23 Шілде, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

474 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Өндірістік өрлеу өрісі Индустрияландыру бесжылдығының қанатқақты жылы қарқынды басталды Қазақстанның экономикалық даму тарихының бұрын-соңды болмаған жаңа беті ашылды. 2010 жыл елімізді индустрия­ландырудың шын мәніндегі бетбұрыс кезеңіне айналды. Өткен маусым айының соңында әлем таныған реформатор, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баламасыз бастамасымен өмірге келген еліміздің үдемелі индустриялық- инно­вациялық даму бесжылдығы бағдарламасының аясында жалпы құны 381 миллиард теңгені құрайтын 72 ірі инвестициялық жобаның тұсауы кесілді. Жыл аяғына дейін тағы 72 жоба өмірге жолдама алады. Ойлап қараңызшы, бір жылда 144 заманауи іргелі өндіріс ошағы пайдалануға беріліп, 20000 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылады. Ел тарихында мұндай өрлеу дәуірі ілгері-кейінгі замандарда болып па еді?! Қазақстандықтар индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылында екпінді бастау алған бұл тарихи оқиғалардың маңы­зын әлі де жете сезініп, толық түсіне қойған жоқ. Жылдар бойы шикізаттан басқа шеге де шығарып көрмеген еліміздің экономикасы бір жылдың ішінде жүздеген ірі өнеркәсіп орталығымен толығатындығы ақиқаттан гөрі аңызға жақындау құбылыс сияқты. Кешегі Кеңес дәуіріндегі атақты индустрияландыру бесжылдықтарында да мұндай өрлеу құбы­лысы болып көрген емес. Бірақ орындалған іс –бұлжымайтын құдірет! Күні кеше Мемлекет басшысының қатысуымен өткен “Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!” атты жалпыұлттық телекөпір шеңберінде іске қосылған ірі инвестициялық жобалар соның айқын дәлелі. Жоба болғанда қандай! Үсті­міздегі жылдың бірінші жартыжылдығында өмірге келген 72 нысанның 68-і заман талабына толық жауап беретін түбегейлі жаңа өндіріс ошақтары. Атап айтқанда, Баутина теңіз айлағындағы жаңадан бой көтерген кеме жөндеу зауытын алайық. Қазақстанда тұңғыш рет кемелерге техникалық қызмет көрсететін және күрделі жөндеу жұмыстарын атқаратын ірі де іргелі база құрылды. Бұл зауыт Каспий теңізі бассейніндегі мемлекеттердің ешқайсысында жоқ кеме көтеру қондырғыларымен жабдық­талған. “ЗИКСТО” компаниясының жаңадан іске қосылған вагон жасау зауыты өнім шыға­рудың барлық циклдерін жүзеге асырады. Тұтас болат құймалардан вагондардың қабыр­ғасы, олар қондырылатын негізгі тұғыры жасалып, белгі беру және тежегіш тетіктеріне дейін орнатылады. Зауыт өз өнімін шығару барысында сырттан ешқандай қосалқы бөл­шектер алуға тәуелді емес. 2015 жылы зауыт­тың қуаты жылына 1500 жоғары сапалы вагондар шығару межесіне жетпек. Қазір мұнда 400-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Сүт өнімдерін тереңдете өңдейтін Danone Berkut зауыты ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласындағы озық технологиялық өндіріс орталығы болып табылады. Мұнда жылына 12000 тонна сүт тереңдетілген технология бойынша қайта өңдеуден өткізіледі. Зауыттан шығарылатын өнімдер халықаралық стандарттарға лайықталынған. “Қазақстандық жылыжайлар технологиясы” шеңберінде Ақмола облысында іске қосылған нысандар толық компьютерлендірген әдіспен жұмыс істейді. Ал Алматыда бой көтерген фармацев­тика өндірісінің технологиялық қарулануы жағынан Орталық Азияда баламасы жоқ. Металлургия саласында елімізде биылғы жылы жалпы құны 300 млрд.теңгеден асатын нысандар бой көтермек. Олардың қатарында Павлодар электролиз зауытының екінші кезеңі, болат радиаторлар мен алюминий илектері өндірісі сияқты алыптар бар. Еске сала кетсек, 2007 жылы Қазақстан электролиз зауытында жылына 62,5 мың тон­на алюминий шығаратын бірінші өндірістік кешені пайдалануға берілген болатын. Ал 2008 жылдың тамыз айында қуаты жылына 125 мың тонна алюминий шығаруға негізделген зауыттың бірінші кезегі іске қосылса, үстіміз­дегі жылдың бірінші жартыжылдығында тағы да 125 мың тонна алюминий шығаратын зауыттың екінші кезегі пайдалануға берілді. Сөйтіп, қазір бұл өндіріс орталығы жылына 250 мың тонна жоғары сапалы алюминий шығаратын дәрежеге жетті. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде металлургия саласын шикізат шығарудан металл өнімдерін өндіретін өнеркәсіптік не­гізге ауыстыру жолында түбегейлі бетбұрыстар жасалып, кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Міне, осы көкейкесті мақсат аясында “ССКӨБ” акционерлік қоғамы металл прокаты зауытын іске қосты. Металл прокаты өндірісінің қуаты жылына 75 мың тонна өнім шығаруға негізделген. Бұрын “ССКӨБ” акционерлік қоғамы жыл сайын Ресейден 100 мың тоннаға дейін металл прокатын сатып алып, қыруар қаржы шығындап келсе, ендігі жағдай түбірімен өзгерді. Индустрияландыру бесжылдығы аясында атқарылған шаралар арқасында Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі кен байыту кәсіпорынынан металлургиялық өндіріс орталығына айналды. Кез келген нәрсенің құндылығына салыс­тыр­малы түрде көз жеткізу тәжірибеде сынал­ған тұжырым. Биылға белгіленген индустрия­лық жобалардың артықшылықтарын аңғару үшін алысқа бармай-ақ, өткен жылдың жетіс­тіктерімен салыстырып көрейік. Мәселен, 2009 жылы пайдалануға берілген 180 нысан­ның 69-ына тартылған инвестиция 1 млн. АҚШ долларына жетпейтін еді. Ал 2010 жылы іске қосылатын 144 жобаның әрқайсысына 1 млн. доллардан артық инвестиция құйылып отыр. Елбасының баламасыз бастамасымен қолға алынған 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму жоспарын жүйелі түрде іс жүзіне асыру үшін үлкен мөлшерде инвес­тиция тартылуы қажет. Жаһандық қаржы дағдарысынан кейін халықаралық капитал рыногындағы қаржылық ресурстарды алуға шектеу қойылып, әлемде тікелей шетелдік инвестицияларға деген күрес күшейе түсті. Алдағы уақытта Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестиция тасқынын толастатпау үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­ма­сымен инвестиция тарту шараларына мем­лекет тарапынан нақты қолдау көрсету шара­лары белгіленді. Бұл ретте мемлекет тарапы­нан инвестиция тартуға фискалдық, қаржылық және инфрақұрылымдық көмек көрсетілетін болды. “Инвестиция туралы” заңға сәйкес қолданылып келген инвестициялық префе­ренциялар сақталады және одан әрі кеңей­тіледі. Сонымен бірге, еркін экономикалық аймақтарда, кейбір жекелеген инвестициялық келісімдер бойынша салық жеңілдіктері сақта­лады. Қазақстандық тауарларға басымдық беру жөніндегі комиссия арқылы кейбір шетелдік инвесторларға төменгі деңгейде кепілдік берілетін мемлекеттік тапсырыс және ұлттық компаниялардың тапсырыстары берілетін болады. Сондай-ақ “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы шеңберінде шетелдік инвесторларға пайыздық ставкаларды субси­диялау, несиелерге ішнара кепілдік беру сияқты өңірлік жеңілдіктер жасалады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес өнімдерін экспортқа шығарушы отандық инвесторларға барынша қолдау көрсетіледі. Бұл ретте тауар экспорт­таушы отандық кәсіпорындардың 50 пайызға дейінгі шығындарына мемлекет тарапынан кепілдік беру көмегі қарастырылған. Биылғы жылы республикалық бюджеттен “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының негізгі бағыттары болатын жаңа бизнес бастамаларды қолдауға 11,2 млрд. теңге, кәсіпкерлік саланы сауықтыруға 16 млрд. теңге, экспортқа өнім шығаратын өндірісті қолдауға 2,8 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Міне, индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылында жүзеге асырылатын жобаларға мемлекет тарапынан осындай сенімді қолдау көрсетілгендігін ерекше атап өткен жөн. Сондықтан да биылғы жылы іске қосылатын ел экономикасы үшін аса маңызды 144 нысанның барлығы да қа­жетті қаржылық ресурстармен толық қамтама­сыз етілген. Сонымен бірге, бұл жобалардың барлығы бұрынғы жылдарда іске қосылған нысандарға қарағанда, әрі сапалы, әрі ауқымды және инвестиция құюға тартымды. Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара басшылығы мен экономикалық біліктілігінің арқасында еліміз бұрын-соңды болып көрмеген өндірісті өрлеу өрісіне нық қадам басты. Индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылында өмірге жолдама алатын бұл маңызды өндірістік нысандар ұлы бетбұрыс көшінің бастауы ғана. Мемлекет басшысының тапсырмасымен белгіленген Қазақстанның индустрияландыру картасы жалпы құны 7,26 триллион теңгені құрайтын 237 ірі инвести­циялық жобалардан тұрады. Бұл жобаларды іс жүзіне асыру барысында елімізде 240 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделінген. Атап айтқанда, индустриялық-инновациялық жобалардың құрылысын салу барысында 150 мың уақытша жұмыс орны ашылса, жобалар толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде 90 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Жоғарыда айтылған жобалардан басқа 2010 жылы тағы да 47 ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталады. Елімізді индустриялан­дыру бесжылдығының шеңберінде көлік ин­фрақұрылымын дамыту мақсатындағы ғасыр жобаларының жүзеге асырыла бастағандығын да атап көрсетуіміз керек. Ұлы жібек жолының бойымен қайта жаңғыратын “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік көлік дәлізі ел экономикасын жаңа белеске көтеретін күретамыр болмақ. Сол сияқты құрылысы басталған “Жетіген – Қорғас” және “Өзен – Түркіменстан мемле­кеттік шекарасы” темір жол тораптары елі­міздің көлік инфрақұрылымындағы страте­гиялық қуатын еселейтін ғасыр құрылыстары екендігі ақиқат. Қазірдің өзінде осы құрылыс нысандарында 12 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылған. Жалпы алғанда, индустрияландыру бесжылдығының алғашқы жылында бастау алатын индустриялық-инно­вациялық жобалардың құрылысын жүргізу жұмыстарына еліміз бойынша 110 мыңнан астам адам жұмысқа тартылмақ. Иә, 2010 жыл еліміздің индустриялық- инновациялық даму бесжылдығының алғашқы