28 Тамыз, 2015

Әлеуметтік міндеттерді орындауға мемлекеттің әлеуеті жетеді

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
светаҚазіргі кезде сәт сайын әлпеті өзгеріп, сан құбылған әлемдегі елдердің бәріне де жеңіл болып отырған жоқ. Әрқайсысының өзіне тән қиындықтары бар. Тіпті, дамыған мемлекеттердің өзі әлемдік экономикалық дағдарыстың тығырығынан шығар жолды таппай абдырап тұр деуге болады. Осы жаһандық қиындықтар біздің елді де айналып өтпесі анық еді. Дәтке қуат етеріміз, бұл қиындықтарды еңсеруге біздің ел қауқарлы әрі қабілетті. Оның анық дәлелі, дәл қазіргі жағдайда ел алдында алған әлеуметтік міндеттемелерін толық және мүлтіксіз орындауға мемлекетіміздің әлеуеті жетіп-артылады. Дағдарыстың долы екпіні келіп соққанда, абдырау былай тұрсын, теңгені еркін айналымға шығара отырып, нарықтағы бағаны тұрақтандыруда нақты шаралары жасалды. Нәтижесінде бірінші тәулікте долларға шаққандағы бағамы 257-258 теңгеге дейін көтерілген ұлттық валютамыз келесі күні қайта қалпына келе бастады. Осыған қарап-ақ елдің абыржуына негіз жоқ деп білемін. Бұған қоса, Мемлекет басшысының берген нақты тапсырмаларына орай еркін айналымдағы теңгенің нарықта тиімді тұсқа тұрақтауы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Енді мемлекеттің әлеуметтік міндеттеріне толығырақ тоқталар болсам, Мемлекет басшысы бұл тұрғыда бірқатар тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде, барша әлеуметтік және зейнетақылық төлемдер мен жәрдемақылар ай сайын уақтылы төленіп келеді. Бүгінде осы төлемдерді дер кезінде әрі толық аудару бойынша проблемалар мүлде туындап отырған жоқ. Мұнымен бірге, 2016 жылы да мемлекеттің барлық міндеттемелері орындалатынына кепілдік мол. Бүгінгі күнде әлеуметтік бағдарламаларға қарастырылған 1 трлн. 120 млрд. теңге қаржыны игеру жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Біздің министрлік жергілікті атқару органдарымен және Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына қатысты күн сайын мониторингтер жүргізуде. Аталған жұмыстар екі заңнамалық актімен реттеледі. Тағы бір айтып өтерлік жағдай, жергілікті атқару органдары деңгейінде тұрақтандыру қорлары жұмыс істеп жатыр. Бұл дегеніміз, егер әлеуметтік маңызы бар өнімдерге баға өсіп кететін болса, қымбатшылықтың алдын алып, жағдайды тұрақтандыру үшін аталған қорлар тиісті іс-қимылдарды жүзеге асырып, бағаның көтерілуіне жол бермейді. Дәл осы кезде біздің мамандардың тиянақты жүргізіп отырған мониторингіне жүгінсек, бүгінде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдері бағасының күрт өсуі байқалып отырған жоқ. Оған қоса, бұл жағдайға қатысты проблемалар туындағаны жөнінде де ақпарат түскен емес. Осыған қарағанда, еліміздің жаңа экономикалық саясатын саудадағы кәсіпкерлер мен ел тұрғындары жақсы ұққан ба деген сенім ұялайды. Еліміздің экономикалық дамуы­мен жақсы таныс көптеген сарапшылар қазіргі жағдайда теңгенің еркін айналымға жіберілгеніне дұрыс бағасын бере отырып, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерді орындаудағы іс-әрекетін құптайтындарын білдіруде. Мұның сыртында, Мемлекет басшысы ел Үкіметіне алдағы жылдың басынан бастап, халықтың әлсіз жіктеріне әлеуметтік төлемдерді 25 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл міндет те толықтай орындалады. Себебі, теңгенің еркін айналымдағы бағамы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға еш әсерін тигізе алмайды. Сондықтан, жоспарланғандай 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық негізгі төлемдер 25 пайызға өседі. Бұдан көретініміз, жаңа ақша-кредит саясатына көшкен Қазақстан дағдарысқа бой алдырмай, әлеуметтік бағдарламаларын толыққанды іске асыруға қабілетті әрі қауқарлы екені. Егер мемлекет осылайша әлеуметтік міндеттемелерді орындаумен қатар, елдің әлеуетін көтеруді жалғастыра берсе, бұл өз кезегінде қоғамдық тұрақтылықтың берік негізін құрайды. Нәтижесінде, жаңа экономикалық саясаттың арқасында дағдарысты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына қайта түсеріміз кәдік. Осындай қысыл-таяң кезеңде тағдыры қиындыққа ұрынған азаматтарымызды да естен шығарып алмауға тиіспіз. Мәселен, абақтыда отырған немесе одан босап шыққандар да мемлекетіміздің қамқорлығында. Биылғы бірінші жартыжылдықта бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар негізінен инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа тұрды. Нақты сандарға жүгінсек 891 азаматтың 750-і дамыту бағдарламасымен, ал 141-і «Жұмыспен қамту-2020» бойынша жұмысқа орналасты. Бұлармен қатар қазіргі таңда Үкімет «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша шағын және орта бизнесті әрі қарай дамытуға басты назар аударып отыр. Сөйтіп, халықтың басым бөлігін өзін өзі жұмыспен қамту шарасына тартып, теңгенің тұрақтылығын тағы да нығайта түспек. Осынау маңызды шаралар жүзеге асса, жаңа ақша-кредит саясаты өз жемісін беретіні анық. Светлана ЖАҚЫПОВА, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі.