28 Тамыз, 2015

«Астана» футбол клубына құттықтау жолдады

275 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
27-08-2015-Чемпиондар лигасы сурет 01 Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» футбол клубының УЕФА чемпиондар лигасы топтық кезеңіне өтуіне байланысты құттықтау жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Бұл бір шын мәнінде де Қазақстан футболы үшін нағыз ақ түйенің қарны жарылған ақ­жарылқап күн болды. Бұрнағы күні түнде Кипр­дің орталығы – Никосияда жергілікті АПОЭЛ клубымен Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңі плей-офф ойындарының қа­рымта кездесуін өткізген «Астана» коман­дасы 1:1 есебімен тең түсіп, екі матчтың қо­ры­­тындысы бойынша құрлықтағы ең беделді кубок жарыстарының топтық ке­зеңіне жолдама алды. Бұған біздің жерлес­теріміздің соңғы ойынды тең аяқтай білу­лерімен бірге, бұдан бір апта бұрын аталған қарсыласын өз алаңында 1:0 етіп жеңіп келгені жол ашып берді. Сөйтіп, «Астана» футбол клубы өзінің қысқа тарихында ғана емес, жалпы Қазақ­стан командалары арасында бірінші болып Еу­ропа кубоктарының топтық кезеңінде ойнай­тын алғашқы жасақ атанды. Команданы осынау орасан зор табысымен Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың өзі арнайы құттық­тады. Шын жүректен айтылған және лайық­ты оқиғаға байланысты жеткізілген сол құт­тықтауға біз де қосыламыз. Қазір астаналықтардың осы жа­уапты ойында айбындары асып түсетінін іштей білдік десек, бәлки, мұнымыз болары болып қойғаннан кейін айтыла салған арзанқолдау сәуегейлік болып көрінер, бірақ, шынында да, неге екені белгісіз, ойынды онлайн-желіден көріп отырған кезімізде оның қорытындысы өзіміз үшін қолайлы болатынына деген бір сенім бойымыздан үйірі­ліп шықпай қойып еді. Тіпті, екінші таймның бел ортасына қарай алаң иелері күтпеген жерден керемет гол соғып кетіп, біздің қақпаның бағанын қақыратып өткенде де сол сезімнен ажырай қоймағанбыз. Бұған, шамасы, алаңдағы уақыттарының басым бөлігін қорғаныста өткізгендерімен, жігіт­теріміздің жеме-жемге келгенде, қарға бойлы қарсыластарынан төмен түсе қоймағандары, ара-тұра жасаған қарсы жорықтары көп жағдайда қауіптірек болып шығып жатқандары әсер етсе керек. Не дегенде де, астаналықтардың сырт алаңдағы бұл ойынынан көңілге күдік ала қоятындай еште­ңе таппағанбыз. Керек десеңіз, мұның өзі олардың өзіндік бір тактикалық ойын жүйесі іспетті болып көрінген. Олай дейтініміз, мұның алдында Астанада өткен бірінші кездесуде де біздің жігіт­тер керекті кезінде ғана қауырт шабуылдарға көшіп, қал­ған уақыттың көбінде допты қарсыластарына беріп қойған болатын. «Астана» өзінің осы ойын өрнегінен тіпті бірінші айналымда-ақ әдемі нәтиже шығаруға шақ қалған. Бұдан бұрын финнің ХИК командасымен өткен матчта алыс­тан өте әдемі гол соғып, көрермен қауымның көзайымына айналған Дмитрий Шомко мұнда да сол ерлігін қайталай сала жаздады. Алайда, бұл жолы өткендегідей әуелетіп емес, белдеу бойлатып ұрған оның добын кипрліктер қақпашысы Бой Ватерман соңғы мезетте қайтарып үлгеріп, дарбазасын дабылдап келген голдан сақтап қалды. Мұның жанында ойынның өне бойында біздің