қанатқақты кезеңі болып табылады. Өміршең мақсаттарды орындау жолындағы осы беташар жыл шын мәніндегі өндірістік өрлеумен бас­талды. Мемлекет басшысының тікелей тап­сыр­масымен ел Үкіметі жасаған “Индустрия­ландыру картасына” енгізілген индустриялық ірі жобалардан республикамыздың бірде-бір өңірі сырт қалмаған. Бұл – еліміздің барлық өңір­ле­рінде бесжылдық барысында іргелі экономикалық табыстарға қол жеткізіледі деген сөз. Елбасының баламасыз бастама­сымен бастау алған 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бесжыл­дықтары – еліміздің ХХІ ғасырдағы өрлеу биігін анықтайтын тұғырлы белес. Жүк ауырын арқалаған қара нар Елбасының Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауында ерекше басымдықтардың бірі ретінде атап көрсетілген “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының республика жұрт­шылығы үшін аса маңызды да қажетті осы мекемелер құрылысының өзгеше серпін алып, жаңа қарқынмен бой көтере бастауына түрткі болғаны рас. Сонау Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұр­ған шағында салынған мектеп, аурухана ғимараттарының көпшілігі әбден ескіріп, пайдалануға жарамсыз бола бастағаны көп көңілінде алаң туғызғаны  шындық. Жолдауда жос­пар­ланған бағдарлама жай айтылған сөз болып қалған жоқ. Тиісінше қар­жы бөлініп, жер-жерде көркем де ең­селі, заманауи ғимараттар салына бас­тады. Әрине, бұл жауапты жұмыстың тізгінін кім көрінгенге ұстата беруге болмайтыны түсінікті. Сондықтан да өзінің қарым-қабілетіне, ұйымдасты­ру­шылық шеберлігіне сенген, өзгелер де сенетін жауапты адамдар әлгіндей маңызды шаруаны атқаруға бел шеше кірісті. Күршім ауданында барлық талапқа сай жаңа типті мектептің құрылысы алдымен Зайсан көлінің жағалауын­дағы Аманат ауылында бой көтеруге тиіс болған-ды. “Ал оны қолға алуға кім тәуекел етер екен?” – деген сауал әркімнің-ақ көңілінде тұрған еді. Көп ұзамай бұл мердігердің есімі де көпке мәлім болды, құрылыс жұмысын белгілі кәсіпкер Ержан Сқақов атқар­мақ екен. “Ау, оның ма­ман­дығы зоо­тех­ник қой, анадай күрделі шаруаны қапысыз аяқтап шығуға шамасы келе ме?” – деген сауал тағы да көп кө­кейін тесті. Ержан Оқа­ұлы жұмысқа еш қо­балжусыз, сеніммен кірісті. Ол бұған дейін бірқатар құрылыс нысандарын салып, біршама тәжірибе жинақтап қал­ған болатын. Алдымен қолға алғаны Белоусовка кентіндегі тәр­биеленуі қиын балаларға арналған арнайы мектеп-интернат еді, оны Е.Сқақов мерзімінен бұрын әрі барша талапқа сай деңгейде салып бітірді. – Ол кезде тәжірибеміз де аздау еді, – дейді Ержан, – және қазіргідей техникамыз да жоқ болатын. Аннан-мұннан жинаған ескі техникамыз бен әркімдерден жалға алған құрылыс мәшинелері сол нысанды аяқтауға шыдап шықты. Бірақ, мен сол жолы сенімді де жаңа техникасыз құрылыс жұмысына тәуекел етуге болмайтынын айқын ұғындым. Бұдан соң Катонқарағай ауданын­дағы Жаңаүлгі орта мектебін салуға кіріскен Е.Сқақов онымен Аманат мек­тебінің құрылысын қатар жүргізуге бел байлаған еді. Ержан Оқаұлының ұжымы екі мектепті бірінің артынан бірін лайықты деңгейде табыс етіп, талайдан бері жаңа ғимаратқа қолдары жетпей жүрген ауыл тұрғындарының есепсіз алғысына ие болды. Ал 2008 жылы қолға алып, 2009 жылдың 1 қыркүйегінде тәмамдап шыққан Те­рек­тібұлақ орта мектебінің ашылуына облыс әкімі Б.