28 Тамыз, 2015

Тығырыққа тірелген тірлік

286 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бразилиядағы шиеленіс ушығып барады Бразилия экономикасы бұрын-соңды болып көрмеген терең дағдарысқа тірелді. Ел экономикасын құрсауға алған бірнеше басты проблема бар. Атап айтқанда, федералдық қор жүйесінің ставкаларды арттыруы, Бразилияның ең үлкен сауда серіктесі Қытай тарапынан сұраныстың азаюы және шикізат бағасының ең төменгі деңгейге құлдырауы бұл елдің тынысын тарылтып жіберді. [caption id="attachment_74377" align="aligncenter" width="541"]BRAZIL-ROUSSEFF/POLL BRAZIL-ROUSSEFF/POLL[/caption] «Жығылғанға жұдырық» дегендей, экономикалық дағдарыстың тереңдеуіне ел ішінде белең алған саяси шиеленісте кері әсерін тигізуде. Ел президенті Дилма Русефке жемқорлық қылмысқа барды деген ауыр айып тағылды. Қарсыластарының айтуы бойынша, Дилма Русеф президент болғанға дейін 7 жыл Petrobras компаниясын басқарған екен. Міне, нақ осы кезеңде ол сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан көрінеді. Төзімі таусылған Бразилия халқы көшеге шығып, президенттің отставкаға кетуін талап етуде. Соңғы айларда бұл елдің экономикасы қатты тұралады. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында инфляция деңгейі күрт көтеріліп кетті. Қазір бұл елде дағдарыстың ең ауыр түрі – стагфляция белең алуда. Халықтың төзімін тауысып, көшеге шығуға мәжбүр еткен ауыртпалық – соңғы уақытта елде күрт көбейіп кеткен жұмыссыздық болып отыр. Жұмыссыздықтың артуы биылғы жылдың 7 айы бойы жалғасты. Қазір бұл кесел Бразилияда соңғы 5 жыл ішінде болмаған деңгейге көтеріліп отыр. Сарапшылардың пікірінше, биылғы жылы Бразилияда ешқандай жаңа жұмыс орны ашылған жоқ. Керісінше, қолда бар жұмыс орындары қысқартылуда. 2015 жылдың өткен мерзімінде 2014 жылмен салыстырғанда, 547,7 мың жұмыс орны қысқартылған. Табысы тамағына жетпей отырған жұрттың сұраныс қабілеті күрт төмендеді. Міне, осы келеңсіздіктердің бәрі елдегі экономикалық-әлеуметтік ахуалдың шиеленісуіне әкеп соқты. Bank of America Merill Lynch сарапшыларының пікірінше, жұртшылықтың билікке деген наразылығы барған сайын артып, елде терең дағдарыстар орын алмақ. Босқындар мәселесі: «ғасыр проблемасына» айналды дагдарыс-2Елінен, жерінен айырылып, жаппай еріксіз қоныс ауған босқындар «барар жері, басар тауы» қалмаған соң, Еуропаның аяқтары іліккен жерлерінде тұрып қалуға тырысуда. Бірақ кәрі құрлық тұрғындары «шақырусыз қонақтарды» аспен емес, таспен қарсы алды. Германияда босқындарды уақытша қоныстандыруға арналған баспана өртелді, Ұлыбритания Ла-Манш арқылы өтетін пойыздар қозғалысын тежеуде. Италияда босқындар мен полиция арасында қақтығыстар орын алған. Ал Еуроодақ бұл «ғасыр шиеленісінің» шешімін табуда дәрменсіздік танытуда. Ахуал осылай тығырыққа тірелген сайын кәрі құрлық арқылы үдіре ауған босқындар проблемасы шиеленісе түсуде. Күні кеше Германияның Унтервайсс қаласында тағы да босқындар паналайтын ғимарат өртелді. Милан қаласында босқындар мен полиция арасында үлкен төбелес орын алды. Бұл оқиғалар бірең-сараң емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кең ауқымда көрініс тауып отырған заңсыз мигранттар тасқыны Еуропаны титықтатып отыр. Тынышы кеткен кәрі құрлық тұрғындары тағдыр тәлкегімен бас сауғалаған босқындарға жауша шабуылдауда. Мәселен, Германияның Хайденау қаласында орын алған босқындар проблемасына қарсы ереуіл соңы тұрғындар мен полиция арасындағы үлкен жанжалға ұласты. Соның салдарынан ондаған адам жарақат алып, жүздеген адам түрмеге қамалды. «Мен мигранттарға қарсы бағытталған қандай да болмасын зорлық-зомбылыққа қарсымын. Біздің елімізде ксенофобияға жол жоқ. Босқындар проблемасын