22 Мамыр, 2015

Басты мақсаттар орындалуда

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елордада өтіп жатқан VIII Астана экономикалық форумы барысында елімізде БҰҰ тарапынан белгіленген Мыңжылдық дамудың мақсаттарын (МДМ) орындау бағытында көптеген жұмыстар атқарылып, соның нәтижесінде нақты табыстарға мерзімінен бұрын қол жеткізілгені айтылды. Форумда сөз алған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда аталған салада іргелі жобалар жүзеге асырылып, алға қойылған міндеттер өз деңгейінде атқарылғанын және бұл бағыттағы жұмыстар одан ары жүйелі түрде жүргізіле беретінін жеткізді. – Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы белгілеген Мыңжылдық мақсаттардың 8 бағыты бойынша ауқымды жұмыстар атқарып, нәтижесінде ТМД елінің арасында көш бастап келеді. Біз халықаралық рейтингте 144 елдің арасында 43-орында тұрмыз. Кедейшілікті төмендетуде, ана мен бала өлімін азайтуда және білім беру ісінде елімізде қыруар шаруалар заман талабына сай жүйеленді, – деді министр. Ал Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев Мың­жылдық дамудың үшінші мақса­ты, яғни балаларды бас­тауыш білім­мен қамту ісі Қазақстанда мерзі­мі­нен бұрын орындалғанын мәлімдеді. – Еліміз білім саласында белгілі бір мақсатқа қол жеткізді. Мысалы, үшінші мақсат – (МДМ – ред.) көзделген уақытқа жеткізілмей еңсерілді, – деді ол. Сондай-ақ, ол Білім және ғылым министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлескен жобаларды іске асыру үстінде екенін, бүгінгі форумда бұл мәселелерге ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».