03 Шілде, 2015

Жамбылда егінге орақ түсті (фото)

1053 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
04 07 - egin 1 ТАРАЗ. 3 шілде. Жұмыс науқанының алғашқы күндері Жамбыл облысында 12 мыңнан астам гектар алқаптың егіні орылып, масақты дақылдың түсімділігі 8,1 центнерді құрады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Облыс шаруаларының басты міндеті -- ел ырысын ысырапсыз жинап алу болып тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейбітбек Жайлыбаевтың айтуына қарағанда, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 557 000 гектарды құрап, өткен жылдың жоспарымен салыстырғанда 12 400 гектарға ұлғайған. Облыс бойынша 237 500 гектар масақты дәнді дақылдар ораққа түседі деп жоспарланып отыр. Оның 103 900 гектары күздік бидай болса, 132 900 гектары жаздық масақты дақылдар. «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген, бүгінде Жамбылда алтын дәннің арқасында дәулетін асырып, асығы алшысынан түсіп отырған шаруашылықтар жетерлік. Биыл осы өңірдегі Жамбыл ауданында 6 мың гектар күздік бидай орылады. Берекелі тірліктерінің арқасында табыстарын еселеп жүрген осы аудандағы «Пионер», «Қызыл диқан», «Эреке», «Амангелді» шаруашылықтарының диқандары науқанды бастап та кетті. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Алланың берген ризығын төкпей-шашпай жинап алу үшін әр ауданнан осы науқанға жауапты комиссия құруды тапсырды. Қалай айтсақ та, биылғы жыл несібесін жерден терген ауыл адамдарына мол берекесін сыйлап-ақ тұр. Лайым, қамбамыз дәнге, даламыз әнге тола берсін! Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz. 04 07 - egin 2

04 07 - egin 3