22 Мамыр, 2015

Конституция қағидаттары мүлтіксіз орындалуы тиіс

1379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжілісте Парламент Мәжілісінің, Конституциялық Кеңестің, Қазақстан Заңгерлер одағының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы заңнамасында Конституция ережелерін іске асырудың өзекті бағыттары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараны Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев жүргізсе, ол палата Спикері Қабиболла Жақыповтың кіріспе сөзімен ашылды. Мәжіліс Төрағасы осыдан 20 жыл бұрын қазақстандықтардың жалпыхалықтық референдум жолымен Ата Заңды қабылдағанын, оның жас мемлекетіміз да­муының стратегиялық бағытын айқын­даған саяси-құқықтық құжат болу­мен қатар, қазақстандық аза­мат­тылық пен патриотизмді қалып­тасты­ру­дың негізін қа­лаған маңызды мемлекеттік және қоғамдық құндылыққа айнал­ғанын атап өтті. Қ.Жақыпов осы аса маңызды құ­жатты әзір­леп, қабылдауда Елбасының ерен еңбегі мен тарихи рөліне ай­рық­ша көңіл бөлді.

Мәжіліс Спикерінің пікірінше, Конституция – Қазақстан Прези­ден­тінің бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеудегі, түрлі саладағы түбегейлі реформаларды орындаудағы, демократиялық институттарды дамытып, әлеу­меттік жаңғыртуды жүзеге асы­ру­дағы нық қадамдардың берік тұ­ғыр­намасы. Ата Заңның мазмұны мен маңыздылығына айрықша назар аударған Қ.Жақыпов еліміз­де әрекет ететін барлық құқық­тан Конституцияның жоғары­лығы қағидасының мүлтік­сіз сақталуы керектігін, халық­аралық келісімдер, оның ішінде Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шарт еліміздің Ата Заңының ере­же­леріне қайшы келмейтін шектерде ғана орындалуы тиістігін баса айтты. – Еуразиялық экономикалық одақ орталықтардың бірінде қа­был­данатын мүше елдерге ортақ және біртұтас заңнаманы қалып­тастыруды көздемейді. Кімнің тарапынан болса да Конституцияның ережелеріне оның мазмұны мен мағынасына қайшы келетіндей талдау жасауға жол берілмейді, – деді Мәжіліс Төрағасы. Палата Спикері өз сөзінде елі­міз­дің бас құжатының қағидаттары мен ұстанымдарына сәйкес, қол жеткізілген табыстар мен болашақ мақсаттарды да сөз етті. Әсіресе, Елбасы ұсынған бес институттық ре­формаға баса назар аударып, оны жүзеге асырудың «100 нақты қадам – Ұлт жоспарына» тоқ­талды. Елбасының «Мәңгілік Ел» жо­лындағы стратегиялық тапсыр­маларын сапалы заңнамалық қам­тамасыз ету бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарды атап өтті. Қ. Жақыпов конференция жұ­мысына табыс тілей келе: – Мемлекетімізді одан әрі дамытудың және алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің бірден-бір кепілі, бойтұмарымыз – Конституция. Оның әрбір қағи­дасы, әрбір ережесі ең жоғары заңды күшке ие және мүлтіксіз орын­да­луға тиіс. Мәңгілік солай болсын! – деді. Одан әрі Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова, Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ж.Асанов, Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапар­баев, Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төра­ғасы Е.Әбдіқадыров, Халық­аралық заңгерлер одағы төраға­сы­ның бірінші орынбасары А.Тагиев құттықтау сөз сөйледі. Конференция жұмысы екі сессияны қамтыды. Алғашқы сессия жұмысына Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев төра­ғалық етіп, онда Конституция талап­тарының аясында Қазақстан Республикасында құқық қорғау мен сот жүйелерін және құқық қорғау институттарын дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Аталған мәселе бойынша сөз алған мемлекеттік орган өкілдері Конституция біздің құқықтық мемлекет екенімізді айқындаған ең құнды құжат екенін алға тарта келіп, Ата Заң аясында қолға алынып жатқан шараларға тоқталды, Елбасының қазақстандық конс­титуционализмді кезең-кезеңмен бекітудегі тағдыршешті рөлін, Конституцияның әлеуеті мен заңнаманы жетілдіру мәселелерін, Үкіметтің заң шығару қызметін жетілдірудің өзекті бағыттарын, ішкі істер органдарының құқық қол­дану қызметінің ерек­ше­лік­терін баяндап, адам мен аза­мат­тың құқық­тарын қамтамасыз ету­дің, сот жүйе­сінің қызметін заңна­малық қамта­масыз етуді дамы­тудың басым бағыттарын сөз етті. Ал Мәжіліс Төрағасының орын­басары Дариға Назарбаева жетек­шілік еткен екінші сессия жұ­мы­сында Қазақстан азаматтарының конс­титуциялық құқықтарын қамта­­масыз ету – мемлекеттің әлеу­мет­тік саясатының басты мақ­саты және мәселелері тақырыбы әңгіме өзегіне айналды. Осыған орай, құзырлы орган басшылары баяндама жасап, мемлекеттің әлеуметтік жаңғырту саясатының мақсаты, білімді ұлтты, мемле­кет тұрақтылығының басты факторын қалыптастыру, мәдениет саясатының тұжырымдамасын іске асыру, азаматтардың консти­ту­циялық әлеуметтік құқықтарын іске асыру тетігі, мың жылдық дек­ла­ра­цияда айқындалған әлеумет­тік индикаторлар жүйесін орын­дау мәселелері жан-жақты сөз болды. Конференция жұмысын қоры­тындылай келе, Р.Мұқашев саяси, заңнамалық және идеологиялық салмағы зор бас құжаттың 20 жыл бұрынғы тарихын еске ала отырып, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне тоқталды. Президенттің бастамасымен қолға алынып жатқан әлеуметтік, экономикалық және құқықтық қатынастарды жаңғыртуға бағытталған кең ауқымды реформаларды сөз ете келіп, оларды тиімді жүзеге асыру жолында форумда айтылған ұсыныстар мен пікірлердің өзіндік орны бар екенін, оның барлығы заң шығару кезінде де есепке алынатынын атап өтті.

Асқар Тұрапбайұлы, «Егемен Қазақстан».