Әлемдік тәжірибеде туризмнен түскен табыспен ғана күн көріп отырған елдер бар. Оны былай қойғанда, Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемдік жалпы өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 10 пайызын туризм қамтамасыз етеді екен.Әлемдік өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орны да осы саланың үлесіне тиесілі. Сондықтан дамыған елу елдің қатарына енуге талаптанып отырған Қазақстанда туризмді дамытудың маңызы зор. Ал, елімізде, соның ішінде Ақтөбе өңірінде туризмді дамытудың мүмкіндігі мол екендігі Ақтөбе қаласындағы “Мега Ақтөбе” демалыс сауда орталығында өткізілген “ІTFA- 2010. Туризм. Саяхат. Спорт” атты VІІІ халықаралық туристік жәрмеңке барысында айқын аңғарылды.
Бұл – осымен сегізінші рет өткізіліп отырған жәрмеңке. Жыл сайын осындай дәстүрлі туристік жәрмеңкенің Ақтөбеде өткізілуінің де өзіндік мәні бар. Ақтөбе облысы – Батыс Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік және іскерлік орталығы болып табылады. Өңірдің туристік мүмкіндігі мол, жағрапиялық орналасуы қолайлы, сондай-ақ, мұнда Қазақстанның ерекше қорғалатын туризм нысандары тізіміне енгізілген бірегей табиғи ескерткіштер де жеткілікті.
Көрмеге облыс аудандарынан және еліміздің он облысынан 120-дан астам туристік фирмалар, мейрамханалар мен қонақүйлер, көлік және сақтандыру компаниялары, демалыс базалары, туристік және спорттық бұйымдар өткізетін кәсіпорындар, мұражайлар, туристік сала мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары қатысты.
– Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – ішкі туризмді насихаттау, облыстағы демалуға қолайлы орындарды таныстыру. Бұл бағытта өткен жылы облыс бойынша демалыс орындарын зерттеу маркетингі жүргізілді. Облыстың туристік кластерін дамытудың жоспары жасалды. Биыл облыстың бес бағыты бойынша жарнамалық-ақпараттық турлар ұйымдастырсақ па деп отырмыз. Рас, облыста туризмді дамытуда өзекті мәселелер баршылық. Ол туристік салада кадрлардың жетіспеушілігі, барының өзінің іскерлік, біліктілік деңгейінің төмендігі деуге болады. Туристік инфрақұрылымға келсек, ол бар, әрине. Осы көрменің өзі осы туристік кластер аясында өткізіліп отыр, – деді Ақтөбе облысының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожин.
Оның айтуынша, туризм саласын қаржыландыру әлі де өз деңгейінде емес. Салаға инвестиция тарту үшін венчерлік базар ұйымдастыру көзделуде екен. Сондай-ақ, өңірде инвестициялық жоба рыногын жүргізу жоспарланған көрінеді.
Туристік жәрмеңке аясында қолданбалы өнер шеберлерінің “Шеберлер ауылы” республикалық фестивалі ұйымдастырылған екен. Біз осы көрмеге өз бұйымдарын әкелген қолөнер шеберлерімен әңгімелескен едік.
Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан келген Валентина Жақыпбекованың биязы жүннен басқан киізден жасалған бұйымдары көздің жауын алады. Бас және аяқ киімдер, әртүрлі кәдесыйлар да өтімді көрінеді. Көрпе, жастық және ұлттық киімдер тігумен айналысатын ақтөбелік Мәрия Құлмұратова әзірге үйден тапсырыс алып, жұмыс істеп келіпті. Енді өз ісін дамытып, тігін ательесін ашуды ойластырып жүр екен. Түркістан қаласынан келген Қалмырза Тасовтың зергерлік бұйымдары да ұсынақты қолдан шыққанын аңғартады. Білезік, сақина, қаусырма, басқа да күмістен соққан кәде-сыйлар көзі түскенді арбап әкетеді. Зергер қандай бұйым соқса да ұлттық нақышқа баса назар аударатынын жеткізді.
– Бұл жолы біз жарнамалық сипатқа көңіл бөлдік. Көне Көкжарда туристер қызығатындай тарихи орындар жеткілікті. Аудан орталығындағы Көкжар жәрмеңкесі кезінде салынған сауда қатарлары, мешіт үйі, басқа да ғимараттар бар. Барқын құмындағы орманның өзі неге тұрады. Қазір Ойылға қатынайтын жол да жақсарды. Әрине, тап бүгін мұнда туристер ағылады деуге болмас. Дегенмен, осы жолы Ойыл өңірін кеңірек таныстыру мақсатында ақпараттық-жарнамалық кітаптар, буклеттер, бейнетаспалар мен аудиокассеталарды ұсынып отырмыз. Ойылда да туристердің талғамынан шығатын көркем де көрікті жерлер бар екенін алыс-жақындағы ағайынның есіне салып, жарнамалаудың қайтарымы кейінірек болады деп ойлаймыз, – дейді Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы мұражайының директоры Балқия Рысбаева.
Фестиваль аясында “Ішкі және сыртқы туризмді дамытудың проблемалары мен болашағы”, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізінің Ақтөбе учаскесінде жол бойындағы сервистік қызметті дамыту мәселелері”, “Қонақ үй және мейрамхана бизнесі”, “Қолөнер және кәсіпшілік. Ізденіс, проблемалар және оны шешу жолдары” деген тақырыптарда дөңгелек үстелдер өткізілді. Оларда туризмді дамыту жан-жақты талқыланды. Экспонаттар арасында “Үздік көрмелік экспозиция”, “Үздік қызмет тұсаукесері”, “Үздік жарнама пакеті”, “Үздік қолөнер шебері” номинациялары бойынша конкурстар өткізілді. Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Туристік жәрмеңкеге қатысушылар ынтымақтастық келісім-шарттарын жасасып, меморандумдарға қол қойды. Сөйтіп, туризмді дамытуға тағы бір қадам жасалып, туризм индустриясын қалыптастырудың басым бағыттары айқындалды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.