шешу үшін біз Грекия және Италияда босқындарды тіркеу орталықтарын салуымыз керек. Өйткені, бұл босқындардың Еуропаға ең бірінші қадам басатын орындары», – деп мәлімдеді канцлер Ангела Меркель. Ал оқиға шиеленіскен Хайденау қаласына барып қайтқан Германияның вице-канцлері Зигмар Габриэль «Еуропалық одақ Грекия дағдарысы, еуроның құлауы сияқты барлық экономикалық дағдарыстарға қарсы тұра алады. Алайда, қалыптасқан жағдайдан шығудың шұғыл шешімін таппаса, Еуропалық одақ босқындар проблемасынан құлайды. Қазірдің өзінде біздің бірлігімізге жарықшақ түсті», – деп атап көрсетті. Босқындар проблемасының Еуропалық одақ үшін «ғасыр проблемасына» айналғандығын Италия да мойындап отыр. Жақында босқындардың үлкен тобы Милан қаласының шет жағында ереуіл өткізді. Олар жергілікті билік тарапынан босқындарға жасалып отырған жағдайдың ешбір сын көтермейтіндігін ашық мәлімдеді. Олардың басты шарты – босқындарға тиісті құжат беріп, кәрі құрлық елдерінде жұмысқа орналасу мүмкіндігін жасау. Босқындардың бейбіт шеруінің ақыры полициямен қақтығысқа ұласты. Екі жақтан да зардап шеккендер бар. Ұлыбритания өз шекарасын босқындардан қорғап қалудың барлық жағдайын қалт жібермейді. «Біздің еліміздің тұрғындары бір мәселені – шекарамыздағы тұрақтылықты талап етеді. Егер Еуропалық одақ біздің шекарамыздың қауіпсіздігі үшін қажетті шаралардың бәрін жасамайтын болса, біз Еуропалық одақтағы өз еліміздің мүшелігін қарауға мәжбүр боламыз», дейді Британ қазынашылығының канцлері Джордж Осборн. Қалай болғанда да, Еуропа үшін босқындар мәселесі күн тәртібіндегі ең жа­уапты да күрделі проблема болып отыр. Босқындар проблемасының нақты шешім табуы, Еуропалық одақ болашағының кепілі болмақ. Топырақ көшкіні жиіледі дагдарыс-3Индонезияның шығысында орын алған орасан зор лай көшкіні ­салдарынан 8 адам қаза тапқан. Нөсер жаңбыр кесірінен құтқарушылар әлі күнге дейін апат болған аймаққа жете алмай отыр. Индонезия полициясының өкілі Патридж Ренвариннің айтуынша, апат Папуа провинциясындағы Ялимо ауданында орын алған. Апат аймағына жіберілген құтқарушылар ауа райының қолайсыз­ды­ғына байланысты әлі күнге дейін жұмыс жүргізе алмай отыр. Соңғы уақытта Индонезияда лай көшкініне байланыс­ты апаттар жиі орын алуда. Мамандар мұны ешбір бақылаусыз жасалатын орман ағаштарын кеcу шаралары салдарынан бо­лып отырғандығымен түсіндіреді. Индонезияда соңғы жылдары жаппай орман ағаштарын кесу науқаны белең алған. Ағаштан босаған аймақтарда топырақ көшкіні апаттары жиі болады. Мәселен, 2014 жылдың желтоқсан айында Джемблунг қаласында орын алған осындай үлкен апат салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 600 адам баспанасынан айырылған. дагдарыс-4Орман өрті қаулап барады АҚШ-тың Вашингтон штатында орман өрті қаулап барады. Мамандардың айтуынша, мұндай жойқын апат бұл штаттың тарихында болып көрмеген екен. Қазір өрт жалыны 250 мың гектар орман алқабын қамтыған. Әсіресе, өрт орман жиегіндегі елді мекендерге үлкен қауіп төндіруде. Өрт салдарынан 200 құрылыс нысаны жанып кеткен. Бүгінде өрт қаулаған аймақтарда 1500 үй отқа орану қаупінің алдында тұр. Жергілікті билік бұл үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жақтарға шұғыл көшіріп үлгерді. «Біз өрттің бетін қайтару үшін барлық күш-жігерді жұмсаудамыз. Алайда, табиғи апаттың қарқыны қатты. Қосымша тың күш келмесе, біз өз күшімізбен бұл апаттың бетін қайтара алмайтын сияқтымыз», – дейді өрт сөндірушілер бригадасының жетекшісі. Бүгінде қаулаған өрт көрші Орегон штатына да қауіп төндіруде. Сонымен бірге, Американың Монтане, Калифорния және Айдахо штаттарында да орман өрттері орын алған. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».