Сапарбаев арнайы келіп, атқарылған жұмысқа жоғары баға берген болатын. Сол жолы Бер­дібек Мәшбекұлы арнайы тағайын­даған “Озат” сыйлығының тұңғыш иегері болуы да көп жайды аңғартып тұрғандай. Бұл – бүгінде атағы аудан, облыс шеңберінен асып, көпке әйгілі болған  “Өскемен-құрылыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алғашқы қа­дамдары болатын. Тұңғыш қадамының өзін сапа белгісімен аяқтаған се­рік­тестікке артылар сенім мен жүктелер міндет ауқымы ұлғая түсті. Оған әртүрлі ұйымдардан, мекемелерден тапсы­рыстар көптеп түсе бастады. Мұның айқын айғағы ретінде се­ріктестіктің тендерлерде жеңіске жетіп, аса ауқымды жобаларды да ұтып алғанын айтуға болады. Соның бірі – құрылысы осы жазда басталатын Күршім мектеп-гимназиясының ғима­раты. Екі жылда салынып бітуге тиіс бұл ғимаратта келешекте 600 бала бі­лім алмақ. Атал­мыш  мерзім ішінде 1 млрд. теңгеге жу­ық қаржы игерілетін болады. Осының өзі-ақ бұл ұжымға қандай сенім арты­лып отырғанын паш етіп тұрғандай. Ал әзірше ұжым Барақ батыр ауылындағы орталау мектептің құрылысын шапшаң да сапалы түрде жүргізіп жатыр. Бұл мектеп алдағы қыркүйек айында есігін жас өренге айқара ашпақ. Сонымен бірге, Сарыөлең ауылындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жүргізіп, оның бұрын жұмсақ жабынмен жабылған төбесін қайта шатырлап жатыр. Ал Күршім ауылының орталық көше­сіндегі күре жолдың шетін жиектаспен көмкеріп, тротуар салып жатқан да осы серіктестіктің жұмысшылары. – Сонымен бірге, – дейді Ержан Оқаұлы, – орталық саябақтың қоршауын да ауыстырып жатырмыз. Және Қаратоғай ауылында салынып жатқан жаңа үйлер құрылысының бас мердігеріміз. Осындағы ауылдық дәрі­герлік амбулатория ғимаратының құрылысын өзіміз салып шығатын боламыз. Тағы бір айтарым, Күр­шімде талапқа сай мешіттің жоқ еке­нін білесіз, бұл да өзім деген адамның қабырғасына батып, көңілін алаң­дататын жай емес пе. Алла қосса, осы күзде іргелі мешіт үйінің құрылысын бастамақпын. Ол менің ауылдас­та­рыма жасаған арнайы сыйым болмақ. Құрылыс жұмысына кедергі болатын негізгі себептердің бірі  құрылыс материалдарының жетіспеуі десек, серіктестікте бұл мәселе өз шешімін тауып қойыпты. Күршім ауылының орта  тұсынан орын тепкен Е.Сқақовтың құрылыс фирмасының ішінен бірнеше шағын зауыт орын тепкен екен. Мұнда бір мезетте құмды блок деп аталатын ірі кірпіштер, жиектастар (бордюр), төбелік ша­тыр­лар (черепица), пластик терезелер, тротуар плиталары және есік-тере­зелерге қойылатын көлденең блоктар (перемычка) шығарылып, өздері салып жатқан құрылыс нысандарына жеткі­зіліп отырады. Осының нәтижесінде жұмыс үдерісінде кідіру, тоқырау дегендер орын алған емес. Кез келген шаруаның техникасыз алға баспайтыны ақиқат. Серіктестік­тің 24 ауыр техникасы мен 15 жеңіл автокөлігі сақадай сай әрі тоқтаусыз жұмыс үстінде. Оның 90 пайызы жа­ңа­дан алынған екен. Мұнда осы игі­лікті пайдалана отырып, 120 адам табысты еңбек етуде. Олардың орташа айлық табыстары 80-90 мың теңгені құрайды. Серіктестікте Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талап­тары толық сақталады. Еңбек демалы­сының, уақытша еңбекке жарамсыз­дық парағының өтемақылары, ынта­ландыру, көтермелеу сыйлықтары жү­йелі түрде төленіп, санитарлық және қауіпсіздік техникасы шаралары жіті назарда ұсталады. Міндетті зейнетақы жарналары толық төленіп отырады. Күршімнен тыс жерде жұмыс істегенде жұмысшыларға үш уақыт тамақ пен жатар орын тегін. Ал Күршімде түскі ас тегін беріледі, сондай-ақ, жұмысшылар арнайы киіммен қамтамасыз етіліп отырады. – Басшымызға айтар өкпеміз жоқ, – деп пікір бөліседі – ол әлде­қандай  көмекке зәру адам жәрдем сұрап келсе, бас тартқанын көрген емеспіз. Сонымен қатар Ер­жан ау­дандық, облыстық деңгейдегі көркем­өнерпаздар байқауларына, спорт жарыстарына баратын жастар­ға ұдайы демеушілік жасап отырады. 2009 жылы білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі кезінде Ержан Оқа­ұлының он мұғалімге 5000 доллар көлемінде ақшалай сыйлық табыс еткенін жұрттың бәрі біледі. Бұдан басқа ол имандылық бағытындағы барлық шараларға үзбей атсалысады. Жыл сайын Құрбан айт мейрамы кезінде арнайы мал шалып, көп адам шақырып ас беруді әдетке айнал­дырған. Бірнеше жыл қатарынан “Ислам нұры” газетінің 100-120 данасын аудандық мешіт арқылы ауылдастарына тегін жаздырып беріп жүр. Сонау албырт кезінде Алматы­ның зооветинститутын зооинженер, бертін Шығыс Қазақстан мемлекет­тік университетінің мемлекеттік басқару факультетін экономист-ме­нед­жер мамандығы бойынша тәмам­даған Ержан Сқақовтың қай салада болсын сүрінбейтін сұңғылалығына жұрт көзі баяғыда жетіп болған. Ержан өзінің өткеніне де, қазіргі тірлігіне де еш өкінішінің жоқ екенін жиі айтып, пікір бөлісіп отырады. Ол Қазақстан Республикасындағы қазір­гі қоғамды бірден-бір дұрыс дамып келе жатқан қоғам деп пайымдайды. – Президентіміз Н.Назарбаевтың саясатын аса көреген де сарабдал саясат деп бағалаймын, – дейді ол, – ең бастысы, еліміздегі баянды ты­ныштық пен түсіністік деп білемін. Атам заманнан бері бұқараны ақыл­ды да білімді, өз ісін жетік білетін саясаткерлер билегенде мамыражай тірлік орнап, халық тұрмысының оң бағытта дамып отырғаны белгілі. Мен қоғамды мөлдір сауыт ре­тінде елестетемін. Ал жастар соның ішіндегі су тәрізді. Су қашанда өзі құйылған ыдыстың түсі мен пішініне сәйкес түс алып отырады. Сондық­тан, келешекте жас буынның қандай түске, қандай пішінге енетінін ере­сектердің күнібұрын ойлап, лайықты тәрбие беріп отыруы аса маңызды. Ендеше, біздің, үлкендердің өзімізге әрдайым сын көзбен қарап, әдептен тыс қадамдардан аулақ болуға тыры­сып отырғанымыз дұрыс болмақ. Есімі облысқа әйгілі кәсіпкер, белгілі меценат, аудандық мәсли­хаттың депутаты Ержан Сқақов осылай деп толғанады. Қысы-жазы арқаны кеңге салып, емін-еркін демалу дегенді білмейтін тынымсыз азаматтың кей-кейде философиялық толғамдарға да бойұрып, көңілге түйгендерін қағаз бетіне түсіріп отыратын әдеті бар. Және оның мұндай ғибратты ой-толғамдарды біреуге үйретуден гөрі өзі ұстанып, сол бағыттан айнымауға күш салатыны құптарлық. Хасен ЗӘКӘРИЯ. Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы. Өнеркәсіп өндірісі өсімі – 11 пайыз Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда министрліктің биылғы жылдың алғашқы 6 айы барысында атқарған жұмыстарының қорытындысы жарияланды. Бұл жаңа министрліктің қайта жасақталғаннан кейінгі жаңа құрамдағы бірінші кеңейтілген алқа отырысы. Онда екі мәселе қаралды. Оның біріншісі өткен жартыжылдық қоры­тын­дылары мен екінші жартыжылдық жоспарлары болса, екіншісі – министрлік жүйесіндегі сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылықтардың пр­о­филактикасы және алдын алу.  Алдымен министрлік басшысы Әсет Исекешов саладағы атқарылған жұмыстар бойынша 6 ай қорытындысы туралы айтып өтті. Министрдің айтуынша, бүгінде ИЖТМ-нің қызметі барысында ол еліміздің 2 млн. тұрғынына өз әсерін тигізеді екен.  Еліміздегі 11 мың кәсіпорынның 6 мыңы біздің министрлікке қарасты салаларда жұмыс жасайды. Бұл кәсіпорындарда 600 мыңға жуық қызметкер жұмыспен қамтылған. Отбасындағы жан басын орташа есеппен 3 адам деп есептесек, біздің жұмысымыз 2 млн. қазақ­стан­дықтың өміріне ықпал етеді, деді ол. Әсет Өрентайұлының айтуынша, министрлік атауындағы “жаңа технологиялар” сөзінің қолданылуы бекерден-бекер емес. Мұндай тіркес  ТМД елдеріндегі министрліктер арасында тұңғыш рет беріліп отыр. Бұл белгілі бір дәрежедегі жауапкершілік, оған қоса бұл атауға байланысты атқаратын қызметтерді қайта қарастыруға тура келеді. Мұндай атаумен аталған министрлік  Канада, Корея елдерінде ғана бар. Ал ТМД елдерінде бірінші болып елімізде “жаңа технологиялар” сөзі тұтас министрлік атауында  қолданысқа енді. Әсет Исекешев жаңа индустриалдық саясаттың бастау алуын ең маңызды оқиға ретінде атап өтті. Оған Мемлекет басшысының Үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасына қол қоюы, ел Үкіметінің оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары мен Қазақстанның индустрияландыру картасын бекітуі дәлел. Осында айтылғандай, бірінші жартыжылдық ішінде 2010 жылға жоспарланған 144 кәсіпорынның 72-сі пайдалануға беріліпті. 12 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,5 трлн.теңгеге артыпты. Бұл өткен жылдың дәл осы ке­зеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі физикалық көлемнің индексі 106,3 пайыз, өңдеуші өнеркәсіп 118,3 пайыз  өсімді көрсеткен. Атап айтсақ, металлургия өнеркәсібі, ферроқорытпалар 36,7 пайызға, түрлі диаметрдегі құбырлар шығару 2 есеге, радиатор шығару 4,5 есеге ұлғайды. Мәшине жасау саласында тракторлар 61,5 пайыз, аккумуляторлар жасау 79,3 пайызға өскен. Сондай-ақ алғашқы 5 отандық локомотив шығарылды. Фармацевтика өнеркәсібінде дәрілер шығару 36,2, препарат өндірісі 85,3 пайыз өсуді көрсеткен. Өнеркәсіп саласы республикалық ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын құрайды, ал оның тең жартысы өңдеуші өнеркәсіпке келеді. ІЖӨ-нің қалған бөлігінің  50 пайыздайы мұнай мен газға тиесілі екен. Әсет Исекешев өз баяндамасы соңында минис­трлік алдында тұрған екінші жартыжылдықтың негізгі міндеттері туралы сөз қозғады. Оның ішінде индустрияландыру картасы шеңберінде тағы 72 өндірісті пайдалануға беру, “Ақпараттық технологиялар паркі” арнайы экономикалық аймағын және “Қорғас” ШМХО инфра­құрылымының екінші кезеңін салуды аяқтау бар. Сондай-ақ инвестиция, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәсе­лелері бойынша индустриялық саясат, арнайы экономикалық ай­мақтар, атом энергиясын пай­далану туралы 5 заң жо­басы әзірленбек. Ми­нистрлік же­текшілік ететін салалар мен экономика аясын дамытуда 13 салалық бағ­дар­лама мен 2020 жылға дейінгі салааралық ғы­лыми-технологиялық да­мыту жоспары бе­кітілетін болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.