22 Мамыр, 2015

Жұмыссыздық деңгейі азайып келеді

392 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Агломерациялық аймақтағы Аршалы ауданында жұмыссыздық деңгейі азайып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда жұмыспен қамтылғандардың көрсеткіші 90 пайызды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға артты. Ал биылғы жылдың басынан бері өңірде бірде-бір адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген. Өткен жылы 412 адам жұмысқа орналастыру жөнінде көмек сұрап жүгінген еді, дейді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлзада Жекебаева. Есесіне 415 жаңа жұмыс орнын құра білдік (270-і кәсіпкерлік, 132-сі ауыл шарушылығы саласында). Халықты еңбекпен қамтуда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының рөлі зор. Аталған бағдарлама бойынша барлығы 103 жаңа жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік бағдарламаны дұрыс үйлестіре білудің арқасында жұртшылықты жұмыспен қамту белсенді сипат алуда. Мәселен, бағдарламаның бірінші бағыты бо­йынша 35,3 миллион теңгеге жастар орталығы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екінші бағыты бойынша 19 адам өз кәсібін ашу үшін барлығы 53 миллион теңгенің шағын несиесіне қол жеткізді. Осының нәтижесінде 32 жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын несие алғандардың арасында 3-топтағы мүгедек азамат бар екен. Ал үшінші бағыт бойынша 46 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 24 адам жастар тәжірибесінен өтті. Сондай-ақ, 7 адам қайта даярлықтан өтіп, 3 адам кәсіби білімін шыңдаған. Қазіргі таңда ауданда 214 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың барлығымен ұжымдық келісімшарт жасалған. Бақберген АМАЛБЕК,  «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Аршалы ауданы.