жаққа қарай жанұшыра ұмтылумен болған АПОЭЛ футболшыларының мүлттері аса бір көп бола қоймаған сияқты. Олар мұндай мәуріттердің бір-екеуін матчтың екінші таймында жіберіп алғаны болмаса, тұтастай алғанда, тапап тастайтындай артықшылыққа қол жеткізе алған жоқ. Бұл, әрине, ойын барысында бәсекелестерінің алыс-жақыннан ұрған, бұрыштамадан жіберген доптарын әлсін-әлсін қағып алып, қауіптің бетін сол бойда қайтарып тұрған қақпашымыз Ненад Эричтің ерлікке пара-пар еңбегін әсте жоққа шығару емес. Кездесуде сондай-ақ астаналықтар сапынан соғылған голдың ұйым­дастырушысы Бауыржан Жолшиев пен оның берген пасын ашық қақпаға сүңгіте салған Неманья Максимович, сондай-ақ жоғарыда айтылған Дмитрий Шомко мен Георгий Жуков өздерін өте жақсы қырларынан танытты. Біздің жігіттер тіпті матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалған кезде, дәлірегі, төрешінің қосқан уақытының ең ақырғы сәттерінде кипрліктердің қақпа­сына тағы бір гол соғып, жеңіп те кете жаздады. Матчтың өзде­рі үшін ұтылысқа бет алдырып бара жатқанын білген алаң иелері соңғы минуттарда жүдә ва-банкке барғандай қалып танытып, алға тайлы-таяғы қалмай, түгел ұмтылған. Сондай кездер­де астаналықтар кемінде үш рет өте жақсы қарсы шабуыл ұйымдастыра білді. Бұлардың соңғысы соның алдында алаңға шыққан Алексей Щеткиннің орашолақтығы арқа­сында ғана нақты голға айналмай қалғандай көрінді. Кипрліктер қақпасы ма­ңына жақын жерде доп алған ол мұны алдыңғы жақта жалғыз қорғаушының жанында жүрген үш командаласының біріне тез асыра қойғанда, бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін! Дегенмен, қанағат! Біз үшін осының өзі жеңіс. «Астана» осылай сырт алаңда жеңіске бергісіз тең ойынға қол жеткізді. Алаңдағы Лондоннан шақырылған арбитр Мартин Аткинсон матчтың соңғы ысқырығын берген кезде, осының бәрі біздің жүрегімізге қуаныш болып құйылды, шаттық болып тасыды. Бұл расында да нағыз үлкен жеңіс еді. Қазақ футболы осылай жыл санап бір қадам болса, алға аттап, біртіндеп ілгері жылжып келеді. Былтыр Қарағанды «Шахтерінің» Чемпиондар лигасы іріктеу турни­рінде жақсы өнер көрсетіп, осындай плей-офф кезеңінде екі ойынның қорытындысымен Шотландияның «Селтигіне» жол беріп алғанының өзін едәуір жетістік санағанбыз. Кеше түнде Чемпиондар ли­гасының топтық кезеңіне шыққан 32 команданың арасында жеребе тастау рәсімі болып өтті. Ол «Астананың» енді кімдермен ойнайтынын анықтап береді. Бұған қосатынымыз, 15-16 қыркүйекте ойындары басталатын бұл кезең 8-9 желтоқсанда аяқталады. Соған дейін командалар 6 турдың кездесулерін өткізіп, өз тобындағы қарсыластарымен екі реттен ойнап үлгереді. Біз астаналықтарға турнирдің бұл тұсында да сәтті ойнауды тілейміз. Сосынғы айтарымыз: кеше түнде Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан Алматының «Қайраты» өз алаңында француз­дың «Бордосын» қабылдады. Қа­рымта матч ретінде ойналған бұл кездесуде қайраттықтар қар­сыластарын екі доп айырымымен ұтса, топтық кезеңге шығады. Командалардың бұдан бір апта бұрын Бордода өткен ойынында алаң иелері 1:0 етіп ұтқан еді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».