Ақтөбе қаласында өткен бас жүлдесі 1 миллион теңгені құрайтын бұл байқауға жуырда шаңырақ көтергелі отырған бес жұп қатысты. Қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған ерекше байқау Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орайластырылып өткізілді.
Байқаудың мақсаты жастарды отансүйгіштікке, отбасылық ынтымаққа, бірлікке тәрбиелеу болып табылады. Шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Шаңырақ центр» той ұйымдастыру орталығының бас директоры Әйгерім Галькиева бұл бастаманың ақтөбелік қыз-жігіттердің қоғамдық іс-шараларға белсендірек қатысуына ықпал ететінін айтады. Байқауға отбасылық өмірге қадам басып отырған жұптар Ерлан Қалдыбеков пен Альбина Ибраимханова, Абылай Наурызбаев пен Әйгерім Ұлмағанбетова, Махаббат Амирин мен Гүлнұр Жұмағалиева, Қуандық Төребеков пен Алина Ғабдуалиева, Талғат Саленов пен Ахман Бисенбаева қатысты. Сайыс екі жастың қалай танысқаны туралы баяндайтын «Love story» бейнебаянды тамашалаудан басталды. Байқау шарттары бойынша қалыңдықтар мен күйеу жігіттер тамақ дайындаудан шеберліктерін көрсетті. Сайыстың «Маған тұрмысқа шықшы?» деп аталатын ақырғы шартында жігіттер қыздарға жүрекжарды ұсыныстарын жасап, жүзіктерін ұсынды. Қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева бастаған қазылар алқасы басты сыйлықтың иелерін анықтап, қалғандарын да бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Байқаудың 1 миллион теңгелік бас жүлдесін Талғат пен Ахман иеленді. Түркияға екі кісілік тегін жолдама Махаббат пен Гүлнұрға бұйырды. Ал «Shanti Spa» сауықтыру орталығына баруға мүмкіндік беретін 55 мың теңгелік сертификатты Қуандық пен Алина иеленсе, «Ассорти» мейрамханасында кешкі ас ішуге мүмкіндік беретін 30 мың теңгенің сертификатын Ерлан мен Альбина алды. Абылай мен Әйгерімге «Love story» бейнебаянын тегін түсіру сертификаты табыс етіліп, суреттері «Ваша свадьба» журналында жарияланатын болды. Мерекелік кешті қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева Қазақстан бойынша мұндай күйеу жігіттер мен қалыңдықтардың жарысы әлі өтпегендігін, бұл байқаудың болашақта дәстүрлі түрде өткізілетін жеткізді. Байқауға «Светлана» туристік фирмасы, жастарға арналған ақпаратты-жарнамалық «Ваша свадьба» журналы, «Мега Ақтөбе» сауда ойын-сауық орталығы демеушілік қолдау көрсетті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТӨБЕ.