жарысқа қатысушы барлық командаларға алғысын білдірді.
«Егемен-ақпарат».