28 Тамыз, 2015

«Жеті Жарғы» жалғасы

554 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылҰлттық музейде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сынды биылғы жылдың атаулы даталары аясында бірнеше шара өткізілді. Оның алғашқысы: «Кон­сти­туция – қазақстандық қоғамның негізі» тақырыбында әңгіме өрбі­ген дөңгелек үстел отырысы болса, екіншісі – қазақ құқығының тарихына қатысты көрме еді. Дөңгелек үстелге жиылған ғалым­дар мен құқықтанушылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік ор­ган­дардың өкілдері Қазақстан Республикасында Конституцияның қалыптасуы және дамуы мәселе­лерін кеңінен ой таразысына салып, өткен тарих пен бүгінді көктей шолып, Конституцияның мемлекеттің негізі, азаматтардың құқықтарының кепілі болып отырғанына тоқталды. Отырыстың модераторлық тізгінін ұстаған Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жәкен Таймағамбетов өз сөзінде: «Орта ғасырларда Еуропаның кейбір мемлекеттерінің іргесі қаланбай жатқан кезде бізде заңдар болған. Ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген сөз бар. Осы хандардың ізін жалғастырушы Тәуке ханның «Же­ті Жарғысын» білмейтін қазақ жоқ. Қазақ хандарының заңдарында абақтыға қамау, өлім жазасына кесу деген ұғымдар болмаған. Ол заңдар көшпелі халықтың барлық салт-санасын ескере отырып жазылған. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған соң жазылған Ата Заңда тіл, ұлт, диаспора ұғымдары ерекше атап өтілген. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, Конституцияда барлығы жан-жақты ескерілген. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп тұрады. Бұл – заман талабы», – деп түйіп тұрып ой айтса, Конституциялық Кеңестің мүшесі Аманжол Нұрмағамбетов 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясына 1998, 2007, 2011 жылдары Ата Заңымызға енгізілген өзгерістерге ерекше назар аударды. Білімі мен білігі астасып жат­қан Аманжол Нұрмағамбетов әрі қарайғы ойын былайша өрбітті. «Конституционализмнің тамыры тым тереңде жатыр. Ол бү­гінгі күнге түрленіп, жаңғырып жетті. Біз ертеректегі құқықтық актілердің барлығын білеміз дей алмаймыз. Өкінішке қарай, олар­дың бізге толық мәтіні жеткен жоқ. Алайда, сол жеткен үзік­тері­мен-ақ олардың идеялары мен ұстанымдары қандай бол­ғанынан хабардармыз. Біз екі ғасырдан астам уа­қыт Ресей империясының қол ас­тында болдық. Осы уақыт аралығында олар қазақтардың әкімшілік бас­қаруындағы құ­қығын Ресейдің заңдарымен жү­йелеп отырғанымен өзге адами қатынастарда, мәселен, жесір дауы, құн өтеу, т.с.с. ежелден келе жат­қан дәстүрлі заңдылықтарын еш өзгерте алған жоқ», – дей келе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өтпелі кезеңде қабылданған Конституцияның кемшін тұс­тарын да әңгімелеп, ал қазіргі Ата Заңымыздың тәуелсіз елдің темірқазығына айналып отырғанына тоқталып, ол біздің құқықтарымыз бен бостандығымызға кепіл болады. Дөңгелек үстелде өз ойларымен ортақтасушылар Кон­с­ти­­туциямыздың 20 жыл ішінде жаңа Қазақстанның толайым табыстарының сенімді кепіліне айналғанын, ұтымды құқықтық жүйенің арқасында экономикалық өсім мен қоғамдық игілікке қол жеткізілгенін, тыныштық пен тұрақтылықтың қамтамасыз етіл­геніне баса мән берді. Ата Заңның өзекті қағидаларының негізінде маңызды өзгерістер жүзеге асырылып, бүгінде эконо­микалық және саяси тұрақтылығымен, қазақ даласын мекендейтін сан этнос өкілдері арасындағы келісімімен және олардың біртұтастығымен, жаңа биіктер мен табыстарға деген ұмтылысымызбен ерекшеленетін елге айналдық деген пікірлерін жиналған қауымның назарына ұсынған. Екінші шара – еліміздегі конс­титуционализм тарихының тамыры ғасырлар қойнауына кететінін және оның 1465 жылы құрылған Қазақ хандығымен тығыз байланыстылығын музей жәдігерлерімен баяндаған, қазақ құқығының тарихына қатысты көрмеде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар топтамаларынан бастау алған қазақ құқығының негізгі кезеңдерінің айшықты көрсетілуімен көз тартты. Көрмені тамашалаушылар Қазақстанның қазіргі консти­туциялық заңының алғашқы ережелері 1917 жылы 13 шілдеде І Жалпы қазақ съезінде жарияланған Алаш автономиясының ІІ съезінің қаулысымен тұжырымдалғанымен, (1917 ж. желтоқсан), одан бергі тарихта Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы мен Қазақ КСР-нің 1937 және 1978 жылғы Конституциялары және Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылғы Конституцияларының негізгі ережелерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Экспозицияға хандық биліктің нышандарымен бірге 1937, 1978, 1993, 1995 жылдардағы Конс­титуциялар және өзге де қызықты экспонаттар қойылыпты. Екі шараға қатысушылардың қай-қайсысы да Ата Заң 20 жыл ішінде жаңа Қазақстанның толайым табыстарының сенімді кепіліне айналды, Конституция ұлттық құқық жүйесін дамытудың құқықтық қайнары болумен қатар, қоғамдық қатынастарға тікелей ықпал етіп, мемлекетке, қоғамға және әрбір азаматқа қызмет етуін жалғастыруда, тәуелсіздігіміз баян­ды болып, ұрпағымыз азаттық рухына суарылып жетілсін деген оймен тарасты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».