Бұрнағы күні Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оралға келді. Осы жерде кәсіпкерлермен және жұртшылық өкілдерімен кездесті. Облыс активін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашып, жүргізіп отырды.
Бүгінде Үкімет пен Ұлттық банктің шешімімен теңге еркін айналымға жіберілгені белгілі. Соған орай Үкімет басшысының орынбасары облыста құрылған жедел штабтың қызметіне оң баға берді. Оның құрамына жергілікті атқарушы билік, қоғамдық ұйым өкілдері және мәслихат депутаттары кіреді. Ақпарат құралдары арқылы бұл бағытта жан-жақты түсінік жұмыстары жүргізілуде. Жедел желі ұйымдастырылған. Ірі сауда орындары мен базарлардағы бағаға тұрақты түрде мониторинг жасалып, рейдтер өткізіліп келеді.
Облыс, аудан, ауылдық округ орталықтарында ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Мектепке қажет заттар, кеңсе тауарлары, дәрі-дәрмек, жанар-жағармай бағаларына да мониторингтік зерттеулер жасалу үстінде. Ұлттық банк филиалынан алынған мәліметке қарағанда, қазіргі таңда облыста теңге, доллар, еуро сынды валюталардың қолма-қол ақшасының жетіспеушілігі орын алып жатқан жоқ, жағдай тұрақты.
Облыс активінде өңір кәсіпкерлері сөз алды. Бірінші болып мінберге «Стекло сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов көтеріліп, кәсіпорынының ахуалын баяндап, биылғы жеті ай бойынша көрсеткіштер былтырғы деңгейден төмендемегенін айтып берді. Теңгенің еркін айналымы нәтижесінде кәсіпорынның рентабелділігі одан әрі артады деп күтілуде. Өндірілген өнімнің 40 пайыздайы Ресейге шығарылады. Қызметкерді қысқарту жүргізілген емес. Жалақы бойынша берешек жоқ. Қазір серіктестік өнімдерін Астана мен еліміздің өзге де өңірлерінде жаңадан салынып жатқан нысандарға пайдалану жөнінде келісімдер жасалу үстінде.
Өңірдегі өңдеу өнеркәсібі саласы өкілдерінің атынан сөйлеген «Жайық ет» серіктестігінің басшысы Темір Ескендіров теңгенің еркін айналымға жіберілуін қолдайтынын және бұл шара өз уақытында жүргізілгенін жеткізді.
Бізден бұрын Ресей мен Қытай тауар өндірушілерін қолдау мақсатында өздерінің валюталарын еркін айналымға жіберді. Соның нәтижесінде Қазақстан нарығын аталмыш елдердің арзан өнімдері жаулады. Отандық тауарлар олармен тең бәсекеге түсе алған жоқ. Енді бұл теңсіздік жойылуға тиіс. Жергілікті өндіріс орындарының жұмысы жанданатынына да сенім мол. Осы шараның нәтижесінде өз нарығымызда отандық өнімдердің бәсі өсетіні анық, деді ол.
«Белес-Агро» серіктестігінің директоры Мұрат Жәкібаев Ресеймен арадағы тауар айналымы 70 пайызды құрайтынын баяндап берді. Ресейлік рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы қазір 4 теңгені құрауы кәсіпкерлер үшін оңтайлы болып отыр. Бұрынғы төмен баға жергілікті өнім өндірушілерге кері әсерін тигізгенін жасыруға болмайды. Соған орай кәсіпкерлер теңгенің еркін айналымға жіберілуін біраздан бері күтіп жүрген еді. Енді міне, бұл үміт мемлекет тарапынан қолдау тапты. Егер жағдай бұрынғыдай қала берсе, еліміз импортқа тәуелді болып қалар еді, деп түйін жасады өңірге белгілі кәсіпкер.
Өз кезегінде сөз алған «Мирлан» және «Ақжол» базарларының директорлары Тагира Журавлева мен Әліби Амангелдіұлы базарлардағы жағдай тұрақты, кәсіпкерлер арасында да, тұтыншылар тарапынан да дүрлігушілік жоқ екенін мәлімдеді.
– Менің сапарымның басты мақсаты – облыста атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзіммен көру, орын алып жатқан түйінді және өзекті мәселелер болса, оның шешімі табылуына Үкімет тарапынан көмектесу. Елдің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардарсыздар. Ең бастысы, мемлекетімізде тыныштық пен ауызбірлік бар. Дағдарысқа қарамастан ел экономикасында тұрақтылық сақталып келеді. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша экономика 1,7 пайыз өсімге қол жеткізілді. Мемлекет халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін дер кезінде орындап отыр, орындай да береді. Иә, дағдарыс бізге де өз салқынын тигізуде. Себебі, біз әлемнің көптеген елімен, соның ішінде көрші мемлекеттермен экономикалық байланыстамыз. Біздің өнімдерді олар алады, ол елдердің тауарларын біз тұтынамыз. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкпен келісе отырып теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешім қабылдады.
Бұл еліміздің қазіргі және ертеңгі экономикалық дамуына әсер ететін шешім болғаны анық. Экономика дамымаса, халықтың тұрмысы жақсармайды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері талай дағдарысты бастан өткерді. Оның бәрінен қиналмай шықтық. Бұдан да аман-есен шығатынымызға күмән жоқ. Бұл үшін ең алдымен ауызбірлік пен ынтымақ керек. Экономикалық дағдарыс ұзаққа созылған жағдайда да еліміздің байлығы, Ұлттық қордағы қаржы елімізді күрделі кезеңнің сынынан аман алып шыға алады деп ойлаймын, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жиыннан соң Үкімет басшысының орынбасары Ақжайық өңіріндегі аға ұрпақ өкілдерімен жүздесті. Бұл басқосуда соғыс және еңбек ардагерлері теңгенің еркін айналымына жіберілуін қолдайтынын, бұл бағытта жұртшылық арасында тиісті түсінік жұмыстарын жүргізуге араласып жүргендерін жеткізді. Содан соң Үкімет басшысының орынбасары Орал қаласындағы «Мечта» және «Дина» секілді ірі гипермаркеттерде болып, азық-түлік пен тұрмыстық заттардың және өзге де бұйымдар бағасының қымбаттамағанына көз жеткізді. Сонымен бірге, Бердібек Мәшбекұлы валюта айырбастау қосындарындағы жағдаймен танысты.
Осыдан соң вице-премьер Бөкей ордасы ауданына барды. Онда ол Хан ордасы ауылындағы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге арналған салтанаттарға қатысып, «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда құттықтау сөз сөйледі.
«Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – бұл бірліктің, ынтымақтастықтың және тарихи сабақтастықтың үлгісі, бұл бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық қазақстандықтарға арналған бірыңғай мереке», – деді Бердібек Сапарбаев конференцияға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде.
Содан кейін Үкімет басшысының орынбасары Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің экспозициясымен танысып, «Алтын дала шежіресі» атты театрланған қойылымды тамашалады. Оның басты идеясы өткен мен қазіргі заманның арасындағы тығыз тарихи байланысты көрсету болды.
Жұмыс сапары шеңберінде вице-премьер облыс әкімімен, мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларымен бірге Бөрілі ауданының Березовка ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында ол Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумының басшыларымен бірлесе отырып, 469 үйде тұратын 2138 адамды көшіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. «Қаржыландыру мәселелері мемлекет және ҚПО есебінен шешілетін болады», – деп атап өтті вице-премьер.
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,
журналист,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.