28 Тамыз, 2015

Жылдар жемісі

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Логотип 550 жылҚазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленетін үстіміздегі жылда жарық көріп жатқан түрлі баспа өнімдері қатарына тағы бір кітап қосылды. Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты жұмысы жарыққа шықты. (Қойшыбаев Б. Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас: тарихи очерк. – Алматы: Рух БГ, 2015. – 136 б.). Аталмыш тарихи очеркте қазақ мемлекеттігінің хандық түрінде құрылуы, дамуы, сыртқы жаулардан қорғануы, одақтас іздеуі, біртіндеп тәуелсіздігінен айырылуы, отарлануы және қайта жаңғыруы жайында жаңаша әңгімеленіп, алға тосын пайымдар тартылады.  қаз-мем-тарих-көзқарас-кітап2Ғасырлар бойы тарих бет­теріне түрлі атаумен із қалдырып келе жатқан мемлекеттілігін қазақ халқы XV ғасырдың ортасынан өте бергенде өз есімімен аталатын дербес хандық мәртебесіндегі жаңа сапаға ауыстырды. Сөйтіп, жаңаша рәсімделген, өз атымен айшықталған мемлекетін тарих сахнасына шығарды. Оқырман назарына ұсынылып отырған осынау кітапта сол үдеріс әңгі­меленіп, Қазақ Ордасы тарихына танымды шолу жасалады. Хандықтың негізі қаланған, іргесі кеңейтілген, көршілер душар еткен басқыншылық соғыстардан қорғанған кезеңдері жайында әңгімеленеді. Әр кезгі тарихи ахуал, елдегі ішкі қайшылықтар, басқарушы элитаның ел мүд­десін көздеген іс-әрекеттері, сондай-ақ мемлекеттік көзқарас тұрғысынан өрісі тар қадамдарға баруы және оларының тұтастыққа, бірлікке тигізген теріс  әсері, соның салдарынан тәуелсіздікті жоғалту, жер-судың, елдің отарлануы, ақыры, азаттыққа, шынайы тәуелсіздікке қол жеткізген тар жол, тайғақ кешуден өту жайында сөз болады. Ел тарихын жазуда еуро­центристік көне бағдардан бас тартып, жаңа әдістемемен қару­ланудың өзіндік бір тә­жірибесі осынау «Қазақ мем­лекеті тарихына көзқарас» кітабында жасалған. Аталмыш тарихи очерк тарихшыларға, зерттеушілерге, Отан тарихын сүйетін барша жұртшылыққа жаңаша пайым­далған түрлі тағылымды ақпарат ұсынуымен құнды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ.