Оны көтеретін Маңғыстаудың білекті қыздары «әлемді мойындатамыз» деп отыр
Маңғыстаудың білекті қыздары өз бақтарын спортта сынап, биік мақсаттарға ұмтылып отыр. Бұдан жарты жыл бұрын құрылған облыстық кір тасы спорты және армрестлинг федерациясында 40 адам жаттығып жүр десек, соның 28-і қыздар. Алғашында 8 келілік кір тастарын көтеруді бастаған қыздар бүгінде 24 келі тасты емін-еркін серпитін болған. Аз уақыт ішінде жеңістер мен жетістіктерден де құралақан емес – олар жуырда өткен ел біріншілігінде 5 медаль иеленген, ал құрылғалы жарты жыл ішінде федерация қоржынына 12 алтын, күміс және қола медаль келіп түскен. Маңғыстауда бұл спорт түріне қыздардың қызығушылығы күрт артып тұр. Жаттықтырушылар бұрын дзюдо, күрес және бокспен айналысқан қыздар ғана емес, тәжірибесі жоқ ауылдық қыздар да ауыр кір тастарын көтеріп, күш сынасуға ынталы екендігін айтуда.
Ел біріншілігінде ауыр салмақтағы спортшы, қол күресінің шебері Айжан Мамақова Малайзияда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алған. 17 жасар Айжан алдына қазақ қыздарының қайсар, батыл, ғаламат күш иесі екенін күллі әлемге паш етемін деп мақсат қойып отыр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.